Алматыда атыс жасаған адамның кім екені белгілі болды
Алматыда атыс болып, бес адам көз жұмды. Бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомства таратқан мәлімет бойынша, қыркүйектің 20-ы күні сағат 17-00 шамасында Ақбұлақ ықшам ауданындағы үйлердің бірінде атыс болған. 1967 жылғы Д есімді азамат сот шешімімен келген учаскелік полиция қызметкерлері мен сот орындаушыларына қарата оқ атқан. Салдарынан бес адам көз жұмған. Оның ішінде екі полиция қызметкері бар. Қазіргі уақытта күдікті ұсталған.
«Көз жұмған полиция қызметерлері Алатау ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы, майор Сүлеев Дархан Дауылбайұлы (1982 жылы туған) және капитан Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы (1988 жылы туған)», - делінген қалалық полиция департаменті таратқан мәлімдемеде.
Алдын ала тараған ақпарат бойыша, оқ атқан күдікті Игорь Джунов есімді азамат. Сот орындаушылары барған үй «БанкЦентрКредит» банкінде кепілдікте тұрған. Үй Анаи Демирчян есімді азаматшаға тиесілі болған. Джунов осы үйде тұрған.
Сот кабинетіндегі дерек бойынша, банк бірнеше жылдан бері Демирчянмен соттасып келеді. 2018 жылы үй 29 миллион теңгеге Нұрахмет Тұрғанов есімді азаматқа сатылған. Кейіннен шешім тоқтатылып, сот процесі қайтадан жалғасқан. 2019 жылы «БанкЦентрКредит» аудандық сотқа шағымданып, жеңіліп қалған. Бірақ кейіннен қалалық сот шешімді тоқтатып, үй қайтадан банктің есебіне өткен. Осыдан кейін сот орындаушы екінші рет үйді Тұғановқа берген. Ақпан айында Демирчян сот арқылы сот орындаушы Рапилбек Тәңірбергенов пен Нұрахмет Тұрғановтың арасындағы келісімнің күшін жоймақ болып шағымданған. Бірақ Алатау аданының судьясы Жанар Абдрахманов шешімді өзгеріссіз қалдырған.