Қытайдың алпауыт компаниясы Қазақстанмен әріптестікті күшейтпек

Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаны қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесуде энергетика, мұнай-химия өнеркәсібі, автожол құрылысы, минералды сектор, ауыл шаруашылығы және басқа да негізгі салалардағы серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны нығайту перспективасы талқыланды.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау битум зауытын жаңғырту жобасын тиімді іске асырғаны үшін CITIC Group компаниясына алғыс айтты. Сонымен қатар мемлекет басшысы өндіріс орнындағы жұмыстар биыл сәуір айында мерзімінен бұрын аяқталғанын атап өтті.
Президент Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктесі ретінде CITIC Group компаниясының қызметіне жоғары баға беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланысты нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.
Си Гохуа корпорацияның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, мұнай құбырларын тарту, Орталық – Батыс автокөлік жолын жөндеу, астықты терең өңдеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Фото: Ақорда