Ұжымдық жарақат. Қаңтар қырғынын жасырып-жабу бізді қайда апарады?

Қаңтар оқиғасы - сүйекке түскен таңба! "Ұжымдық жарақат" деген ұғым бар. Бұл сөздің мәнін қазақтың "сүйекке таңба" деген ұғымы аша түседі. Біз Қаңтар ұлттық трагедиясын жасырған сайын, бұл таңба тереңдей бермек... Коллективтік травма қоғамды алға жылжытушы фактор ретінде қызмет атқара ала ма? Яғни, халықты біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыра ма, әлде, қорқып, бұғып қалуға жетелей ме? Әлеуметтанушы сұхбатында түсіндіріп берді.

  • 03.05.2022
Алмаш ТІЛЕСБАЕВА, әлеуметтанушы

Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыс постсоветтік кезеңнен және сол совет билігіне қатыстының бәрінен алшақтап кеткенімізді сезіндірді. Саяси жүйе қанша жерден әр түрлі уәделерді үйіп-төккенмен, қоғамдық өзгерістердің лебі білінді, азаматтардың санасында әлдебір түйсік ояна бастады деуге болады: еркіндіктің, тәуелсіздіктің құнын шындап ұғыну, болған жағдайдың бәріне жеке жауапкершілік сезіну...

Жақында PaperLab зерттеу орталығы «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы азаматтар көзімен: оқиғалар, символдар және қаһармандар» атты зерттеуінің қорытындысын жариялады. Бұл  дәл қаңтар оқиғасы болардан бірнеше апта бұрын ғана жүргізілген зерттеу. Жады (есте сақтау) саясаты деген не, ресми билік тәуелсіздіктің ғажайып жетістіктері жайлы есеп беріп жатқанда азаматтар өз елін қай қырынан таныды және жалпы жады саясатының маңызын зерттеудің қоғам үшін маңызы қандай деген сұрақтар төңірегінде әлеуметтанушы Алмаш Тілесбаевамен сөйлестік.  

- Алмаш, жалпы жады саясаты деген не және ол Қазақстанда қалай жүргізіліп жатыр?

- Жады саясаты туралы айтпас бұрын, жады саясаты бағытының пайда болу шарттары, оның тарихы туралы айтайық. Жады саясаты әлеуметтік жады ұғымымен тығыз байланысты.

Әлеуметтік жады – белгілі бір тарихи оқиғалар туралы қоғам санасындағы бейнелер. Ал, ХХ ғасыр адамзат тарихындағы ірі апаттар ғасырына айналғаны мәлім. Сол оқиғалар куәгерлерінің жадында ғана сақталып қойған жоқ, келесі ұрпақ та сол оқиғалардың ықпалын сезеді, олар туралы белгілі бір естеліктерді қалыптастырады. Ал, жадыдағы бейнелерді қалыптастыру, өзгерту – жады саясатының еншісінде. Ол біз қандай тарихи оқиғаларды есте сақтауымыз керек және қалай сақтауымыз қажет деген мәселелердің аясында қызмет етеді. Әлеуметтік жадымен бірге «мәжбүрлі ұмыту», «мәдени жарақат» ұғымдары қатар жүреді.

ХХ ғасыр қазақ халқы үшін де елеулі тарихи оқиғаларға толы кезең болды. Ұлт-азаттық қозғалыс, Кеңес үкіметінің орнауы, ашаршылық пен қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздікке қол жеткізу. Бұлар тек халыққа белгілісі ғана және үкімет осы оқиғаның әрқайсысына қатысты белгілі бір жады саясатын жүргізеді, яғни, оқиғалар туралы бір сарындағы ақпарат беріледі және насихатталады. Ал, кейбірі туралы, тіптен, үндемейді. Бұл да жады саясатының бір бағыты.

- Тарихи жадыны монополиялаудың механизмдері қандай? Біздің билік элитасы қайсысына көбірек сүйенеді?

- Жады саясаты кешенді құбылыс болғандықтан, бірнеше бағытта жүргізіледі: бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру бағдарламалары, көркем әдебиет пен көркем фильмдер, тіпті өнер, яғни сурет өнері, музыка арқылы және билік «қолындағы» тетіктердің барлығын қолдана отырып, осы бағыттардың барлығын да жан-жақты пайдаланады.

