«Өлсем де, үйімді бұзғызбаймын»: Алматыдағы реновация жайлы
Реновация дегеніміз не және ол урбанистика тұрғысынан қала өміріне қалай әсер етуі мүмкін? Тек елімізде емес, әлем үшін өзекті болып тұрған ескі үйлерді реновациялау неге үлкен дауға ұласты? Осы және өзге де сұрақтарға Malim.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Реновация – ескірген сәулет объектілін қайта құру, қалпына келтіру мен жақсарту үрдісі. Қазіргі таңда ескірген ғимараты көп реновацияға жүгінген біраз ел – бұрынғы коммунистік блок мүшелері.
Тұрғын үйді қалыпқа келтіру жұмыстары – алпауыт қалалар үшін міндетті үрдістердің бірі. Уақыт өте үйлер өмір сүру үшін ыңғайсыз бола бастауы, ескіруі мүмкін. Осылайша, 1923 жылғы Канто жер сілкінісінен кейін Токиода билік қирап қалған үйлердің орнына 2,5 мыңға жуық жаңа үй тұрғызды. Өткен ғасырдың 50-жылдары бұл ғимараттар түгел қайта тұрғызылған еді, ал қазір қалада осы ғимараттарды еске салатын тек кішкентай ескерткіш қалған. Үлкен реновация жобалары Пекин, Бразилия мен көптеген Еуропа елдері: Германия, Чехия, Франция және т.б. көптеген ел астаналарының көрінісін өзгертті.
Шығыс Германияның бұрынғы территориясы да – реновацияның бір мысалы. Неміс реновациясының басты ерекшелігі – үйлерді бұзбастан, нәтижеге жетуге ұмтылуы. Неміс реновациясы көп жағдайда бір үрдіспен жасалады: құрылысшылар ғимараттың қабат санын азайтып, желдету мен жылу жүйесін жақсартып, үйдің фасад-қасбетін жаңартады.
Ал өмір сүру сапасы жоғары елдерде керісінше ескірген үйлердің орнына сыйымдылығы жоғары, пәтер саны артқан көпқабатты үйлерді салып жатады. Әдетте дәл осы шешім жергілікті тұрғындардың қарсылығын тудырады. Қытай елінің тәжірбиесіне сәйкес, жергілікті тұрғындар үйымдастырған наразылық шараларының 65%-ы ескі деп танылып, бұзу туралы шешім қабылданған үйлерден мәжбүрлеп көшірілген тұрғындардың қарсылығынан туындаған. Қытай азаматтарына да дәл осы жағдайға тап болған қазақстандықтарға ұсынылатын уақытша баспана беріледі.
Елімізде реновациялау бойынша пилоттық бағдарлама 2012-2015 жылдары жүзеге асырылды. Бұл аралықта 56 үй бұзылып, орнына жаңа 63 үй салынды. 2021 жылдың 19 ақпанында бекітілген екінші реновацияның ауқымы кеңірек: 2021-2025 жылдар аралығында 708 үй бұзылып, орнына 683 жаңа үй салынбақ. Бұл – 6637 пәтер орнына 34605 пәтер пайда болады деген сөз, алматылықтар үшін қолжетімді баспана саны шамамен бес есеге артпақ.
Бұған қарамастан, реновацияның екінші кезеңі кей қала тұрғындарының наразылығын тудырып, олар президент атына видеоөтініш жолдап та үлгерді.
Бұған дейін тілшімізге берген сұхбатында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Қайратұлы құрылыс тұрғындардың 100% келісімін алғаннан кейін ғана басталатынын, әлі ұзақ келіссөздер жүргізілетінін айтқан еді.
Қанат Қайратұлы - қалалық әлеуметтік кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры
Реновацияның екінші кезеңі жайлы қаулы жарияланғалы алматылық белсенділер мен қала тұрғындары әлеуметтік желілерде, аулаларда жиналып, наразылық білдіруде. Әкімдік шешімімен келіспейтін олар уақытша баспанаға көшуден түбегейлі бас тартып, мәселеге көпшіліктің назарын аудартуға тырысып жүр.
Реновация тақырыбы басталғалы белсенді түрде наразылық танытып жүрген тұрғындардың бірі Екатерина Железина үйлерді уақытша босату үшін тұрғындар арасында бопсалау мәтінді қағаз тарағанын айтады.
