Сарайшық қаласы туристік орынға айналуы керек
Бүгін халық қалаулысы – сенатор Ғұмар Дүйсембаев жеті ханның ордасы болған Сарайшық қаласын сақтау және оны туристік нысанға айналдыру мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, көңіл бөлу керектігін айтып, Қазақстан Респбуликасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.
Бұл өте өзекті мәселе. Қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігі бұндай тарихи нысандарға айырықша көңіл бөліп, туристік нысан ретінде қарап отыр. Бұл ішкі туризмді дамытудың ең бір ұтымды тұсы десек болады. Себебі Жайық өзенінің қылтасында орналасқан көне қаланың бүгін орны сақталған. Жырлауларымыздың жырында айтатындай тоғыз ханның, кец нұсқаларда жеті ханның ордасы болған мекен. Әрі бұл қалада Қазақ хандығының іргесін нығайтқан ірі мемлекеттік қайраткер Қасым ханның сүйегі жатуы мүмкін деген де жорамалдар бар. Сондықтан депутаттың бұл мәселені көтергені өте орынды болды. Ғұмар Дүйсембаев 1996-2006 жылдары белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген қазбалардан кейін ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимараты ашылғанын, алайда оны музейге айналдыру жұмысы әлі күнге дейін жүргізілмегеніе айтты. Қала үстінде мұсылман зираты және Ескі Сарайшық ауылының жеке меншіктегі жерлері бар үйлер орналасқан. Қазба жұмыстары жүргізілген кей орындардың үсті шатырлармен жабылып, жауын-шашыннан қорғап тұр.
«Тарихи ескерткіштің негізгі сұлбасын сақтап, халық игілігіне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, Сарайшық қаласының орнын сақтау мүмкіндігі жылдан жылға азая береді. Ортағасырлық шаһардағы қазба жұмыстарына қаржыны бүгінге дейін Атырау облысы әкімдігі бөліп келді. Ендігі жерде республикалық мекеме жұмысына республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлу қажет. Айтылғандарды ескере отырып, Сарайшықты сақтап қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оны туристік аймаққа айналдыру үшін арнайы бағдарлама дайындауды ұсынамыз», – деді Ғұмар Дүйсембаев.
Сарайшық қаласы – біздің тарихи санамыз үшін орны ерекше қала. Қазір Сарайшық қаласының тарихымен таныстыратын арнайы музей бар. Ол жерде символикалық түрде жеті ханның аты жазылған күмбез қойылған. Сарайшық қаласы туралы ежелгі саяхатшылар да айтып кеткен. Араб саяхатшысы Ибн Батута «Дешті Қыпшақ даласына саяхат» деген естелік жазбаларында өзінің 1334 жылы Сарайшыққа келгенін былай баяндайды: «Біз Үлкен Сарай қаласынан атқа жегілген арбамен он күн жүріп, Кіші Сарай қаласына келіп жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын терең, әрі ағысы қатты өзеннің бойына салынған қала екен... Сарайшық – әлемдегі Бағдаттан кейінгі екінші үлкен қала. Орталығында хан сарайы тұр, оның ішінде 4 мешіт пен көптеген керуен сарайлары бар, оның биіктігі – 11 метр, қалыңдығы 4 метрге тең. Бір кереметі – қаланың әрбір үйіне су құбыр арқылы барып тұр...» деп жазады.
Расында қаңтар айында Сарайшық қаласына барғанда сол ескі құбырлардың орнын көрдік. Әрі ерте замандағы моншаның орны да сақталған. Сонда жуыну мәдениеті қазақ даласында Еуропадан бұрын қалыптасқан ба деген ой туады.
Осы Сарайшық қаласының орнын сақтау үшін қазіргі кезде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған дейін де іргелі істер атқарылған. Сарайшықты табиғи бұзылудан сақтау үшін 2016-2018 жылдары облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлініп, қорғаныс бөгеті салынған. Бөгеттің биіктігі – 3 метр, ұзындығы – 1500 метр. Бұл бөгет суды Сарайшық қаласының орнына жібермей ұстап тұрады.
Қазіргі кезде Сарайшық қаласының маңынан туристік орталық салу жоспарланып жатыр. Осыған дейін де жоспарланып, іске аспай қалған жобаны Мәдениет және спорт министрлігі осы жылдары жүзеге асыруға мүдделі. Себебі жыл сайын туристік бағыт дамып келеді. Бұрын туристік орталықтың орны дұрыс анықталмаған деп тоқталыған жоба, қазір қайта қаралып жатыр. Егер осы орталық салынса, Сарайшық қаласына барам деушілер көбейер еді. Туристік орталық ашып қоя салу да, жеткіліксіз. Сарайқшық қаласының орнында жүргізілген археологиялық жұмыстарды аяғына жеткізіп, нәтиже көрсету керек. Егер Қасым ханның мүрдесі сонда жатқаны рас болса, анықтау керек. Сонда бұл туристерді тартатын негізі дүние болар еді.