Қазақстан халық партиясы: саяси шоу жасауды мақсат тұтпадық

Malim Админ

  • 23.11.2020

Жуырда ғана атауын өзгертіп алған Қазақстан халық партиясы бүгін  алдағы парламенттік сайлауға 125 үміткер қатысатынын мәлімдеді.

«Партияның 2021 жылғы 10 қаңтардағы Парламент мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуы туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Есепті кезеңде халықтың қолдауы тұрғысында партия өзінің брендін өзгертті, яғни Қазақстан коммунистік халық партиясынан Қазақстан халық партиясы деп аталды. Біз уақыт талабымен алға қарай ілгерілеуге ниеттіміз және осыны дұрыс қадам деп есептейміз. Осы орайда ел халқы біздің бастамаларды қолдайтынына сенімдіміз», - деді партия төрағасы Айқын Қоңыров.

«Бізді халық қолдайды» деп отырған партияның  хатшысы Жамбыл Ахметбеков  «тізімге кәсіби білікті адамдарды таңдалғанын» айтыпты.

«Саяси шоу жасауды мақсат тұтпадық. Партияның тізіміне кандидаттарды  атқарған еңбегі мен жетістігіне қарап таңдадық. Өз міндетін адал әрі сапалы атқаратын, қиындықтарға төзе білетін жандарды іріктедік»,- депті ол.

Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, таңдалған депутатардың үлес салмағы бойынша партия барлық талаптарға сай. 125 адам таңдалды, оның ішінде ерлердің үлесі 89 адам, яғни 71,2 пайызы, ал әйелдер 36 адам болып,  28,8 пайызды құрады.  Жастардан тоғыз адам енгізіліп, 7,2 пайызды құраған.

Депутаттардың орташа жасы 46 жас.