Референдум саясат пен санадағы өзгерістерге жол ашты

  • 10.11.2023

Ақпарат ағымы тасып тұрған мына заманда таңертеңге жаңалық кешке қарай тарих болып қалып жатыр. Соның әсерінен апта, ай, жыл бойында өтіп жатқан қоғамдық өзгерістер мен саяси жаңаруларды шолып қарауға көпшіліктің мойыны жар бермей жүр. Осы ретте Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Калыйма  Жантөреева Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және қабылданып жатқан реформалар жайынды және сол жұмыстардың Түркістан облысына әсеріне кеңінен тоқталыпты. Бүгін, кеше және өткен жылдықтарға көз жүгіртіп, ой қорытқан мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары аса маңызды саяси реформалар жасады. Референдум, әкімдер сайлауы бәрі бір-бірімен сабақтасып тұр. Бұл реформалар туралы өз Жолдауларында да тұрақты айтып келеді.  Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын  іске асыру бәрімізге ортақ міндет»,  деп азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін осы арнаға қолдану керектігін нақтылады, халықпен  кері байланыс орнатудың тиімді жолдарын айқындады. Осылайша, Сабақтастық  жолы  өз жемісін нақты түрде бере бастады. Бұл да елдің  сыртқы  күштерге төтеп бере алатын  тәуелсіз еліміздің тәуелсіз стратегиясының өміршеңдігінің белгісі. Билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің арасында демократиялық  ашық диалог дамуда. Тұрғындар түптеп келгенде мемлекет пен арадағы әлеуметтік мәселелерде делдалдарды қажет етпейді.  Пандемия кезіндегі «Біз Біргеміз» акциясы елмен бірге болудың, бауырмалдықтықтың жиынтық үлгісін көрсетті. Нені негізге алу керек, нені мойындау керек дегенде «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз, тәуелсіздікті  ұрпақтан-ұрпаққа     шайқалтпай жеткізу,  оны нығайта түсу үшін күш салу бәріміздің парызымыз»  деген нүктелі тұжырым жасады. Елдіктің мән-мағынасы, қасиеті тәуелсіз санамен үндес. Тәуелсіздік ұғымы  сананың оянып рухты күшеюіне әлсіреп жатқан адам ағзасының жасаушаларына нәр беріп оятады  «Тәуелсіздікті нығайту халықтың өзінің қолында» деп қоғамдық санаға қозғау салды, патриоттық сезімнің шоғын  үрледі, патриоттық иммунитетті көтереді. Елдік деген бір ауыз сөзі өзге ұлттарға, үлкен-кішіге,  көпке  ой салды, бірлікке, бірауыздылыққа, ынтымаққа шақырды. Бүкіл қазақстандықтарды дүрліктірген Қаңтар оқиғасы  еліміздің әлеуметтік саласында ғана емес саяси жүйесіңде де  олқылықтар орын алып отырғанын   көрсетті. Бұрын экономика-экономика деп саяси бағдарға аса мән берілмегені айдын анық болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев телеарналарға сұхбаттар беріп, Үндеу де жасады. Халықтың алдына барлық мәселені жайып салды, елден ұсыныстар күтті, осылайша білек сыбанып кірісті. Халықпен кері  байланыс орнатудың нақты қадамдарына барды. Барлық ұсыныстар мен пікірлерді електен өткізіп барып,  Жолдауын жариялады.

Бұл Жолдаудың бағыты – барлық салада қоғамның бүкіл санаттарының тепе-теңдігін сақтай отырып,   саяси, құқықтық  жүйеде әділетті  реформа  жасау. Халықтың ойынан шығатын  заңнамалық құрылымдық  жүйені  жетілдіру арқылы ғана Әділетті  саяси  құқықтық реформа қажеттігін жұртшылыққа жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы" Жолдауына талдау жасағанымда   ең көп кездесетін сөздер мемлекет   67 рет, қоғам 55 рет, еліміз 45 рет, заң 44 рет, сайлау 40  рет, Қазақстан, адам, саяси  сөздері 39 реттен, жүйе 35 рет қайталаныпты. Бұл сөздер – негізгі нысананы анықтайтын  құлып ашар, кілтті  сөздер. Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғамның  арасындағы  байланысты   жақсарту,  қоғамның  үнін билікке  жеткізіп, елімізде заңның үстемдігін  қамтамасыз ету  арқылы сайлау жүйесіне өзгеріс ендіру қажеттігін, Қазақстанда  саяси  жүйе де жаңғыратын болады деген тұжырымды  елге жеткізді.

