MalimWomen. Протез аяқпен Босфорды жүзіп өткен Бақытгүлдің бақыты

Айшолпан КЕРІМ

  • 07.04.2021

Бір кездері құздан құлап өлгісі келген Бақытгүл Әлімбекова бүгінде нағыз чемпион. Бір кездері адам баласымен тіл табыса алмаған ауыр мінезді Бақытгүл Әлімбекова бүгінде аяулы жар, асыл ана, өзгенің өмірге деген құлшынысын оятқан қаһарман және бұл өмірден мағына тапқан бақыт құшағындағы жан. Кейіпкеріміз – протез аяқпен Босфор бұғазын жүзіп өтіп, жеңімпаз атанған, параби өнері бойынша Қазақстан чемпионы, теннистен спорт шебері, скандинавиялық жүрістен әлем чемпионатының алтыншы орын иегері.

«Қайта сен тәуірсің ғой» дегендей түрлі жарақаты бар балалар алдымнан ары-бері өте берді

«Санаториялық интернатта оқыдым. Бала кезімде спорттың түр-түрімен айналыстым. Кейін 8 сынып оқып жүргенде аяғымнан жарақат алып, төсекке таңылдым. Екі жылдай спортпен айналысу мүмкін болмай қалды...

Қазір жасым елу екіде. Аяғынан айырылған 15 жасар Бақытгүл есіме түссе, бәрібір біртүрлі күй кешемін.

... алдымда бір құз тұрғандай болды, құлап өлгім де келді. Өмірім енді басталған жас шағымда мұндай мүгедек боп қалуым жанымды қатты қинады. Кейін алғаш рет протез орталығына келген кезімде бір өзгерісті сезгендей болдым. Түрлі жарақаты бар балалар «Қайта сен тәуірсің ғой» дегендей алдымнан ары-бері өте берді. Бірі екі аяғынан да айрылып қалған, бірінің көзі көрмейді, бірақ ештеңеге қарамастан, олар ерекше бақытты еді, өмірге деген құлшыныстары зор еді.  Өмір сүруіме күш берген орталық дәлізіндегі сол  балалар көз алдымнан әлі кетпейді».

Бақытгүл Әлімбекова - malim

Балықша жүзгім келді

47 жасыма дейін жүзе алмайтынмын. Балықша жүзіп үйренсем екен деген арманым болды. Пусан қаласында өткен паралимпиадада үлкен теңізді еркін жүзіп өткен қыздарды көріп, қатты қызықтым. Кейін елге қайтқан соң, үстел теннисі құрамасынан кететінімді айттым. Онсыз да құрама жастармен толыға бастаған еді. Жастарға жол беріп, өзімді өзге алаңда сынап көргім келді.

«Жүзіп үйренемін» деп мақсат қойғаным сол екен, арманымның орындалуына көмектесетін адамдар алдымнан шыға келді. Fidelity клубы параспортшы болғаным үшін тегін абонемент сыйлап, жүзуді үйретті. Жете меңгере қоймасам да, клубаралық жарыстардың бәріне қатыса беретінмін. Бір күні 50 метрдің жартысына келіп, «жүзе алмайды екенмін ғой» деп, шетке шықпақ болдым. Бірақ жаттықтырушыларымның «Алға! Жалғастыр, жүзе бер! Сен соңына дейін жете аласың!» деген сөздерінен кейін сол 50 метрді жүзіп шықтым. Кейінгі жарыстарда да шаршағанымды сезінсем, осы сөздер ойыма келіп, мәреге жетуге үнемі көмектесіп келеді.

Бақытгүл Әлімбекова - malim

Босфорды бағындырдым, сенесіз бе?

Жаттықтырушыммен ұзақ дайындалып, үлкен жарыстарды іздей бастадық. Бассейн тарлық етті ме, ашық суда, теңізде жүзгім келді. Алғашында гидрокостюмді киіп-шешу қиын болар деп қорқып, соны талап етпейтін жарыстарды іздеп отырып, Босфордағы жүзу жайлы ақпар тауып алдық. 2018 жылы өкінішке қарай тіркеуден өте алмадым. Қатысушы өте көп болғандықтан, тіркелу қиындау. Келесі жылы үлгеру үшін арнайы екі компьютер дайындап, іштей тілеп, 50 адамның ішінен Батыр деген жігіт екеуміз өтіп кеттік.

