Есірткімен қоғам болып күресуіміз керек
Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар адамның қабылдауы мен түйсігіне өзі сезіне алмайтындай әсер етеді. Адамдардың есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларға қызығушылығын қалыптастыратын немесе қолдайтын кез келген ақпаратты тарату заңмен қудаланады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 423-бабындағы «Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау және заңсыз жарнамалау» ескертпелерде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеу, дайындау және пайдалану әдістері, тәсілдері туралы, сатып алу орындары туралы мәліметтерді таратуға, сондай-ақ кітап өнімдерін, бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін шығаруға және таратуға, көрсетілген мәліметтерді интернет желілерінде таратуға немесе осы мақсаттарда өзге де әрекеттер жасауға бағытталған қызметтер мемлекеттіңк қатаң бақылауында. Ондай қызметпен айналысқан адам қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.
Бұл бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» тарауында жеті бап қарастырылған.
Осы баптарда әртүрлі жаза түрлері жазылған. Айыппұл, түзеу және қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру сияқты.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 4-бөлігінде «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу», 298-бабының 4-бөлігінде ««Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқыру не қорқытып алу» және 299-бабының 4-бөлігінде «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндіру» сияқты іс-әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осылайша заң шығарушы орган есірткі затының адамға, қоғамға аса қауіптілігін ескере келе, осындай қатаң жаза қолдануды дұрыс санайды.
Бұл әрекеттер заңнамалық тұрғыда қатаң ескертіліп, жазалары анық көрсетілсе де азаматтар онымен айналысуын қоятын емес.
Күні кеше Түркістан облысының полицейлері есірткі сатпақ болған күдіктіні ұстаған. Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Өз арызында белгісіз бір азамат өзіне есірткі затын сатпақ болғаны жайлы көрсетеді. Осы жайт Қазақстан Ресбуликасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі сатпақ болған күдіктіні ұстаған. Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері күдіктіден 50 грамнан астам “марихуана” тәркіледі. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Меркі ауданы, Тәтті ауылының маңындағы құмға жақын аумақта 30 жастағы ер адамды ұстаған. Одан жеті келіден астам кептірілген марихуана табылған. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Бұл іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Не деген сұмдық. Жап-жас балада осыншалықты есірткі қалай жүр? Бұның артында басқалардың тұрғаны анық. Қазір Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері осы істің артын қазбалап жатыр.
Бұл дертпен біз қоғам болып күресуіміз керек. Егер есірткіге қатысты мәселеге тап болсаңыз немесе осы салада қылмыс жасауға байланысты ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның “102” телефоны бойынша хабар беріңіз.