Осы уақытқа дейін  1995 жылғы Ата заңымыз бүкілхалықтық референдум  арқылы дүниеге келсе, содан  бері  уақыт талабына сәйкес, Ата заңымыздың 64  бабына қатысты,  1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдарда бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. 1993 жылғы 28 қаңтарда  Жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясына дауыс берсе, 1995 жылғы 30 сәуірде Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов бастаған арнайы жұмыс тобы құрылды. Конституцияның жобасы 1995 жылғы 22 мамырда арнайы құрылған консультативтік кеңеске қарауға және заңдық баға беру үшін ұсынылды, ал 30 маусымда бүкілхалықтық талқылауға шақырылды. Бір ай ішінде қоғам тарапынан 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар жасалды. Нәтижесінде Коституция мәтініне 1 100 түзету енгізілді. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өтті, оған сегіз миллионнан астам адам қатысты, бұл азаматтардың сайлау учаскерлерінің тізіміне енгізілгендердің 90,51%-ын құрайды. Дауыс берген азаматтардың 89,1% -ы республиканың Ата Заңының қабылдауын қолдады. Конституцияның қабылдау арқылы  мемлекеттік биліктің коммунистік конституциясыздықтан президенттік басқару нысанына көшуді рәсімдеу де аяқталды. 1998 жыл 19 бапқа өзгеріс енді. Мәжіліс депутаттарының саны пропорционалды өкілдік негізінде партиялық тізімдер бойынша сайлауда жеңіп шыққан саяси партияларға берілетін 10 мандатқа ұлғайтылды. Парламенттің  өкілеттіктерін кеңейту, Үкімет мүшелерінің депутаттық корпус алдындағы жауапкершілігін кеңейту, Парламент депуттартарының өкілеттік мерзімін Мәжіліс депутаттары үшін төрт жылдан бес жылға дейін және Сенат депутаттары үшін алты жылға дейін ұлғайту, алқабилер институын енгізу және т.б. елеулі толықтыру болды. 2007 жыл өзгерістер 40 бапқа енгізілді. Қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігуіне және қоғамдық бірлестіктері мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салу алып тасталды, өлім жазасын қолдану шектері шектелді, қамауға алуға және қамауда ұстауға тек соттың санкция беруі белгіленді. Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, оның депутаттарының саны ұлғайтылды, оларды сайлау тәртібі мен олардың мандатын тоқтату негіздері жетілдірілді. Премьер-Министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партия фракцияларымен консультациялар рәсімін енгізу есебінен Парламент мәртебесі нығайтылды. Пропорционалды сайлау жүйесіне  көшу бекітілді. Президенттік өкілеттік мерзімі 7 жылдан 5 жылға дейін қысқарды. «Тұңғыш Президент» деген анықтама пайда болды. Сондай-ақ президенттік кандидаттар үшін соңғы 15 жылда Қазақстан тұрақты тұруға қатысты жаңа талап жазылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз өкілдерін Мәжіліс пен Сенатқа жіберу құқығын алды. Негізгі Заңның сот және құқық қорғау, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйелерінің және кейбір басқа да жүйелердің қызметін регламенттейтін жекелеген нормалары өзгертілді. 2011 жылы Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған түзетулер енгізілді. 2017 жылы 25 бапқа өзгеріс енгізілді.Конституциялық реформаның басты мақсаты- Президенттің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру.Президенттік кандидатқа қойылатын талаптарға толықтырулар енгізілді. Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды, Республика Президентімен келісу бойынша мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар жүйесін бекіту өкілеттігі тоқтатады деп белгіленеді. Президент Премьер-Министермен және Парламент Палаталарының Төрағаларымен консультациялардан кейін кез келген мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату құқығына ие болды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібі өзгерді. Мемлекеттік қызметшілердің ауыстыру Президенттің ұсынуы бойынша мәслихаттардың келісімімен жүзеге асырылатын болды. Астана шегінде қаржы саласында ерекше құқық режимі орнатылды. Террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімі бойынша азаматтықтан айыру негіздері көзделді.

Конституцияға өзерістер мен толықтырулар енгізу – заңдылық. «Заман өзгерсе, заң өзгереді» деген аталы сөздің түйіні.

2022 жылы  қолданыстағы Конституциямыздың  33 бабына өзгеріс енгізілуі туралы мәселе  өте ауқымды  болғанын ескере отырып,  Мемлекет басшысы  Республикалық  Референдум туралы заңның  18  бабына сәйкес, референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформалар  стратегиялық  болғандықтан халықтың қолдауы аса қажет екені белгілі. Республикалық референдум туралы заң  IV-тараудан, 37 баптан тұрады. Референдум – дауыс берудің  ең демократиялық  түрі әрі тікелей халықтың еркін білдіреді,ел пікірімен санасудың ең жоғарғы сатысы. Референдум арқылы өткізілген  Конституциямызда ешқандай бір тармақта, не бапта  Президенттің өкілеттігіне артықшылық көрсетілмеген, қайта Суперпрезиденттік  басқарудан біртіндеп көшіп  ықпалды Парламент мәртебесін көтеру, Президенттің өз өкілеттігі тұсында партиядағы  мүшелігі тоқтатылуын заңда қарастыруы   Президенттік өкілеттілікке үстемдік беруден бас тартқанын көрсетеді. Әділ шешім, бүкіл азаматтық қоғам институттарына  бірдей әділ  көзқарас.  Әділ көзқарас болған жерде әділдік принциптері жұмыс істейді. Сонда ғана ел сеніп, көшбасшы соңынан ереді. Жеті жылға бір рет қана сайлану, өкілеттігі тұсында ешбір партияда болмауы және Президенттің жақын туыстарына  саяси лауазым иеленуге тыйым салыну жөнінде  нағыз әділдік сипат бар. Сайлау жұйесінде аралас жүйенің ұсынылуы  ел арасында қызығушылық тудырды. «Кеңес» сөзі «Сот» сөзімен   ауыстырылды, VII бөлімде Конституциялық сот   құрылымы туралы  толықтыру бар. Конституциялық сотқа жүгіну құқына Бас Прокурор және Адам құқығы  жөніндегі уәкіл ие болады. Сондай-ақ, 83 бапта  Адам құқығы жөніндегі уәкілдің мәртебесі  конституциялық заңмен айқындалады.

Жұртшылықтың ойынан шыққан  бір  мәселе -Жер мәселесі. Конституцияның 6-шы бабы 3–тармағындағы өзгерісте  «жер мен оның қойнауы,су «жер мен оның қойнауы,су көздері,өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет  халық  атынан  меншік иелігін жүргізуге құқылы.Жер сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде,шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деп көрсетілген. Елдің бірлігі үшін, тыныш тірлігі үшін  саяси жұйедегі өзгерістерді таразылап, жеті рет өлшеп бір рет кесу арқылы  референдум арқылы қоғамның барлық санаттарымен санасу, пікір алмасу демократияны көрсетеді.  Сайлау мәдениетінің қалыптасуы азаматтардың белсенділігіне  байланысты.

Елімізде өткен референдум қоғамның саяси жүйеде  жаңа өзгерістерді қажет ететінін, сұранысын айқындады.Негізі мемлекет мықты болу үшін мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты азайту керектігін сарапшылар әлдеқашан  дәлелдеп қойған. Шешу тетіктері де белгілі. Ол қоғам мен билік арасындағы диалогты  нығайту. Әсіресе жұртшылыққа ұнамайтыны  тамыр-таныстық мәселесінің белең алуы. Тамыр-таныстық түбегейлі толығымен жойылған  кезде ғана  сыбайлас жемқорлықтың да тамырына балта шабылары  сөзсіз. 
   Ұлытауда ірі  мәселелерді ел болып ақылдасып шешу үшін  Ұлттық құрылтайдың өтуі Мемлекет басшысының  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін айшықтай түседі.  
Ата заңға өзгерістер енгеннен кейін конституциялық  заңдарға  да өзгерістер ене бастады. Сайлау, Сот саласын  реформалау, әділ  билікті қамтамасыз  етуге  қатысты нақты жұмыстар атқарылуда. Халыққа керегі әділ саясат екені айдан анық болды.

