Президент Қаңтар оқиғасында тәуелсіздікті қалай сақтап қалды?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басылымына сұхбат беріп, Қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап берді. 

Malim Админ

  • 04.01.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басылымына сұхбат беріп, елдің көкейінде жүрген бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді. Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қайта оралып, егемендікті қалай сақтап қалғанына тоқталды. Еліміз құрдымға кетуге шақ қалған тұста, Президент күндіз-түні жағдайды бақылауға алып, қатерден сақтап қалды. Маңғыстауда  шерулетіп басталған бейбіт митинг соңы қалай өрбігені белгілі...    Қазақстандағы билік транзиті «қағаз» жүзінде ғана ауысқанын сырт көз сарапшылар бұған дейін де мәлімдеген. Қантөгіске ұласқан ереуіл биліктің жоғары эшолонындағы тұрақсыздықты да аңғартқандай болған. Қаңтар оқиғасы елдегі қос билікті жойып,  мемлекетті басқару ісі толықтай Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өткенін көрсетіп берді.  Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, елді бүлікшілерден аман алып қалды деуге болады.   Ұйымдастырушылар тынышталмай, олар ақпаратты бұрмалау және ұғымдарды ауыстыру арқылы мемлекеттің әрекеттерін беделін түсіру науқанын бастады. Қайғылы оқиғалар жеке мақсаттарда қолданылады: Қаңтар оқиғалары алдын-ала дайындалды, мемлекеттік төңкерістің барлық бөлшектері мұқият ойластырылған. Неліктен бұл алдын ала жоспарланған? Президенттің өзі айтқандай, бұл ахуалға қосарланған билік жүйесін орнатуға талпыныс жасаушылар кінәлі. 

Осылайша, қаңтар трагедиясы  жылдар бойы қордаланып келген күрмеулі мәселелердің  бетін ашты.  Қарашаны титықтатқан қымбатшылық, мемлекет байлығының жекелеген олигархтардың уысында болуы, әлеуметтік әділетсіздіктер, азаматтардың құқықтарының аяққа тапталуы, тағысын тағы.  Қазақстанды жаппай шарпыған наразылықтың орын алуының түпкі себептері осы.  Алайда бейбіт митинг басқаша сипат алғаны мәлім. Бір қарағанда тонның ішкі бауындай селбескендер ішінен қой терісін жамылған қасқырлар да шықты.   Айталық, қаңтар оқиғасының қайғылы түрде аяқталуына мемлекетке  опасыздық жасау әрекеттері және жоспарлы түрде ұйымдастырылған қатерлі операция себеп болғаны айпарадай ашылды.  Елдің датын жарияға шығарған бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласуына арандатушылардың араласқаны  да бұл жағдайды тіпті ушықтырғаны белгілі.  Олар қарапайым халыққа түрлі ұрандар тастап, құқық қорғаушылар мен азаматтық мекемелерге залал келтіруге итермеледі.  Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің пікірінше, «шын мәнінде бейбіт шерулер президент жүргізген саяси реформалардың аясында жаңа заңның талабында бар. Дегенмен қаңтар оқиғасы көрсетіп бергендей, бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікпен аяқталды. Бұл мемлекет тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірді».

Билікке талабын айтып, датын білдіргендердің көпшілігі қарапайым азаматтар болғаны рас. Алайда бейбіт шерушілердің арасына мақсатты түрде еніп, бүлік шығарған лаңкестердің әрекеті әп сәтте белгілі болды.  Қара халық пен мұздай қаруланған террористердің арасы жер мен көктей екенін көзі ашық жұрт біледі.  Қасақана жасалған бұзақылық салдарынан қалалар қирап, адам шығыны артып, елге қауіп төнгенде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өз қолына алды.  Елдің ішін алатайдай бүлдірген топтар мен теріс пиғылды күштердің қанқұйлы әрекеттеріне тойтарыс беру үшін бітімгершілік әскерін шақырып, тағдыры қыл үстінде тұрған халықтың көңіліндегі алаңды басты.

Президент көлемді сұхбатында қысылтаяң шақта Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қалай жүгінгенін бүкпесіз жеткізді. Айтуынша, Қазақстан бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады.   Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

«Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды»,-деді ол. 

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан сияқты елдердің біріккен одағы. Бітімгершілік әскерінің Қазақстанға келуі  іргелес елдердің бір-бірін қолдауы, лаңкестерге жасалған маңызды психологиялық шабуыл болды.   Шын мәнінде лаңкестік операциялар, аз уақытта еңсе тіктеген мемлекеттің басына қара бұлт үйіргені рас-ты.  

Елең-алаң шақта Тоқаевтың халыққа үндеу тастағаны елдің үрейін басып, сансыратқан сан сауалға жауап болғандай еді.  

Қазір мемлекетке келген шығындар мен елді дүрліктірген кінәлілерді анықтап, жазаға тарту жұмыстары  жүргізілуде. Дегенмен, бүгінде құқық қорғау орындарының әрекеттеріне қатысты сын-пікірлер де айтылмай жатқан жоқ.  Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде азаматтардың араша сұраған жазбалары да желдей есуде. Сондықтан, Бас прокуратураға әрбір жағдай бойынша тыңғылықты тексеру жұмыстары тапсырылды.  Белгілі адвокат Айман Омарова бастаған Қоғамдық комиссия құрылып, қоғам белсенділерімен бірге арыз-шағымдар тыңдалды. 
Қаңтар қырғыны Қазақстанның жаңаша жолмен жаңғыруын талап етіп отыр. Әлеуметтік теңсіздік мәселесімен күрес, қарулы күштерді нығайту, құқық қорғау құрылымдарының жұмысын реформалау, мемлекеттік шекараға бақылау жұмыстарын күшейту ісі өткір күйде тұр.

Қаңтар сабағы ең алдымен әлеуметтік жағдайды түзеуді қажет етеді.  Әуелі халыққа жағдай жасап, несие ресурстары қолжетімді болуға тиіс.  Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытатын кәсіпкерлер легін қалыптастыру мәселесі өзекті. Жасыратыны жоқ, қазір қойны-қонышын дәулетке толтырған ірі бизнесмендерде жарлы-жақыбайларды қолдауға сараң, мейірімге кедей.  Байлығын қайда жұмсарын білмей жүрген олигархтар салық төлеуге келгенде кежегесі кейін тартатынын статистика деректері растап беріп отыр.  Осы тұрғыда «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Қордың мақсаты біреу – халықтың жыртығын жамап, әлеуметтік осал топтардың сұранысын қанағаттандыру. Қалай болғанда да, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорынан да көп үміт күтеміз. Өйткені бұл қорға салым салатын ірі кәсіпкерлер. Жасыратын несі бар, ақшалы қазақтар өз халқын ұмытқалы қашан. Шынында да қарапайым халық пен байлардың арасы тым алшақтап кетті. Әсіресе ауыл мектептерінде оқитын балалардың басқа елдерде оқу мүмкіндігі шектеулі. Ал техникалық жоғары оқу орындарында оқуға ауыл балаларын тартудың тура жолы осы қор болса керек», - дейді жазушы Мереке Құлкенов. 

Сұхбатында Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетушілерге өзіндік уәжін де айтты. «Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін»,-деді Тоқаев.      

Байланысты жаналықтар

Мұсаев: Трамп КСРО агенті

20.02.2025

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

20.02.2025

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

20.02.2025

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

20.02.2025

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

20.02.2025

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды

20.02.2025
MalimBlocks
Мұсаев: Трамп КСРО агенті

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды