Ядролық қару: Қазақстан СІМ мәлімдеме жасады

Австрияда Қазақстан сыртқы істер министрі мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы бірлескен мәлімдеме жасады.

  • 29.08.2022
Көрнекі сурет / Фото: massaget.kz

Ядролық қару дегенде Қазақстан азаматтарының көз алдына жарымжан адамдар мен Семейдегі алып «саңырауқұлақ» пен жөңкіле қашқан аң-құс пен төрт түлік мал, жасқана қарап тұрған ауыл адамдарының суреті келеді. Әсіресе, 1990 жылдары шала туған балалар мен сиам егіздері, құбыжық тектес адамдар және ұрпақ өрбітуге қауқары жоқ қайғылы адамдардың трагедиялы тағдыры қазақстандықтарға өте таныс жағдай. Бұның бәрі бүкіл әлемдік қарым-қатынас пен саясаттың шиеленісуі салдарынан пайда болған бәріміздің жұмақ үйіміз – қасиетті жер шарына төнген қауіп еді. Бұл жағдайды реттемей бомлайтын, өйткені, жер шарындағы тырбанған тіршілікті жойып жіберуге бар болғаны бірнеше күшті ядролық жарылыс жетіп жатыр. Сондықтан, әлемде бейбітшілікті сақтау қаншалықты маңызды екені түсінікті. Адамзат қару алып қаншама соғысқа кірісті, қаншама тағдыр тәлкек болды, қаншама мемлекет қан жұтты, қаншама ел елдігінен айрылды, құлдыққа түсті. Бірақ, соның бәрі дәл ядролық қару сияқты адамзатұа қауіп төндірген емес.  

Қазақстанда Неведа-Семей қозғалысы құрылып, ақыры, Қазақстан Тәуелсіздік алған соң әлемге әйгілі Семей полигоны жабылған. Бұл процесс те өте ұзақ жүрген. Себебі, қолындағы жойқын қарудан бас тарта салу айтар ауызға оңай болғанмен, оның да артында зор жауапкершілік тұр еді. Жаңа құрылып жатқан жас мемлекет сыртқы жауға сес болатын қаруынан айрылса, оның қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Сол себепті, әлемдік ядролық қаруға қарсы ұйымдар, БҰҰ бастап, бүкіл әлем Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл болып, арнайы құжатқа қол қойған. Мұның әлемдік саясаттағы, Қазақстанның сыртқы қарым-қатынасында да айтарлықтай маңызы болды, себебі, ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде аз уақыт ішінде Қазақстанмен әріптестікте жұмыс істеуге мүдделі елдер тізімі артты.

Қазір Ресей-Украина арасындағы соғыс қызып тұрған кезде атомдық бомбасы бар, ядролық қаруы бар ел ретінде Ресей бұл қаруын қолдана ма, жоқ па деген сұрақ жиі қойылып жатыр. Сол себепті, әлемнің ядролық қарудан бас тартуының маңызы дәл қазіргі уақытта тіпті арта түсті. Осындай кезеңде әу бастан-ақ өзінің бұл жойқын қаруға қатысты айқын көзқарасы бар Қазақстан ядролық қарусыздануға қатысты тағы бір мәлімдеме жасады. Және өзі ғана емес, осыған орай құрылған алып ұйыммен бірлесіп. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Қазақстанмен жайдан жай бірлесе мәлімдеме жасамағаны түсінікті, бұл жағынан Қазақстан әлемге үлгі болар елдердің бірі.

Сонымен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың бұл бірлескен мәлімдемеде не айтылды? Қысқаша шолып көрейік.  

Аустрияның астанасы Вена қаласында өткен кездесуде қол қойылған құжат 8 бөлімнен тұрады. Ең алдымен айта кетерлігі, бұл мәлімдемеге Қазақстан тарапының бастамашы болғаны. Бұл туралы құжаттың бірінші пунктінде жазылған. Онда ЯСЖТШҰ ядролық сынақтарға жаппай тыйым салуға бейілді екені айтылған. Екінші пунктте Қазақстандағы «1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық үшін символдық мәні ерекше күн» екені айтылған. Және бұл «символдық мәні ерекше күн», яғни, Қазақстанның бастамасы арада 5 жыл өткен соң ғана ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының өмірге келуіне себепкер болды. Әрине, осылай болған соң, бұл шарт қабылданған күннен бастап Қазақстан Республикасы бұл шартты және соған орай құрылған ұйымды белсенді түрде қолдап келеді. Иә, бүгінгі жасаған бастамасы соның бәр дәлелі.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының басшылық құрамында Қазақстан да бар. Қазақстандағы бес Халықаралық мониторинг жүйесінің станцияларын және бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағын басқаратын Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы жұмыс істейді. Биыл бұл орталық жұмысын бастағалы 30 жыл. Орталық директоры Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының «В» жұмыс тобына төрағалық етіп келеді.

Төртінші бөлімде бұл шартқа 25 жыл толғанын және оған қол қойған мемлекеттер туралы және олардың міндеттері туралы былай делінген: 

«Шартқа қол қойған 186 және ратификациялаған 173 мемлекеттер арқасында ЯСЖТШ-ды әмбебаптандыруда елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Шарттың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, барлық мүдделі тараптардың сәтті ұжымдық күш-жігерін көрсететін Гамбия, Тувалу, Доминика және Тимор-Лестенің таяуда ЯСЖТШ-ны ратификациялауын құптаймыз. Оның тексеру режимін құру аяқталуға жақын. ЯСЖТШ мен ядролық сынақтарға тыйым салу туралы норма әлі заңды түрде міндетті болмағанына қарамастан, оны орындау іс жүзінде жалпыға ортақ болып табылады».

Ядролық қаруды таратпау туралы да шарт бар. Оның қолданыстағы деңгейіне жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының ролі зор екені 5 пунктте айтылады.

Биыл Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас штабында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтуге және насихаттауға арналған Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді. 2022 жылдың 7 қыркүйегін жоспарланып отырған бұл үлкен жиынға барлық мемлекеттердің қатысуы маңызды. Сол себепті, біріккен мәлімдемеде осы мәселеге ерекше мән берілген.

Қазір әлемде ядролық жарылыстарға мораторий жарияламаған 8 мемлекет бар. 1947 жылдан басталған қару қоры қазір 20 450 дананы құрайды. Яғни, дәл қазір әлемде осыншама атом бомбасы бар деген сөз. 8 мелекет – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль мемлекеттеріндегі қазіргі ядролық қарудың қоры осылай. Бұл көрсеткіштің рекордтық деңгейге жетуі – 1987 жылға сәйкес келеді. Дәл осы жылы әлемдік қор – 63 484 дананы құраған. Осыдан кейін әлемде бірінші болып Оңтүстік Африка Республикасы тұңғыш болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Осыдан бастап, атом бомбасының саны азая бастады. Бірақ, 2006 жылы Солтүстік Корея – Корея Халықтық-Демократиялық Республикасыөз жерінде атом бомбасын сынап көріп, ядролық мемлекеттер тізіміне енуге әрекет етті.

Осының бәрін айта келгенде, ядролық қарусыздануды мараториймен бастап, ары қарай дамыту түсу үшін қазіргі атқарылып жатқан шарттар мен шаруалардың маңызы зор. Қазақстан мен аталмыш ұйымның бірлескен мәлімдемесі осыны көздейді. 7 пунктте:

«Біз барлық мемлекеттерді ядролық жарылыстарға мораторийді сақтауды жалғастыруға шақырамыз. Біз Шартқа әлі қол қоймаған және/немесе ратификацияламаған мемлекеттерді мұны кідіріссіз жасауға шақырамыз. Біз 2-қосымшада көрсетілген ратификациялауы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін қажет қалған сегіз мемлекетті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін осы маңызды қадамды қолдана отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілділігін көрсетуге шақырамыз», - делінген.

Қазір бұл шарт ұсыныс күйінде қалып отыр. Ең соңғы бөлімде ХХІ ғасыр ядролық қаруға жаппай тыйым салу туралы шарттың іске қосылатын ғасыры екеніне сенім білдірілген. Бүкіл мемлекеттер ядролық қарудан бас тартатын кез келгені айтпаса да түсінікті, бейбітшілікті қолдайты, осы қарудан көп құқай көрген Қазақстан бұл мәселе бойынша қай кезде де бастамашылық ролін жоғалтпай, сақтап қалады. Өйткені, бұл адамзат баласы үшін, біздің ұрпақтарымыз үшін өте маңызды.

Байланысты жаналықтар

Бектенов заподозрил чиновников в халатности из-за паводков

29.03.2024

Ресейдегі теракт: Тергеу комитеті "террористердің Украинамен байланысы барына айғақ табылғанын" айтты

29.03.2024

Елшілік Қазақстан азаматтарына Украинаның Одесса және Харьков облыстарынан кетуді ұсынды

29.03.2024

Си Цзиньпин шілдеде Қазақстанға келеді

28.03.2024

Оралов Президент әкімшілігіне оралды

28.03.2024

Мәскеудегі теракті салдарынан қаза тапқандар саны 143 адамға жетті 

28.03.2024
MalimBlocks
Бектенов заподозрил чиновников в халатности из-за паводков

Премьер-министр Олжас Бектенов заслушал доклад министра по ЧС Чингиса Аринова о ситуации с паводками. Об этом в пятницу, 29 марта, сообщила пресс-служба правительства.

Ресейдегі теракт: Тергеу комитеті "террористердің Украинамен байланысы барына айғақ табылғанын" айтты

Ресейдің Тергеу комитеті Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" ғимаратында теракт жасағандардың "Украиналық ұлтшылдармен байланысы барына айғақ табылды" деген мәлімдеме жасады. Олар мұндай ақпаратты лаңкестікке қатысы бар тағы бір күдіктіні ұстағаннан кейін таратқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Елшілік Қазақстан азаматтарына Украинаның Одесса және Харьков облыстарынан кетуді ұсынды

Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігі Одесса және Харьков облыстарындағы жағдайдың өзгеруіне және ахуалдың нашарлауына байланысты Қазақстан азаматтарына аталған аймақтардан кетуін ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Си Цзиньпин шілдеде Қазақстанға келеді

Бұл туралы Тоқаевтың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оралов Президент әкімшілігіне оралды

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мәскеудегі теракті салдарынан қаза тапқандар саны 143 адамға жетті 

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі «Крокус Сити Холлға» жасалған шабуылда және одан кейін қаза тапқандардың тізімін жаңартты. 27-наурыз түнде таратылған мәліметке сәйкес, қаза тапқандар саны 143 адам болған.