«Реновацияға жауаптылар үлкен қылмыс жасап отыр. Мен тек пәтер, аула немесе өзім тұратын аудан үшін емес, қала болашағы үшін уайымдаймын. Егер бұлай жалғаса берсе, Алматыда цемент пен тығыз орналасқан төртбұрышты биік ғимараттан басқа ештеңе қалмайды. Әрі қарай не боларын білмеймін, бірақ қазір «көшсең де бұзамыз, көшпесең де бұзамыз» дегендей болып отыр. «Ғимараттарды бұзу бойынша ақпарат» деген қағазда тұрғындардың 100% келісімі болмаса, тұрғындарды қала шетіне мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерге көшіреміз, кейін қайта салынған өз үйлеріңіз берілмейді. Қаржылай өтемақы төленбейді деп жазылыпты»
«Өлсем де, үйімді бұзғызбаймын»
«Аталарым жарты ғасыр өткен соң мен бір қиқым жер үшін соғыссын деп жанын қиған жоқ. Қазіргі құрылысқа жауаптылардың істеп жатқаны 90-жылдардағы рекеттердің істегенінен бетер, бізді үйден қоқыс шығарғандай қууда. Бірақ қалағанын істесін, мен өлсем де бұл үйден кетпеймін, бұзғызбаймын,аспан тірейтін көпқабатты үйде тұрғым да келмейді. Бірақ қазір бір белгілісі – бұл іс енді жақсылықпен бітпейді. Өкініштісі – біздегі реновация қайта қалыпқа келтіретін емес, қаланы жоқ етіп жіберетін амал. Айналып келгенде бәрі экологиялық жағдайды ушықтырады, әйгілі апорт пен қызғалдақты алу үшін ағылып келетін турист Алматы үшін жақында арман болып қалады»
Бұхар жырау көшесі - Malim
Біздегі реновация – құрылыс компанияларына пайда әкелу мақсатын көздейді
Urban Forum Kazakhstan бастамасының мүшесі Диас Маратұлы дұрыс реновация қандай болуы керек екені туралы айтып, Алматы да реновациялау шарасына мұқтаж деп есептейтінін айтты.
«Реновация сөзін латын тілінен аударғанда renovatio —жаңарту дегенді білдіреді. Тұрғын үй мәселесінің тақырыбында айтар болсақ, осы жаңарту міндетті түрде жақсарту әсерін тигізуі міндет. Алайда қазіргі кезде реновацияны көбіне жай ескі үйлердің орнына жаңа үй салу деп ұсынып жүр. Осындай жеңілтек көзқарастан көптеген проблемалар туындап отыр.
Кез келген реновацияға жатады деген үйді алатын болсақ, ол тек қана шаршы метрлер емес екенін ескерген жөн. Әр үйдің, оның тұрғындарының өз тарихы бар, ол үйдің аудан, тіпті қала өмірінде алатын өз орны бар. Егер еш контекстіні ескермей, орныққан сценарийде өз орны бар бір үйді, не бүкіл ауданды мүлдем өзгертіп тастасақ, қалыптасқан қала ортасы жойылып, қайтарымсыз өзгерістер туындайды және бұл өзгерістер теріс нәтижеге әкелуі мүмкін. Сол себепті, әр реновация жобасы бірінші кезекте зерттеуден басталуы қажет. Осындай зерттеуді UrbanForumKazakhstan қоры елімізде алғаш мысалы ретінде Алматының тарихи тұрғын үй құрылысының екі учаскесі мысалында, бұзуға және жаңа құрылысқа жоспарланған реновация жобаларын кешенді пәнаралық зерттеу жасады. Зерттеуге тұрғын үй қорының, қалалық ортаның, құрылыс жоспарларының жай күйін бағалау, сондай-ақ аудандардың даму сценарийлерін әзірлеу кірді. Реновацияның архитектуралық, әлеуметтік және антропологиялық компоненттері терең зерттелді. Тек осындай зерттеулерге негізделіп жасалған реновация, шынымен қалаға жақсарту әсерін тигізе алады».
Қазіргі уақытта Елена Железина мен өзге де тұрғындар реновациялауға қарсылық танытып жүрген іс әлі екіұдай күйде. Тұрғындар наразылықтарын білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жазба арқылы сейсмоқауіпті аймақта орналасқан үйлерін бұзудан сақтап қалатындарына әлі үмітті. Ал ғимаратты жаңартуға жауаптылар үй кезіп, тұрғындардың «Келісемін» деген қолын жинауды жалғастыруда.
«Өкінішке қарай, K7 group ұсынған жоба ауданды жақсартады деуге келмейді. Тіпті тұрғындардың соншалықты ұсынылған жобаға қарсы шығып отырғаны, ондай өзгерістер олардың өмір сапасына оң әсер етпейтінін анық көрсетіп отыр. Ұсынылып отырған жоба сәулет мән-мәтінін, қалыптасқан ортаның сәйкестігін, экологиялық факторларды, инженерлік және көлік инфрақұрылымына жүктемені есепке алмай, сондай-ақ осы учаскенің қала құрылысы әлеуетін және оның бүкіл аудан құрылымындағы рөлін есепке алмай әзірленді.
Біздің қалаларымызда ескірген, жаңа заманның талаптарына сай келмейтін, тіпті қауіпті деген үйлер аз емес. Алайда атқарылып отырған жобалардың көбінде бірінші кезекте реновация – құрылыс компанияларына пайда әкелу мақсатын көздеп отырған амал екенін көріп отырмыз. Бізге реновацияға деген осы көзқарасты өзгерту қажет», - дейді урбанист.