Тасқыннан зардап шеккендерге «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінуі мүмкін
Президенттің қатысуымен су тасқыны салдарымен күресу мақсатында құрылған республикалық штаб отырыс өтті. Жиынға облыс әкімдері онлайн қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

– Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді, – деді президент.
Жиын барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқыннан зардап шеккендерге мемлекет және жеке компаниялар есебінен қаржылай, материалдық көмек берілуі қажеттігін атап өтті.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді ол.
Президент жауапты министрліктер мен әкімдерге қар суын сақтап, оны ауыл шаруашылығы бағытында пайдалануды үйлестіруді тапсырды. Ал, 2030 жылға дейін Су ресурстарын басқару жүйесін дамытуға арналған тұжырымдамаға көңіл толмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл құжат табиғи апатқа қатысты мәселелерге толық жауап бере алмайды.
Мұнан бөлек, президент су ресурстары бойынша техникалық мамандардың жетіспеушілігін жою үшін үкіметке тапсырма берді.
Фото: Ақорда