Алты ай дайындалып, шілде айында Стамбулға жол тарттым. 2 сағаттан асырмай жүзіп өту қашықтығын 1 сағат 27 минут 59 секундта жүзіп өттім. Бұдан ерте келуім де мүмкін еді, бірақ мәре сызығын көрмей, одан асып жүзіп кете беріппін (күліп).  Кейін кері қайтамын дегенше, бірнеше минут жоғалтып адым. Дегенмен, өз басым екі сағаттан аса уақыт жүздім деп ойлап едім. Марапаттау қағазындағы уақытты көріп, қатты қуандым. Сол қуаныш сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оны тек сезіну керек.

Енді мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Осы жазда өтетін Oceanman Kazakhstan-ға, 10 км-ге жүзуге дайындалып жатырмын. Мақсатым – осы аралықты 3 сағатта жүзіп өту.

Жолдасым мүгедектігі жоқ, он екі мүшесі сау азамат болса деп армандадым

Спорттың маған берген сыйы көп: ең бастысы мінез, қайсарлық дер едім. Спорттың арқасында досым көбейді. Шабытты да осы спорттан аламын. Құлшынысыты да шыңдайтын осы спорт. Спортта жүріпкөп адамға үлгі, мотивация беріп жүргеніме қуанамын. Кезінде түңіліп кетпей, қайта аяққа тұрғаныма, өзіме емес өзгелерге де жігер, рух, үлгі бергеніме қуаныштымын.

Екі қызым, жолдасым бар. Қыздарым да өзім сияқты, өздерін түрлі спортта сынап көрді. Екінші қызымды 43 жасымда босандым. Бұл да өмірімдегі кезекті сынақ еді. Дәрігерлер бұл жаста сау бала дүниеге әкелу мүмкін емес, балаңыз мүгедек болып туылады деген болжамдар айтты. Бірақ бұл мені тоқтатпады, спортпен айналысуды жалғастыра бердім. Тоғыз ай бойы салауатты өмір салтын ұстанған соң болар, екі сағат ішінде қызымды құшағыма алдым. Ал дәрігерлер тоғыз ай бойы жасанды жолмен босануға көндіре алмай әлек болып еді.

Бақытгүл кенже қызымен

Шынымды айтсам, бұл сенімділік, қайсарлық маған бірден келмеді. Үнемі жолдасым мүгедектігі жоқ, он екі мүшесі сау азамат болса деп армандадым. Өзім де жігіттерден мүгедектігімді, протезімді жасыруға тырысумен болдым. Кейін біліп қойып, ата-анасы қарсы болып, әйтпесе басқа сылтау табылып, әйтеуір жараса алмадық.

Көпқабатты үйлердің терезесінен үстел басына жиналған отбасыларға ұрлана қарайтынмын

Жасым 27-ге толып, отбасылы болып, сәби сүйгім келді, көпқабатты үйлердің терезесінен үстел басына жиналған отбасыларға ұрлана қарайтынмын. Ол кездері мүгедектер қауымдастығында әдістемеші маман болып істейтінмін. Сол орталықтағы  мүгедектігі бар бір жігіттің ата-анасы мені көріп, ұнатып қалыпты. Менің әке-шешем жоқ, балаларына жар болуымды сұрап, мені қыздарындай көретінін айтты. Бір-бірімізді жақсы көрмесек те, тұрмыс құруға келістім.

Бірнеше күннен кейін таңертең ерекше қуанышпен ояндым. Бір жақсылық боларын сезгендей, әдемі көйлегімді киіп, шашымды сәндеп, жұмысқа шықтым. Автобусқа мініп, алыстан көзі әдемі жігітті көріп қалдым. Аялдамадан түсіп, жұмысқа жүріп бара жатып, әлгі жігіттің артымнан ілесіп келе жатқанын байқадым. «Жұмысыңызға шығарып салайын» деп, артынша әңгімеміз жарасып кетті. Игорь Санкт-Петербургтың жігіті екен, Алматыны таныстыруымды өтінді. Біз тез тіл табысып кеттік. Игорьмен кездеспес бұрын, мүгедектігімді міндетсініп, айналамның бәрі мені аяп, үнемі көмектесу керектей көрінетін. Екі жыл ішінде мінезім тым ауыр болып кетіп еді. Есімді жиып, қарапайым адам екенімді, өзгелермен бірдей екенімді түсінген сәтте тағдыр маған Игорьді жолықтырды. Ол да мені бар болмысыммен қабылдады, оның жанында өзімді өзгеше сезінбейтінмін. Аяғымдағы протезімді кейді тіпті, байқамай қалды ма екен деп ойлайтынмын.

