Детектив байқауы – «Заң газетіндегі» журналистер жобасы

Детектив – қазақ әдебиетінде, журналистикасында кенжелеп қалған жанрдың бірі. Жазушы Кемел Тоқаевтан кейін шытырман шығармалар жазуға ден қойған, осы жанрды тұрақты серігіне айналдырған қаламгерлер сирек.

  • 09.11.2023

Ал әлем елдерінде детектив – ең оқылымды, киносценаристер тарапынан жиі сұраныс түсетін, қылмыс пен заң тақырыптын дамытатын журналистикадағы салалық  жанрдың бірі. Соған орай бұл жанрды жетік меңгеріп, шығармасының өзегіне айналдырғандар дүниежүзіндегі оқырманы көп, табысы мықты жазушылардың көшін бастап келеді. Сәйкесінше, әлемдегі таралымы көп кітаптардың жанры да детектив пен фантастика екенін айта кеткеніміз жөн. Осындай табыс пен жетістіктің көзіне айналған жанрды Қазақстанда дамыту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып келеді. Соның бірегейі – республикалық «Заң газеті» ұйымдастырып келе жатқан детектив шығамалар байқауы десек қателеспейміз.

«Заң»меиа-корпорациясының» директоры Досымбек Өтеғалиевтің айтуынша, детектив байқауын ұйымдастыруға бағытталған жоба 2017 жылдан бастау алды.

-2017 жылдан бастап «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының 25 жылдық мерейтойын өткізуге даярлық жұмыстарын бастадық. Бірақ біз газетте еңбек еткен ардагерлерді марапаттап, салтанатты шара өткізумен шектелгіміз келмеді. Осы ретте ұжым мүшелерінің бірі футболдан журналистер арасында жарыс өткізсек деген ұсыныс айтты, енді бірі газет оқырмандары арасында лотерея ойнатуды ұсынып жатты. Тағы бірі газет туралы жазған оқырмандар шығармасына жүлде тағайындайық десті. Ал «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева детектив байқауын өткізсек деген ойымен бөлісті. Тіпті, жобаның мақсаты мен қаржылық көздерін де ұқыптап жасап, ұжым талқысына салды. Ал детектив жанрын жете түсіндіру үшін кітапханаға барып, Кемел Тоқаевтың 5 томдық кітабын әкеп, әріптестерге көрсеткені әлі есімізде,-дейді Досымбек Қонысбекұлы.

Әрине, жекеменшік басылым болғандықтан, бұл жобаның қаржылық шығыны, ұжымға әкелер пайдасы қатар таразыға салынған. Сол кезде ардагер журналист Қалбай Әділ «Детектив – қылмыстың өтеуі жаза екенін айғақтайтын жанр. Шытырман шығармалар арқылы бүкіл құқықтық құрылымдардың жұмысын жандандыруға, еліміздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады» десе, журналист Ерлік Ержанұлы «Журналистер мен қаламгерлерді шығармашылық тұрғыдан ынталандыратын мұндай жобаның жүзеге асқаны дұрыс. Және детектив жанрын құқықтық «Заң газетінің» жандандырғаны, қамқоршы болғаны негізді» деп пікірін білдірген болатын.

Расында, «Заң газеті» арғаш жарық көрген 1994 жылдың 3 қарашасынан бергі отыз жылға жуық уақытты құрайтын тарихында детектив жанрын назарынан тыс қалдырған емес. Таза детективтік туындыларды тұрақты баспағанымен, «Үкім», «Сот іс қарады», «Тергеуші жазбалары» деп аталатын айдарларда тергеушілер өздері ашқан қылмыстың қыр-сырымен бөліссе, судьялар қылмыстық істі қараудағы қылмыскерлер психологиясымен оқырманды таныстырды. Үкім айдарында  халықтың назарын аудартқан, шулы істерге қатыты жазбалар көркем тілде баяндалып, оқырманға ұсынылды. Шытырман шығармаларды оқуға үйренген жұрт журналистер іссапарға шығып, кездесу ұйымдастырғанда ең алдымен осы айдарлардың тұрақты шығып тұруын өтіне сұрайтын еді.

Яғни, детектив шығармалар байқауын өткізгенге дейін де «Заң газеті» детектив жанрының жоқтаушысы, қозғаушысы, қолдаушысы болып келді. Ал детектив байқау жобасы – осы жылдар бойы атқарылған жұмыстың түпкі нәтижесі іспеттес. Сонымен бірге бұл жоба – детективті танымал етудің, шытырман жазуға ынталылар санын арттырудың пәрменді тетігі болды десек шындықтан алыстай қоймаймыз.