Жалпы, ұжымдық жарақат деген не?  Жарақат – ұжымдық  құбылыс,  мәдени  жарақат  ретінде  ұғынылатын «келеңсіз» оқиғалар  нәтижесінде  қоғам  басынан  өткізетін нәубет. Жарақат  жеке  тұлғаға  келтірілген  зақым емес,  ұжымға  ықпал  ететін құбылыс. Қоғам эпидемия, аштық, нарықтың  құлдырауы, революция, қоғам  іргесін  қалыптастырушы  құндылықтардың құлдырауы сияқты жарақаттарға  ұшырауы  мүмкін. 

Мемлекет әлемдегі саяси жағдайға, сыртқы және ішке факторларға байланысты тарихи оқиғаға қатысты белгілі бір жады саясатын ұстанады да, аталған бағыттарда таңдалған саясатты қоғамдық пікірге таңа бастайды. Өзіне бағынышты салалардағы кез келген материал қатаң цензурадан өтіп қана халыққа жетеді. Осылайша, жадыға монополия орнайды. Ешқандай да балама көзқарастар, қоғамдық пікір, зерттеу нәтижелері қабылданбайды. Тек қана биліктің ұсынған ақпараты.

Қазақстан билігі де осындай сценарийді қолданады. Аза тұту күндері қарсаңында шығарылатын мақалалар, бағдарламалар, ресми телеарналардан берілетін фильмдер, мектеп оқулықтарындағы материал биліктің ұстанып отырған жады саясаты аясындағы мәліметтер.

- Cіз алғашқылардың бірі болып PaperLab зерттеуімен таныстыңыз. Зерттеуден сіз үшін қандай нәрсе жаңалық болды? Бұл зерттеудің, яғни, қоғамның жай-күйін сүзгіден өткізудің маңыздылығы туралы қысқаша айта кетсеңіз.  

- Өткен тарихты саралау – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына ықпал еткен тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды зерттеп, насихаттау ғана емес,  халықтың жадында  «нәубет»  ұғымымен  сипатталатын  «тарих ақтаңдақтарын» да зерделеуге ұмтылыс жасау және оның халық жадындағы бейнесіп анықтау.

PaperLab-тың «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы азаматтар көзқарасымен: оқиғалар, рәміздер және қаһармандар» зерттеуі Тәуелсіздік алғаннан соң өткен 30 жылды саралау үшін өте маңызды, себебі осы уақытта қоғамда қандай өзгерістер болғандығын, халықтың жадында қандай оқиғалар қалғандығын және оларға қандай баға беретіндігін талдау болашақ бағдарды анықтауға жол сілтейді.

Зерттеу қорытындылары зерттеуші ретіндегі күткен нәтижеге сай келді. Дегенмен, ғалымдарға, сарапшыларға, мамандарға қалыпты болып көрінген нәрсенің дәлелденуі және оның құжат беттерінде көрініс табуы – қажет нәрсе. Болашақта бұл зерттеу басқа бастамалардың іргетасына айналады деп сенемін.

Маған ұнағаны Тәуелсіздік әр он жылдығын ұрпақтардың қалай қабылдайтынын салыстыру. Дәл қазіргі таңда қазақстан азаматтары – қатаң тоталитардық жүйені көрген адамдар; жылымық жылдарында қалыптасқан тұлғалар; тек саяси және экономикалық қана емес, сонымен қатар идеологиялық дағдарыстың шырмауында қалғандар мен осының барлығын көрмей, еркін елде дүниеге келген ұрпақ.   

- Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қазақстандықтар өз елін қалай бағалайды екен? Бұл көзқарастар бір біріне қаншалықты жақын немесе алшақ?

- Зерттеу нәтижелері қазақстандық биліктің жады саясатындағы бағдарларды анық көрсетеді. Бұл қазақ және орыс тілді топтар арасындағы пікірлердің кейде сай келмеуінен айқын көрініп отыр. Мысалы, орыс тілділер үшін Қазақстанның тәуелсіздік алуы күрес нәтижесі емес, жағдайлардың тоқайласуы болса, қазақ тілділер үшін қан мен жан құрбан болған ұзақ күрестің жетістігі.

Осылай, ұрпақтар арасындағы қарама-қайшылықты да байқауға болады. Жоспарлы экономиканы жүргізген Кеңес заманындағы «жоспарлы» өмірді аңсайтын, мүмкін жаңа шындықты толық қабылдай алмаған аға буын мен шектеуді мойындамайтын еркін ұрпақ арасындағы келісімнің болмауы. Мысалы, Тәуелсіздікке қолжеткізу мен елбасы рөлі туралы пікірлер қазақ тілді және орыс тілді топтар арасында да, ұрпақтар арасында да ерекшеленеді. Н.Ә.Назарбаев тұлғасына қатысты қазақ тілді топтар біршама оң көзқараста және оның елге сіңірген қызметі туралы негізінен аға буын көбірек айтады. Ал, тәуелсіз елде туғандар мемлекеттің жетістігін бір ғана тұлғамен байланыстыруға болмайтынын, батыл қадамдардың жасалуы қажет екендігі туралы пікір білдірген.    