Мемлекеттің мақсаты – азаматтардың  тұрмыс сапасын жақсарту  десек, осы мақсатты орындау барлық  азаматтардың адал еңбек етуі  алғы шарт. Осы тұста мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның  қажыр-қайраты үндестік тауып,  отаншылдық қасиетімізді ширатуымыз аса  маңызды. Заңның үстемдігін мойындауға бүкіл халқымыз міндетті. Әдетте   баланың мойнына ұзақ тағылып исі сіңген  тұмарды  бойтұмар деп атайды. Бойтұмарды қастерлеген, жазатайым мойыннан шешіп қойғанда, қол жетпейтін биіктеу жерге қастерлеп  ақ шүберекке орап сақтаған. Қазақтың мойнындағы бойтұмары ол қолымыз жеткен Тәуелсіздік. Бүкіл рухани құндылықтарымыздың өміршең болуы Тәуелсіздіктің өміршеңдігіне, нығаюына әбден байланысты, жұбы жазылмай қатар өрілген алашаның желісі мен арқауындай аса маңызды әрі миссиясы мол қастерлі   дүние. 
       Соңғы  жылдардағы сайлау жүйесіне  бұрылып, талдап қарасақ, бұрынғыға қарағанда  азаматтар арасында немқұрайлылық жоқ. Демек, елімізде сайлау мәдениеті  әлдеқайда қалыптасып келеді. Ашықтық, әділдік деген ұғымдар көптің санасына енген. Бұл жасалып жатқан реформалардың дәйектілігі, ел сеніміне ие болудың белгісі, реформалардың тиімді әрі табысты болуының көрінісі.
Әсіресе халыққа ұнайтыны  қоғамның барлық топтарына  бірдей  көзқарас, тепе-теңдік    саясаты.   Сондай-ақ,   аралас сайлау жүйесінің енгізілуі  барлық азаматтарға өздерінің сайлану құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жалпы елімізде сайлау мәдениетін  салыстырмалы түрде бағамдасақ   Президент сайлауы алдында құрылған Халықтық коалициядан-ақ байқауға  болады. Бірнеше  саяси партия, отызға жуық қоғамдық ұйым ортақ мақсат  аясында топтасып, бәріне  ортақ бір ғана кандидатты ҚР Президенттігіне үміткерлікке ұсынды. Бұл топтасу ел дамуы үшін, мемлекеттің өркендеуі үшін, тәуелсіздіктің тамырының тереңдеуі үшін  ортақ шешім болды. Ой бірігуі азаматтардың құлашын алысқа сермеп, құлшыныс, қуат болашаққа деген сенім береді.  Саяси  партиялардың бір мақсатқа жету  үшін коалиция құруы  шет мемлекеттерде бар үрдіс. Жақтаушылардың санын көбейтуге  әрі сайлауда жеңіске жетуге жасалған  тиімді қадамдар болып саналады. Бірлесу бірлікке, берекелі тірлікке бастайды. Ең бастысы жүрекке ұялаған патриоттық сезімнің тереңде жатуы, ойдың тұрақтылығы, әр азаматтың бойында табандылықтың  қалыптасуына алып келетіні сөзсіз. Алыс жақын  шет елдерде геосаяси жағдай тұрақсыз болып жатқан сәтте азаматтық қоғамның  бір мақсатқа бірігуі – ынтымаққа,  тұрақтылыққа жетелейді.

Саяси аренаның әділдігі үшін нақты қадамдар  бірден-бір Сайлау туралы заңға өзгерістерге тікелей байланысты.  97-1-баптағы 5 тармағындағы  депуттаттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығында, партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызын қарауға тиіс деген өзгеріс бұрын соңды болмаған. Сондай-ақ Сенаттың, Мәжілістің сандық құрамындағы өзгерістер –Парламентті қалыптастыру тәртібі. Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға қысқартуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын Мәжілістен Сенатқа беруі  қалай болғанда да  Парламенттің рөлін  күшейтеді. Тағы бір  тұщымды мәселе  Мәжілісті 70%   партиялық тізім бойынша, 30% бір мандаттық округтер бойынша, облыстық мәслихаты 50/50   пропорциональды-мажоритарлық, аудандық, қалалық мәслихаттарды  толық бір мандаттық  мажоритарлық жүйемен қалыптастыру реформасын халықтың басым бөлігі күткен еді. Азаматтық қоғам арасында  сайлау жұйесіндегі оң өзгерістер партияда мүше емес азаматтар үшін  тиімді, бұл тұста барлық азаматтардың  құқықтары сақталып әділетті  саяси жүйе қалыптасады. Сондай-ақ, партияларды тіркеу  үрдісіндегі  тіркеу шегін 20 мыңнан  5 мың мүшеге дейін төмендету  көппартиялық мүмкіндікті жоғарылатады.  Осының бәрі азаматтық әділ қоғам орнатудағы жасалған  теңсіздікті  жоюдағы нақты әрекеттер ғана емес, бәсекелестіктің жоғарғы сатысына алып баратын баспалдақтар. Бұл сайлау процесін жаңғыртудағы жұртшылықтың ойында жүрген бойын мазалаған ойлар болатын. Ой қозғай отырып  саяси жүйе жаңғырады, заңдар  тиімді жұмыс істей бастағанда ғана   алға қойған нәтижеге жетеміз. Саяси жүйе дұрыс жұмыс істесе,  экономикалық, әлеуметтік даму  процестері өз арнасымен  жұмыс атқарып, халықтың әл-ауқаты жақсаратын болады. Барлық реформалар елдің дамуы үшін, халықтың қамы үшін  жасалуы тиіс. Ой жақсармай күй жақсармайды

Жалпы Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті.  Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру елді  еңсесін көтеріп тастады. Заңсыз иемделіп қаржыны, активтерді қайтару, түскен қаржыны әлеуметтік салаға, мектеп салуға бағыттау әділетті қоғам құрудың жолындағы тұсаукесер үлкен бір нәтиже.

Жолдау. Референдумда көтерілген міндеттерді шешуге жол бастаушы

Мемлекет басшысының қай Жолдауы болмасын елдің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтауды, елдің  экономикасының дамуы арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Ал, биылғы Жолдаудың  ерекшелігі айтылған міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуы тиістігі, аса күрделі міндеттерді жүзеге асыруға нақты мерзім бекітілгендігі. Талдап қарасаңыз Жолдауда ең көп қолданылған экономика-68, мемлекет-42, заң-23, халық-22, бизнес-18 сөздері Басты бағыт экономиканы дамытудың жоба-жоспары болғандықтан экономика сөзінің Жолдауда көп кездесуі заңды. Экономика сөзінен кейін кездесетін мемлекет, заң, халық, бизнес сөздері Жолдаудағы қойылған мақсаттарға сай рет-ретімен қажеттілігіне сай орын алған. Кедергілерді жою үшін заңдарға өзгерістер енгізу, экономиканы дамытуды Мемлекет-Бизнес-Халық  үштағаны бірлесе жүйелі түрде әрекет жасағанда ғана межеге жетеміз дегенді білдіреді. Жолдау нақты көрсеткіштерге, экономиканың тұрақты өсімін  6-7 пайызға жеткізуге, 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге жеткізуге негізделген.

Жолдауда айтылған басты міндет – өз елімізде өндіріс пен өнеркәсіпті дамыту арқылы экономикамызды көтеру, табысты арттырып, халықтың әл ауқатын жақсарту.

Мемлекет басшысы экономикадағы реформаларды жүзеге асырудағы қаржы, салық-бюджет, ақша несие саясатының үйлесімдігі қамтамасыз етілген тұста ғана орын алатын макроэкономикалық тұрақтылыққа тоқталды. Әсіресе, банктердің жұмысына ерекше акцент жасауы орынды болды.

Банктер экономиканы дамытуға атсалысудың орнына   тұтыну несиелерімен айналысып, көптеген азаматтардың  қарызға батуына әкеліп соқты. Банктердің таза пайдасы былтыр бір жарым триллионды құраса, биылғы бірінші жарты жылдықта таза пайдасы бір триллионнан асып жығылыпты. Бұл деген экономика салаларының үйлесімдік таппағаны, таразының бір жағында банктер  екінші жағы несие тұтынушы халық. Ұлттық банк инфляциямен күресу жолында базалық мөлшерлемені жоғарғы деңгейде ұстап тұрғандықтан банктердің мол табыс табуына жол берілді.  Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін мықты экономист-эксперттердің талдауы қажет.  Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудағы табысы зерделеуді, құнды қағаздар, акциялар жөніндегі заңнамалар сұрыптау қажет етеді.

Сондай-ақ банктердің «қозғалыссыз» жатқан 2,3 триллион активтерін экономикалық айналымға қосу туралы нақты шаралар қабылдаулар бұрын соңды болмаған, бұл жөнінде Мемлекет басшысы цифрлық платформа құруды тапсырды. Ашық әрі әділ қадам.