Жоба авторы Айнұр Сембаеваның айтуынша, алғашқы жылы байқаудың дәстүрлі шараға айналарын ешкім білмеген. «Байқауды ұйымдастырғанда қаржылық қолдау көздерін табудың қиындығын бірден сезіндік. Содан шығар, жобаны жыл сайын жалғастырамыз деп нақты мақсат қойып, жоспар түзбедік. Алайда, Алматы қалалық сотына барып, сол кездегі төраға Нұрғазы Әбдіқановқа жобамызды таныстырғанда, ағамыз бірден қолдау көрсетті. Байқау қорытындысын өткізу үшін сот ғимаратынан алаң ұсынып, бірнеше жүлдегерге марапат та тағайындайтынын айтты. Ең бастысы, бірінші рет өткеніне қарамастан, жоба аясында редакцияға 72 шығарма түсті» деген журналист осыдан кейін ұжым болып байқауды жыл сайын ұйымдастыруға шешім қабылдағандарын жеткізді.  

Бірінші байқауды өткізгеннен кейін жобаны жүзеге асырудың құқықтық критерийлері жасалып, байқаудың жалпы ережелері дайындалды. Байқауға қатысуға ынталылардың көптігі жоба ұымдастырушыларын жаңа ізденістер жасауына жол ашты. Осылайша байқауда «Ең үздік қысқа детектив әңгіме», «Кейіпкер бейнесін үздік сомдаған автор» деген арнайы жүлделер пайда болды. Сонымен бірге Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов қоғамда қызығушылық тудырған істер бойынша жазуға ынталылар үшін архив деректерін алуға мүмкіндік туғызса, Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков деректі детективтердің жазылуына ынта танытты. Соған орай, түркістандық полиция қызметкерлері тергеп, зерттеген, түркістандық судьялар қараған қылмыстық істер байқау үміткерлеріне ұсынылды. Нақты болған оқиғаны көркем шығарма өзегіне айналдырған бұл механизм де деректі детективті жандандыруға қозғау салды.

Қызылорда облысында ұйымдастырылған детектив байқауында  «шетелдің озық детективтерін аударуға көңіл бөлсеңіздер» деген тілек айтылды. Бұл қазақ детектив жанрын байытары, халықтың өзге елдердің шытырман шығармаларымен танысуына мүмкіндік берері даусыз. Сондықтан, жоба барысында алдағы уақытта бұл ұсыныс та шешімін табады деген сенімдеміз.

Ал алтыншы рет ұйымастырылған детектив шағырмалар байқауының марапаттау рәсімі Жетісу жерінде, Талдықорған қаласында өтті. Жобаны жүзеге асыру кезінде бірталай жаңашылдықтар қолға алынды. Мәселен, «Заң газеті» Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірлесіп, оқушылар мен студенттер арасында детектив байқауын өткізді. Сонымен бірге, бес жылғы байқау жүлдегерлерімен бірлесіп мектеп, жоғары оқу орындарында, кітапханаларда шеберлік сабақтарын өткізу қолға алынып келеді. Мұның барлығы детектив жанрының танымалдығын арттырары күмәнсіз.

Байқауға қатысқан белгілі журналист, жазушы Серік Әбікенұлы «бұл жоба енді осы жетістіктерімен тоқталып қалмауы керек. Алты жылда біраз қаламгер жазушының детектив жанрына оралуына ықпал еткендеріңіз рас. Енді саяси детективтерді жандандырып, қазақ шытырман шығармаларында жаңа Шерлок Холмс, Эркюль Пуаро, мисс Марплды тудыратын кез жетті» деп ұсыныс тастаса, жазушы Нұрлыбек Саматұлы «Алдағы уақытта жоба жетекшілері қазақ ізкеушісінің образын қаламгерлеріне ұсынуы керек. Мәселен оның аты белгіленіп, түр-тұлғасы туралы сипаттама көрсетілуі, жасы, жұмыс тәжірибесі, ата-анасы, достары, жаман-жақсы қасиеттері жинақталып, детектив жазуға ынталыларға берілуі керек. Әрі қарай осы бір кейіпкерді шығармасына негіз еткен жазушылар қазақтан шыққан бірегей ізкесушінің образын жасап шығары анық» деген пікірін ортаға салды. Мұның өзі журналистер бастаған жобаның халық көңілінен шыққанын көрсетеді.