Ақтөбе облысында мәдениет үйі құлағалы тұрса да жөнделіп жатыр

Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Алтай батыр ауылының тұрғындары мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына қарсылық танытып отыр.

Malim Админ

  • 08.04.2023

Редакцияға арнайы хат жолдап, істің жайын айтқандар ауылдағы мәдениет ошағының апатты жағдайда тұрғанын мәлімдеді.

«Алтай батыр ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға қарсымыз. Себебі, ғимарат 1964 жылы салынғандықтан, құлаудың алдында тұр. Қазіргі уақытта қабырғалары ескіріп тозған. Іргетасы және сыртқы қабырғасындағы кірпіштері күн сайын құлап жатыр. Құрылысқа пайдаланылған цементтің сапасы сыр берген», - дейді ауыл тұрғындары.

Алтай батыр ауылының белсенділері дәлел ретінде бірнеше бейнежазба мен фотосуреттерді қоса жолдады. Бейнежазбада ғимараттың материалдары күрделі жөндеуге жарамайтыны анық байқалады. Алайда өткен ғасырдың ортасында ағаштан салынған мәдениет үйіне әкімдік қабылдаған шешім бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жалғастыра берген. Ашынған тұрғындар уәжінен кейін жауапты мамандармен бірге Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов апаттық жағдайдағы мәдениет үйін көруге келген.

«Мәдениет үйінің  көнергенін, ауылға жаңа мәдениет үйін салып беруін сұраған тұрғындары Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа да мәселені айтқан еді. Наразылықтан кейін апаттық жағдайдағы қисайып құлайын деп тұрған мәдениет үйінің ғимаратының  сыртқы қабырғасындағы кірпіштерді бұзды. Наразылық болмағанда ғимарат қисайып құлайын деп тұрған күйінде сыртын құр қаптап тастайтын еді», - дейді тұрғындардың бірі.

Аудан әкімінің орынбасары мәселемен танысқанымен, тұрғындардың нысанды қайта бұзып салсын деген талабы орындалмайтын секілді. Енді олар қаржы полициясы мен прокуратураға арызданудан басқа жол қалмады деп отыр. Олардың сөзінше, аудан әкімдігі, мәдениет саласына жауаптылар, «Аманат» партиясы ауыл тұрғындарының талабымен ескермей отыр.

Алтай ауылында сегіз жүзден астам адам бар. Олар ескі мәдениет үйін бюджеттің қыруар қаржысына жөндеуден өткізгеннен гөрі, сол ақшаға жаңасын салған дұрыс деп біледі.

MalimBlocks
Облыс әкімінің атасына ескерткіш орнатылмақ