Дәрігер Назира: Денсаулық саласы журналистердің сапалы жазбасына зәру
Әлеуметтік желіде жұрт «Доктор Назира» деп атайтын терапевт бар. Оның оқырманы да, көрермені көп. Медицинадағы күрделі терминдер мен түсініктерді қарапайым тілмен жазып, көпшіліктің көңілінен шығып жатады.

Дәрігер Нәзира Молдабекқызын сұхбатқа шақырып, әлеуметтік желідегі белсенділігі, денсаулық саласындағы салалық журналистиканың жағдайын аз-кем талқылаған едік.
– Нәзира Модабекқызы, сізді әлеуметтік желі қолданушылары «Доктор Назира» деп таниды. Парақшаңыз ақпаратқа бай. Жазғандарыңыз кәсіби журналистерден кем емес. Дәрігерлік қызмет пен тұрақты ақпарат тарату жұмысын қалай үйлестіріп отырсыз?
– Журналистер қызметімен таласатын ойым жоқ. Дегенмен, өз кәсібіммен қоса, әлеуметтік желіге бейімдеген – халықтың сұранысы. Қазір халықпен етене жұмыс істегісі келген дәрігерлердің көбі әлеуметтік желіде өз парақшаларын ашып, тұрақты жүргізіп келеді. Әріптестерімнің арасында парақшаларын жүргізуде кәсіби журналистер көмегіне жүгініп келе жатқандары да аз емес. Біз осы арқылы салалық журналистердің бос қалған алаңын толтыруға әрекет жасап жатырмыз. Мұның барлығы халықтың талап-тілегінен, қажеттілігінен туындап отыр.
– Журналистер арасында да денсаулық парақшаларын қолға алып жатқандар бар. Олар тарапқан ақпараттың сіздер ұсынған ақпараттан артықшылығы немесе кемшілігі неде?
– Әрине, біз жеке өзімізге түскен сұрақтарға сай, көмек сұраған науқастардың хаттарына орай өз тәжірибемізбен бөлісіп жатамыз. Әр науқасқа бір аурудың өзі әрқалай әсер ететінін, соған сәйкес емдеу жолы да әртүрлі болатынын нақты мысалдармен түсіндіруге күш саламыз. Яғни, біз тек өзіміз емдеген жандарды мысал етіп қана жазба қалдырамыз. Ал журналистердің бұл бағыттағы тақырып таңдау, мамандарды іріктеу шеңбері кең. Олар ерекше емдеу әдісін ұсынатын, айрықша бір ауруды жеңуге көмектескен дәрігерлерді тауып алып, сөйлетіп, парақшасындағы қызығушылар санын көбейте алады. Бұл біріншіден. Екіншіден, маманның түсіндіргені, берген ақыл-кеңесі құнды десек те, біздің жазуымыз дәл журналистердің жазғанындай ықшам, көркем, жинақы бола бермейді. Журналистер оқырманға не керек екенін, ақпаратты қалай ұсыну қажеттігін біледі. Біздің парақшамыздан артықшылығы да осында. Ал енді дәрігерлер мен журналистер бірігіп, арнайы парақша жүргізсе, ұтары көп болар еді. Кәсіби мамандар біріккенде халықтық жоба пайда болады.
– Парақшаны жүргізуде журналистер көмегіне жиі жүгінесіз бе?
– Менің парақша ашудағы мақсатым – азаматтардан түсетін сауалдарға жинақы, сауатты ақыл-кеңес беру. Дәрігер болған соң бізден ақыл сұрайтын жандар көп. Солардың қоятын сауалдары біртектес. Тек бір күнде бір сауалды бірнеше адам қатар қоюы мүмкін. Олардың біріне жауап беруге уақыт тапқанмен, екіншісіне уақыт жетпей жатады. Өз сауалына жауап алмағандар дәрігер тарапынан кері реакцияның болмауын дұрыс түсінбейді. Әлеуметтік желі осындай сауалдарға жауап беруге жағдай туғызды. Дәрігер кеңесін сұрағандар біздің ұсынысымызбен өздеріне ыңғайлы уақытта оқып, таныса алады. Бұл жерде мен өз кеңесімді кестелеп, көркемдеп жазуға тырыспаймын. Қалай бар, солай жағдайды түсіндіремін. Дегенмен, ара-тұра журналистер жүргізетін парақшаларды қарап, олардың ақпарат ұсыну әдістерін сараптап, халықтың сұранысына көп ие болған сауалдарды талдап отыруды әдетке айналдырдым. Өйткені, азаматтық қоғамның пікірін, қалауын журналистерден артық зерттей алмасымыз анық.
– Медицина саласын жазатын журналистер қандай қателіктер жібереді?
