Президенттік жастар кадр резерві – жастарға жол ашатын бірегей жоба
Жоба тамыр-таныстықтың әсері деген нәрсені мүлдем жояды

Ел билігіне мемлекетшіл, рухы биік, іскер жастар келгенде ғана ізгі қоғам еңсе тіктейді. Президент Қ.Тоқаев Қазақстанды алға қарай дамытуға бірегей мүмкіндік алаңын ашып беріп отыр. 2019 жылы кадрлық резервке білікті жастарды іріктеу басталғаны белгілі. Бірегей жобаның орындалу барысы қалай? Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Бибігүл Айназарқызымен сұхбаттасқан едік.
- Жастардың кадрлық резервін жасақтау қандай қажеттіліктен туындаған бастама деп ойлайсыз?
- Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің өркендеуіне үлесімді қоссам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Президентіміз айтпақшы, «бұл перспективалы жастар үшін әлеуметтік лифт және сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастыру, мемлекеттік апппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізу тетігі». Яғни, жастар кадр резерві кадр қажеттілігінен туындаған бастама. Бұл бағдарлама алғашқыда Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында атап өтілді. Сол кезде резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екендігін де айтқан. Неге тек 35 жасқа дейінгі жастар деген сұрақ туындау мүмкін, өйткені жастар жылдам шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына тез икемделе алады. «Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру - агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі», - деп Агенттік төрағасы да атап өткен болатын.
- Президенттік жас кадрлар резервіне іліккісі келетін жастарға тағы қандай талаптар қойылады?
- Талаптар өте жеңіл. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар мынадай. Біріншіден, Қазақстан азаматы болуы керек. Жасы 35-тен аспаған үміткер қаралады. Жоғары білім алған, жалпы жұмыс өтілі 5 жыл болуы шарт. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгеруі тиіс. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді. Бұл тізімге енуге құштар жастарды іріктеуде ешқандай шекаралық шектеу жоқ.
- Демек, ауыл жастары да қатыса алады деген сөз бе? Бұған дейін қанша ауыл жастары өтіп, қандай жауапты қызметтерге тағайындалды?
- Әрине, іріктеуге еліміздің кез келген аймағындағы жастар қатыса алады. Жоғарыда айтып өткен талаптарға сәйкес келетін болса, әрбір азаматтық қатысу құқығы тең, яғни ауыл жастары да жобаға қатысуға ниет білдіріп, бағын сынай алады. Оның үстіне бірінші үш кезең онлайн форматта өтеді, шалғайда тұратын қатысушылар Астанаға келіп әуре болмайды. Оған қоса, қатысуға ниетті азаматтардың талап бойынша 5 жыл еңбек өтілі мемлекеттік қызметте болуы да шарт емес, яғни жалпы қызмет өтілі есепке алынады. Бастысы, аталмыш жыл бойына еңбек еткендігін дәлелдейтін нақты құжаттар болса жеткілікті.
-Үміткерлер тест кезінде қандай сынақтардан өтеді? Және олардан қандай қарым қабылет талап етіледі?
-Жалпы, жоба 6 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – іріктеу кезеңі, ол 2023 жылдың 1-30 қыргүйек арасында жүргізілді. Екінші кезең, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.
Өз кезегінде, тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады. Үшінші –ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі. Үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Төртінші кезең – құзыреттерді бағалау кезеңі. Кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді. Алтыншы, яғни соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды.
- Эссе мен түрлі жобалар ұсынғанда олардың мазмұнына мән беріле ме әлде басқада талаптар қойыла ма?
- Иә, Сіз үшінші кезең туралы айтып отырған боларсыз. Үшінші кезең ол, ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі. Үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Осы жерде толықтырып айтатын болсақ, биылғы іріктеудің ерекшелігі осы, яғни – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар бойынша нақты мақсатты іріктеу өткізу: Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам; Бұл ретте, үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.
- Сарапшы бағалаушылардың кімнің кім екенін біліп, көре алмай отыруы не береді? Тамыр-таныстық арқылы өтіп кету дегеннің жолын кесе ме?
- Резервке қатысушылардың сарапшы кім екенін білмеуі, алдымен, қатысушының жобаға сенімін тудырады. Екіншіден, әрине, таныстың әсері деген нәрсені мүлдем жояды. Сарапшылар қатысушылардың кім екендігін тек сұхбат кезінде ғана біледі. Оған дейінгі барлық кезеңдер аудио-видео фиксациямен өтіп, прокторинг жүйесі арқылы қадағаланады. Агенттік төрағасыда айтып кеткен болатын, Агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Үміткерлер үшінші кезең яғни, әңгімелесуге келген кезде олардан қандай біліктіліктер талап етіледі? Әңгімелесу кезеңінде не ескеріледі? Талабы қалай?
- Атап өткенімдей, үшінші кезең кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.
- Резервтегі жастар бес жыл бойы сонда белігілі бір тағайындауды күтіп жата ма әлде олар ары қарай өз беттерінше жұмыс істей бере ме?
- Негізі резервте болу уақыты бес жылды емес 3 жылды қамтиды. Жалпы, резервке енгізілген адамдар Заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік-әкімшілік лауазымына, «Б» корпусының басшылық лауазымына орналасады. Тиісті бос орын болған жағдайда қызметтерге Жастар кадр резерві бойынша ұлттық комиссия Резервте тұрған кісіні ұсына алады. Тағайындаулар Резервке енгізілген тұлғалдар арасында да, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасында болуы мүмкін. Резервшілер берілген бес жыл мерзім ішінде өз қалаулары бойынша да қызметтер атқара алады. Жалпы, бүгінгі күнге дейін әр түрлі лауазымдар резервшілерге ұсынылып отырады, олардың әлеуетін пайдалану өте өзекті деп айтсам да болады.
- Резервге енгендердің дені шетелде оқыған азаматтар екен. Бұл іріктеу кезінде оларға белгілі бір басымдық берілгенін көрсетпей ме әлде оның себебі басқада ма?
- Бұл жерде, жаңа айтып өткендей ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында, үміткер туралы ақпарат жалпы жабық болады. Яғни оның қайда оқыған, қандай мамандық бойынша эксперттерге немесе прокторларға белгісіз.
Сонымен қатар, іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланады. Барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
- 2021 жылы өткен іріктеу кезінде резервке енген азаматтардың санының күрт кеміп кету себебе неде? Санан көрі сапалы маман таңдау деген ұстаным ба әлде басқа сыры бар ма?
- Жоқ, күрт азаюдың негізгі себебі ол, 2021 және 2023 жылдарғы іріктеуге 50 ғана резервшіні іріктеп алады, бұл дегеніміз мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп айтылған цифр.
-Соңғы іріктеу кезінде яғни 2021 жылы іріктеуден өтіп еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар туралы айтып берсеңіз. Олар кімдер, қандай жауапты қызметтерде жүр?
- Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткені белгілі. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Осы 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санның 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.
Астана қаласы бойынша ақпарат беретін болсам, 2019 және 2021 жылдардағы резервшілердің 15-і Астана қаласы әкімдігіне түрлі қызметтерге орналастырылды. Мысалы Астана қаласының «Нұра» ауданының әкімі Жұмағұлов Жүсір Рахатұлы 2021 жылғы резервші.
- Сұхбатыңызға рахмет!