Жолдауда Мемлекет басшысының Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсыруы бюджет саясатының тиімділігін арттыра түспек.   Корпоративтік табыс салығының бір бөлігін, жергілікті бюджетке түсетін салықтарға байланысты жеңілдіктерді өңірлерге беру аймақтардың дербестігін арттырады. Қосымша құн салығын қайтарудың күрделілігі үлкен мәселе. Бұл тұста кәсіпкерлердің пікірін айта кеткім келеді. Жаңадан ашылған өнеркәсіп орындарын да алғашқы үш жылда қосымша құн салығынан босатса, кәсіпорынның аяғына тұрып кетуіне жақсы демеу болар еді.

Жеке тұлғалардың кепілсіз несиесін кешіру әрине жақсы көмек алайда бұнымен мәселе толық шешіліп бітпейтіні рас. Тұрғындардың өздері де ойланып несие алу керек, қайтара ала ма әлде күмәнді ма? әбден таразылау қажет. Дәл осы тұста Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы халықтың қаржылық сауатын арттырудың тиімділігі туралы өте жақсы пікірін білдірді. Қазірдің  өзінде жобаның игілігін ауыл тұрғындары көруде, әсіресе  несиесін қайтара алмай жүргендер үшін үлкен әдістемелік көмек. Түркістан облысының өзінде «Қарызсыз қоғам»  партиялық жобасы аясында 12650 адамды оқыту жоспарланса, қазіргі таңда 11200 адам оқытылды. Бүгінгі күнде Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында 600 адам оқытылуда.

Қаржыны қалай игеру, тиімді жарату, есептеу, жоспарлау жолдарын білікті мамандар мен бекітілген тренерлер егжей-тегжей түсіндіруде.

Жолдауда белсенді орта кәсіпорындардың әрқайсысына нақты жоспар әзірлеу жөнінде тұщымды  тапсырма айтылды. Орта кәсіпкерліктегілер енді қарқын алып дами бастаған кезде, салықты көп төлемеудің  жолын іздеп бөлшектеніп жататыны белгілі жәйт. Бұл үлкен кедергі. Кедергіні жоюдың бірден-бір жолы заңға өзгерістерді талап етеді. Мақсаты –  «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін кешенді бағдарлама жасау, «Бәйтерек»  холдингінің құрылымын өзгертіп цифрландыру мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға септігін  тигізеді.

Еңбек нарығын дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі кешенді жоспардың тез арада бекітілу жөніндегі Үкіметке берілген тапсырма өте күрделі тапсырма, аса мұқият экономикалық болжамды талап етеді. Биылғы  мектеп түлектерінің басым бөлігі мұғалім болуды таңдағаны бұл қажеттіліктен туындаған құбылыс па әлде мұғалімнің жалақысы жоғары болғандықтан туындаған ба? Әлде күнделікті өмірде тұрақты жалақы шынында да мұғалімде болғандықтан ба? Осы сұрақтарға іштей жауап іздедім. Меніңше, бір күнмен өмір сүру алысқа апармайды. Соншама мұғалім қай жерге барып орналасады, мектептер резина емес, сақырлаған мұғалім дипломдары, бірте-бірте сұраныс ұсыныстан басып озып жұмыс іздеп сабылып жүретін мұғалімдер пайда болатыны сөзсіз. Бұған терең эксперттік пікір де қажет емес, қарапайым кез-келген азаматқа түсінікті. Техникалық мамандықтарға бару керек, бүгін болмаса жұмыс орны ертең бес жыл көлемінде міндетті түрде  болады. Экономикалық болжам жетіспейді, әсіресе кадр дайындау бойынша. Бізде алдағы үш жылда қанша кәсіпорын ашылады? Қандай мамандықтар қажет? Бұл жерде қаланы айтпағанда ауылда жердің географиялық ерекшелігіне, тұрғындардың бейімділігіне қарай сегментке бөліп кәсіпорын ашуды қолға алу керек. Шығынды көп қажет етпейтін отбасылық бизнесті дамыту қажет. Жұмыс орны болса баратын азаматтар табылады. Тек шынайы білекті сыбанып кірісу жетіспейді. Бұны жаңадан сайланып жатқан ауыл әкімдеріне ұсынысым дер едім. Жолдауда айтылған жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшудің ең қарапайым жолы.

Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының елге қажет екендігін, шаруашылық иелері өзара бірігуіне жағдай жасау керектігін айтқан болатын. Аталған жоба науқандық жұмыс емес. Алдағы үш жылда барлық өңірлерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 триллион теңге бөлінетін болады. Түркістан облысының өзіне ғана биылға республикалық бюджеттен  19,8 млрд. теңге бөлінді.  «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21,4 млрд. теңге құрайтын 4089 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде, уәкілетті органмен 3766 жоба қаралып, жалпы соммасы 18,1 млрд. теңгені құрайтын 3026 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 13,9 млрд. теңге құрайтын 2350 жоба қаржыландырылды. Мақұлданған жобалар арасында атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың да жобалары бар. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. Тұрғындардың бірлесіп, бірігіп кооператив құрып жұмыс орнын ашуы өте тиімді, біріншіден кооперативке қажетті қаржыны жеткілікті алуға, екіншіден неғұрлым алынған қаржы көлемі өскен сайын ескірген ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға мүмкіндіктер туындайды, үшіншіден еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.

Жолдауда Атом электр станциясын салу, салмауды референдумға халық алдына талқылауға шығару жөнінде айтылды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей халықтың экологиялық әсерден тайсақтайтыны жасырын емес. Егер де, барлық экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталса  қорқатын несі бар салу керек деп ойлаймын. Дәл қазір кәсіпкерлердің энергия қымбаттығынан шығарылған өнімнің бағасы көрші Қытайдан келген тауарлардан анағұрлым жоғары болғандықтан бәсекеге төтеп бере алмай өндіріс аша алмай отырғаны белгілі. Отандық өнім  шығаруды қолдаудың бір жолы энергия бағасының қолжетімді болуы. Электр энергиясы өзімізде өндірілсе, әрине арзан болады.

Баламалы энергетика – кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласы, өнеркәсіп не өндіріс болмасын, экономиканың басты қозғаушы күші болған болып қала бермек. Дамығымыз келсе тәуекел деп  өзімізден салған дұрыс. Біз салмасақ, көрші өзбек елі салып электр энергиясын бізге ұсынатын болады. Ал қайдан салу керектігін, қуаттылығы қанша болатындығын зерделеу нағыз кәсіби мамандардың пікіріне арқа сүйеп, ғалымдардың еншісіне қалдырайық.

Талдап қарасаңыз, осы Жолдаудағы тапсырмалар 2012 жылдың 14 желтоқсанында жарияланған Жолдаудың екінші тарауындағы XXI ғасырдың жаһандық он сын қатерінде  біразы айтылыпты, әсіресе төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы күн тәртібіндегі ас маңызды мәселе. Су – шектеулі ресурс. Қайталанған тапсырманы дұрыс деп  санаймын  бұл өткенге бұрылып, «не назардан тыс қалды?» деген сұраққа жауап іздеп, нақты орындау тетігі. Жолдауда трансшекаралық сулардың геосаяси астарына да мән берілуде, суды үнемдеу технологиясын енгізу саясатын жүргізу қажеттігі өткір болып тұр. Кезінде мықты мамандар дайындаған мамандандырылған гидромелиоратив жоғарғы оқу орындары  жабылды, бірігіп кеткендері тағы бар. Ғылыми зерттеу институттары болатын олардың да орнын сипап қалдық. Жолдауда айтылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатындығы шаруаларды қуантуда. Тозығы жеткен каналдарға жан кіретін  болды,тірлік оңдалатын болды деп қолдауда.

Ең бастысы сенім ғана адам баласын алға жетелейді. Жолдауда  айтылған салаларды толық цифрландырған жақсы, алайда сананы сілкілемей, елдік сезімді шыңдамай 100 пайыз межеленген нәтижеге жету  қиындау. Мемлекет басшысының Жолдауда Абайдың «Толық адам» ілімінен тарқайтын  «Адал азамат» тұжырымдамасын халықтың  алдына тартып, адалдық жоқ жерде әділдік болмайды деуі  қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған.

Жолдаудың кілтті сөздері  – Мемлекет-Бизнес-Халық.  Үштағаны мықты елдің саяси-экономикалық әлеуеті де жақсарады. Мемлекет бизнесті қолдаса, пен халық  пен мемлекет арасындағы алшақтық азайса, ел сұранысына жауап беру, қоғамның қолдауына ие болу деген осы.

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.