Дәл қазіргі таңда қазақстан азаматтары – қатаң тоталитардық жүйені көрген адамдар; жылымық жылдарында қалыптасқан тұлғалар; тек саяси және экономикалық қана емес, сонымен қатар идеологиялық дағдарыстың шырмауында қалғандар мен осының барлығын көрмей, еркін елде дүниеге келген ұрпақ.   

- Зерттеуде Жаңаөзен оқиғасына баса мән беріледі. Бұл – өте ауыр ұжымдық жарақат. Қаңтар оқиғасы Жаңаөзеннен де терең жарақат қалдырған қасірет. Осы сияқты өте маңызды тақырыптарды жасырып-жабу, тыйым салу, айналып өту бізді қайда апарады?

- Иә, Шаңырақ пен Жаңаөзен оқиғалары да, Қаңтар оқиғасы да қазақстандықтар үшін ауыр оқиғалар болғаны анық.

Жаңаөзен оқиғасы қазақстандық дамуды тежеген факторлардың көрінісі болғандығы туралы пікірлер бар. Жаңаөзен оқиғасы туралы көбірек айтылады және осы оқиғаға байланысты үш түрлі көзқарасты ұстанатын үш топ бар. Біріншісі, ақпараттың жетіспеушілігі мен жағдайдың түсініксіздігінен оқиғаға баға бермеу. Екіншісі, мұнайшылар ереуілін оппозицияның ұйымдастырғаны, сырттан іріткі салу туралы ресми нұсқаны қолдайтындар. Үшіншісі, биліктің халыққа қарсы қылмысы ретінде сипатталатын пікірлер.

Зерттеу Қаңтар оқиғасына дейін жүргізілгендіктен, халықтың оқиғаға қатысты пікірін біле алмаймыз. Дегенмен, бұл оқиғалар ұжымдық жарақат бола алды ма, жоқ па деген сұраққа жауапты тек арнайы зерттеулер ғана бере алады.

Жалпы, ұжымдық жарақат деген не?  Жарақат – ұжымдық  құбылыс,  мәдени  жарақат  ретінде  ұғынылатын «келеңсіз» оқиғалар  нәтижесінде  қоғам  басынан  өткізетін нәубет. Жарақат  жеке  тұлғаға  келтірілген  зақым емес,  ұжымға  ықпал  ететін құбылыс. Қоғам эпидемия, аштық, нарықтың  құлдырауы, революция, қоғам  іргесін  қалыптастырушы  құндылықтардың құлдырауы сияқты жарақаттарға  ұшырауы  мүмкін. 

Поляк зерттеушісі Петр Штомпканың айтуынша, жарақаттардың ішінде аса қауіптісі – мәдени жарақат және осы мәдени жарақатты қазақ халқы басынан өткерді, бірақ жарақатты емдемеді. Жарақат емделуі үшін ол қоғамдық талқыға салынуы қажет, ашық пікірталас орнауы тиіс, бүкіл қоғам өткен оқиғаны тікелей өзіне қатысы бар жарақат ретінде қабылдауы және жараны емдеудің барлық амалдарын қолдануға дайын болуы шарт.  Ал, ашық пікірталас қай кезде орнайды, қоғаммен қатар билік те мүдделі болған кезде. Осы жерде, есте сақтайтын нәрсе – биліктің реттеуші функциясы, яғни пікір білдірудегі еркіндік пікірлер қақтығысына айналып кетпеуі үшін мемлекет басқару тетіктерін пайдалана отырып, жарақатты оқиғалар туралы жадыны әлеуметтік топтардың мүдделерін ескере отырып қалыптастырады.   

- 1986 жылғы оқиғаны қоса алсақ, Қазақстан халқы 35 жыл ішінде үш рет биліктен таяқ жеді. Өзгерген ештеңе жоқ. Коллективтік травма қоғамды алға жылжытушы фактор ретінде қызмет атқара ала ма? Яғни, халықты біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыра ма, әлде, қорқып, бұғып қалуға жетелей ме?