Бір күні жігітім бар екенін, тамызда тұрмысқа шығатынымды айттым. Кейін екеуін таныстырдым. Игорь «Тұрмыс құруға асықпа. Мына жігіттің бір жағы жұмыс істемейді. Сен өмір бойы оны бағып-қағуға дайынсың ба?» деді. Артынша ойланып, бұған дайын емес екенімді, жасы жеткен анасы өзінен кейін баласын бағатын сенімді адам болғанын қалағанын түсіндім. Бір-бірімізді жақсы көрмедік те ғой. Игорьді өзім ұнатып қалсам да, оның да маған ғашық екенін білмейтінмін. Бір күні әріптесім атастырылып қойған жігітімнің анасына хабарласып, Игорь жайлы айтып беріпті. Анасы маған алғашында ренжіп, кейін әйел ретінде мені жақсы түсінетінін айтып, бақыт тіледі. Қазіргі жолдасым, нөмірі бірінші қолдаушым сол – Игорь.

Осы уақытқа дейін өзімді түрліше сынап көрдім. Саған сеніп, барынша қолдау көрсетер адамың барда, ештеңе қорқынышты емес екен. Бақыт деген де осы шығар!

2018 жылы өткен параби байқауы

P.S. Тағдырдың тауқіметіне төтеп беріп, әр қиындықты оңай сынақ ретінде қабылдап, оны жеңе білген Бақытгүл Әлімбекованың бүгінде қолын байлап тұрған бір мәселе бар. Ол – протез мәселесі. Жалпы Бақытгүлдей мүгедектігі бар жандарға үкімет әр үш жыл сайын протез үшін үлкен қаражат бөледі. Бірақ, ол ақшаны қолдарына бермейді. Өйткені, осы талапты шығармас бұрын түрлі жағдайлар болған. Мәселен, біреуі қолма-қол ақшаны жұмсап тастайды,  одан кейін дау көтереді, тағысы тағы дегендей. Үкімет осының алдын алу үшін ақшаны қолға бермей, дайын протез жасатып береді. Бірақ, жекенің жағдайын ескеріп жасалмаған протез көпшіліктің көңілінен де шыға бермейді. Бақытгүлге керекті протездің жасанды табаны 700 мың теңге, тізеден төменгі протез құны үш миллионнан асады. Бақытгүл мұндай протезді он жыл бұрын өз қаражатына Ресейден жасатқан. Өйткені оған керекті күрделі протез Қазақстанда жасалмайды. Кейіпкеріміз үкіметтен өз еншісіндегі протездің ақшасын сұрап көрген екен, бірақ, олар заңнан аттап кете алмайтындарын айтқан. Ал Бақытгүлге жаңа бағыт, жаңа мақсат, жаңа белестерді бағындыру үшін жаңа протез ауадай керек. Бақытүлдің арманының, мақсатының орындалуына тілектестер әлеуметтік желіде жылу жинап, қол ұшын созып, сауапты іс жасап та жатыр.

Сіз де Бақытгүлге төмендегі банк нөміріне аударым жасау арқылы көмектесе аласыз.

Алимбекова Бактыгуль Абиыровна
АО Kaspi Bank
CASPKZKA
KZ89722C000026788500

ЖСН 680501401860

Halyk bank 4405 6397 5592 8494

Sberbank 5392 1500 0584 3964

 

Байланысты жаналықтар

Боранбаевты қолдаушылар қатарына Паралимпиада комитеті мен Қайрат футбол клубы қосылды

01.04.2022

Жетістік пен кемшілік. Өткен жыл қандай оқиғалармен есте қалады?

31.12.2021

Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

06.08.2021
MalimBlocks
Боранбаевты қолдаушылар қатарына Паралимпиада комитеті мен Қайрат футбол клубы қосылды

Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитеті мен алматылық Қайрат футбол клубының ұжымы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, экс-президенттің экс-құдасы, миллиардер Қайрат Боранбаевтың тергеу ісін ашық әрі әділ өткізуді сұрады.

Жетістік пен кемшілік. Өткен жыл қандай оқиғалармен есте қалады?

2021 жыл қуанышты жағдайлармен өкініш те алып келді. Жылдың басты оқиғаларына шолу жасап, өткенді еске түсірдік.

Дәрігерлер бір жасқа толмай өлетінімді айтқан: параспортшы Әлияның хикаясы

Әлия Раева туғаннан түрлі қиындыққа төтеп беріп келеді. Жетімдер үйі, сырқат, үш ота мен үздіксіз ауыр ем. Кезінде дәрігерлер бір жылдан артық өмір сүруі мүмкін емес деген Әлия қазір параспортшы, тіпті сау адамдармен жарысып, үлкен Олимпиада чемпионы атануға үмітті.