– Жалпы, дәрігерлер өмірі, ақ халатты абзал жандардың қызметі туралы жазылған мақалаларды, сұхбаттарды үнемі қадағалап, қалт жібермей оқып отырамын. Мамандардың бет-бейнесін қалыптастыруда журналистердің шеберлігін сөзбен суреттеу қиын. Бұл тақырыпты журналистер шынайы, әдемі жазады. Журналистердің сүрінетіні – медицинадағы жаңалықтар, жекелеген ауру-сырқауға қатысты ем-домдар. Сонымен бірге, дәрігерлер тарапынан кететін қателіктер бойынша да кейде зерттелмей жазылған шаласауатты материалдарға куә болып жатамыз. Рейтингті көбейту, өз материалын оқылымды ету үшін дәрігерлердің бүкіл еңбегін жоққа шығаратындарды да түсінбей қаламыз. Осының бәрі медицинаның мәнін, денсаулық сақтау саласының маңызын жетік білмеудің кесірі. Қазақ «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дейді. Өзі жақсы білмейтін салаға қалам тербейтіндер осы мақаланың түпкі мәнін түсінбесе керек.
Мысалы медициналық терминдерді қалауынша аударып, бұрмалап пайдалану жиі кездеседі. Сондай-ақ, кәсіби маман іздеп жатпай, интернеттегі ақпараттың ыңғайымен кететіндер баршылық. Егер таза медициналық білімді жетілдіруге, медициналық тәжірибелерді бөлісуге бағытталған арнайы жобалар жасалып, арнайы сайттар ашылса денсаулыққа байланысты көптеген қажетсіз ақпараттардан арылар едік. Халықтың да таңдау мүмкіндігі кеңейері даусыз. Осындай алаңдар болмаған соң зерттелмеген, зерделенбеген ақпараттар әлеуметтік желіде де, ақпарат құралдарында да толып жүр.
– Медициналық мәселелердің ұңғыл-шұңғылын оқыту, журналистермен байланысты нығайту мәселесіне Денсаулық сақтау министрлігі қаншалықты көңіл бөліп отыр?
– Басқа салаларды білмеймін, ал денсаулық сақтау саласы журналистермен байланысқа ерекше көңіл бөледі. Министрлікті былай қойғанда, әрбір медициналық мекемеде қоғаммен байланысты назарында ұстайтын, бұзаралық ақпарат құралдары өкілдерімен етене жұмыс жүргізетін бөлім бар. Олар орталықта, ауруханада атқарылған жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізіп, мамандардың жақсы істерін жариялап, төтенше жағдай туындағанда тілшілер қауымына жедел ақпарат беруге бейімделген. Сонымен бірге, министрлік пен облыстағы денсаулық сақтау басқармалары журналистердің медицинаға қатысты біліктілігін жетілдіріп, жаңашылдықтарды меңгеруіне, білікті мамандармен ете танысуына мүмкіндік беру үшін әртүрлі форматта жиындар, дәрістер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастыруда. Ондағы басты мақсат – медицинаға қатысты сапалы контент дайындайтын журналистер шоғырын қалыптастыруға ықпал ету. Сондай-ақ, медицина саласын жазуға ынталы журналистердің біліктілігін көтеру. Мұндай жиындар мен дәрістерден біз де шет қалмауға тырысамыз. Өйткені, мұндай шараларға қазақстандық медицинада орны бөлек, халыққа айтары бар дәрігерлер шақырылады. Олардың ақыл-кеңесін тыңдау бізге де пайдалы.
– Басқа елдерде медициналық сайттар арқылы табыс тауып, танымал болып отырған журналистер мен дәрігерлер баршылық. Ал бізде ақпаратын табыс көзіне айналдырған журналистер бар ма?
– Шыны керек, бұл мәселе біздің елімізде ақсап тұр. Бізде әзірге медициналық орталықтарды жарнамалап, жекелеген дәрігерлердің келісімімен қызмет ақысын жариялау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірақ, елімізде мемлекеттік тілде медициналық көмек ұсынатын, дәрігерлердің білімі мен біліктілігіне қарай рейтинг жасап, жол көрсететін сайттар мен ақпараттық порталдар әлі қалыптасқан жоқ. Дегенмен, бұл бағытта біраз ізденістер жасалып жатыр. Тіпті, кейбір журналистердің тұрақты парақша жүргізіп, оқырмандарынан түскен сауалдарға ең білікті мамандардан жауап алып, ұсынуға тырысатынын байқап жүрсіз. Егер халықтың көңілінен шықса, азаматтар жиі көмек сұрайтын болса, осы парақшаларды кейін пайда көзіне айналдыруға қиын емес.
– Уақыт тауып ой бөлісеніңізге рақмет!