Оқуға түспеген талапкерлер наразылыққа шықты
Жастайынан спортпен шұғылданып, елеулі жетістіктерге жетсе де, Алматыдағы Спорт және туризм академиясына түсе алмай қалған 20 шақты талапкер мен олардың ата-аналары бүгін осы оқу ордасының алдына жиналды. Жас спортшылар оқуға түсерде ҰБТ мен шығармашылық емтихан балдары ғана назарға алынып, спорттағы жетістіктері еленбей қалғанына наразы.
Грантқа түсе алмағандардың арасында тіпті ұлттық құрамада жүрген спорт шеберлері бар. Ольга Гришинаның қызы Мария Гришина регбиден халықаралық спорт шебері, ұлттық құраманың ойыншысы.
[caption id="attachment_6634" align="alignleft" width="1024"] Ольга Гришина және оның қызы Мария Гришина[/caption]
– Қызым регбимен 10 жылдан бері айналысады. Еліміздің атынан барлық жарыстарға қатысып жүр. Жетістіктері де бар. Ары қарай өзін дамытып, жоғарғы білім алып, жаттықтырушы болғысы келеді. Себебі бұл саладағы жаттықтырушылардың барлығы үлкен кісілер, олардың орнына да адамдар керек. Ал мұнда ұпай бойынша ғана грант беріп жатыр, мықты спортшылар еленіп жатқан жоқ, – дейді Ольга Гришина.
Шыңғыс Серіков – қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, жас дзюдошы грантқа іліне алмай қалған.
– ҰБТ-дан екі пән бойынша 30 ұпай, ал шығармашылық емтиханнан 80 ұпай жинадым. Бірақ грантқа түсе алмадым. Дзюдомен кәсіби түрде айналысып, көптеген жетістіктерге жетуді армандадым. Бұйырғаны осы болды. Егер грант берілмесе, ақылы бөлімде оқи беремін, – дейді Шыңғыс Серіков.
Ал Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлнұр Нұрланқұлованың баласы жеті жылдан бері футболмен айналысады. Г.Нұрланқұлованың айтуынша, баласы ҰБТ мен шығармашылық емтихан бойынша 119 ұпай жинаған. Ол баласының жоғары ұпай жинай тұрып, спорттағы жетістіктері мен жүлделері еленбей қалғанына қапалы.
– Ұлым 7-сыныптан бері Талдықорған қаласындағы спорт мектебінде оқыды. Спортта көптеген мақтау қағаздары мен медальдары бар. Менің ұлым қалалық мектепті бітіргендіктен, грантқа түсе алмай қалды. Оқуға түскендердің арасында ауылдық квотамен тапсырғандарға грант көп бөлінген. Өзі осы оқу орнын қалаған соң, бала үшін келісіп отырмыз, – дейді ол.
Наразылардың алдына шыққан академияның проректоры Мұхтар Есқалиев оқуға түскісі келетін спортшылар көп болғанымен, жылда бөлінетін грант саны аз дейді. Дегенмен грант конкурсында талапкердің спорттағы жетістіктері аздық етеді. ҰБТ-дан жоғары балл жинаған талапкерлердің бағы басымырақ.
[caption id="attachment_6637" align="alignleft" width="1024"] Спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев[/caption]
Проректордың айтуынша, осы жылы тек осы академияның өзіне 744 талапкер тапсырған. Ал жалпы грант саны – 350. Бұл өткен жылғы грант санынан 2 еседей көп.
– Біз премьер-министрге де, білім министріне де, спорт және мәдениет министрлігіне де осындай жағдайдың алдын алыңыздар деп хат жаздық. Олар өз жауаптарын айтады, бірақ нәтиже жоқ, – дейді проректор.
Академияның қолынан бар келері, оқушылардың спорттағы жетістіктері мен жағдайларын ескеріп оқу ақысына жеңілдік жасау. Осы мақсатта оқу орны жыл сайын 50-55 млн шамасында қаржы жұмсайды. Сондай-ақ Туризм және спорт академиясы көпбалалы отбасы мен толық емес отбасынан шыққандарға және жетімдерге спорттағы жетістіктерін қарастыра келе оқу ақысына жеңілдік пен жатақханада тегін тұру мүмкіндігін береді.
Мәлім кз тілшісі сөйлескен жалғызбасты ана Гүлғайым Мәулі сондай жеңілдіктен үміттілердің бірі. Ұлы Серікбек Жансерік алты жасынан бері футболмен шұғылданады. Отбасылық жағдайына байланысты оқу орнынан баласына жеңілдік сұрайды.
Жалпы, спортта елеулі жетістікке жетсе де, Спорт және туризм академиясына түсе алмаған спортшылардың дауы жыл сайын қайталанады.