- Джеффри Александер пікірінше, қоғам өзін ауыр апатты оқиғалардан зардап шеккендер ретінде қабылдаса ғана мәдени жарақат орын алады. Бүгінгі күні қазақстандықтардың биліктің халыққа от атуы орын алған оқиғаларды жарақат ретінде қабылдайтындығын дәлелдейтін зерттеулер, менің білуімше, әлі жүргізілген жоқ.

Егер ұжымдық жадыда жарақатты оқиғалар туралы естеліктер болса және жарақатты «емдеу» шаралары жүргізілмесе, өзін басқалардан кем санау сияқты құбылыстар орын алуы мүмкін. Тағы ол ұрпақтан ұрпаққа беріле отырып, салдары күнделікті өмірден көрініс табуы мүмкін.

Ал, егер тарихи оқиғаны бүтін қоғам жарақат ретінде сезінсе және мемлекет оны еңсерудің іс-шараларын ұйымдастырса, онда мәдени жарақат – қоғамды біріктіруші факторға алмасады. 

- Бір тарихшымен сұхбаттасқанымызда немістер өздерін адамзаттың алдында әлі күнге дейін кінәлі сезінеді деп еді. Мұны ұжымдық жарақат жатқызуға бола ма?

- Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң екінші, тіпті, үшінші ұрпақтағы немістер өздерін фашистік режимнің қылмысы үшін кінәлі сезінгенін көптеген зерттеулер көрсетті. Әрине, бұл ұжымдық жарақат, бірақ немістердің ұжымдық жарақаты үш түрлі позициядан түсіндіріледі: жендет, құрбан және куәгер. Осылайша, неміс қоғамы соғыс пен оның салдарын қайта ұғынудың үш кезеңінен өтті. Біріншісі, соғыстан кейінгі жылдар. Ол кезде соғыс пен нацизм туралы ой толғаудағы негізі мәселе – жауапкершілік. Бұл кезеңде отбасы тарихы айтылмады, отбасында фашистік режим және ондағы сол отбасы мүшесінің рөлі туралы сөз қозғалмады. Мұндай жайтпен келіспеген жастар жадыдағы әртүрлілікті талап етті, яғни фашизм жан-жақты талқылануы тиіс. Екіншісі, тек куәгерлер сөйлеген кезен, яғни екінші ұрпақ «әкелері» жасаған әрекеттерді қайта түсіну барысында нацизм туралы естеліктерді жадыдан ығыстырды, ұмытуға тырысты. Бірақ, ұмыту – мәселенің шешімі емес, бір күні ол қайта еске түседі. Сондықтан, үшінші кезеңде жарақаттың өзі талқыланбайды, жарақатты түсіну талқыланады. Бұл дегеніміз – жарақатты оқиғаның өзіне талдау жасалынбайды, сол оқиғаның бүгінгі күнгі көрінісі мен оның қабылдаудың қоғамға ықпалы туралы қарастыру. Қазіргі неміс зерттеулері осы бағытта жүргізіліп жатыр.  Ұжымдық жарақат алған, соны жеңіп шыққан, қазір бақытты өмір сүріп жатқан елдер бар ма?  - Бақытты өмір сүріп жатқандығын білмеймін, алайда неміс қоғамының жады саясаты ұжымдық жарақатты жеңуде оң нәтижелер көрсетіп отыр.

Өткен тарихы қалдырған ұжымдық жарақатты еңсеруде Германияның, Жапонияның, ОАР-дың, Польшаның, Латын Америкасы мен Балтика жағалауындағы елдердің жады саясаты өте қызық.    

- «Мәңгі жасаған империя жоқ». Жалпы, өз халқына тобыр ретінде қарайтын («аюға намаз үйреткен – таяқ») билікті тоқтататын негізгі күш немесе себеп қандай?

- Халықтың өзі. Өзінің кім екенін білетін халық. Негізгі құндылықтарын ұмытпаған халық. Сауатты халық.

Сұхбаттасқан Ақан СЛАМЖАН

 

Байланысты жаналықтар

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

26.04.2024

Дәурен Абаев қызметінен кетті

25.04.2024

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

25.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024
MalimBlocks
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

Іс-шараға Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысады.

Дәурен Абаев қызметінен кетті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысы Сергей Лебедев Атқару комитетінің ұжымына өзінің жаңа орынбасары – Қазақстан Республикасының өкілі Нұрлан Сейтімовті таныстырды.

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

Заңға қол қойған АҚШ президентінің сөзінше, Украинаға арналған көмек бірнеше сағатта межелі жеріне жөнелтіле бастайды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.