Толғанбай Сембаев: Тұрсынғазы, Қайраттай ән дүлдүлдерінің ізбасарымын

Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев аталарымыздың әндерін естіп жүрген едік

Олжас Қасым

  • 05.03.2024

Толғанбай Сембаев елімізге есімі белгілі  дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері.  Дарынды тұлғамен өнердегі жол көрсеткен ұстаздары, отандық мәдениеттің  бүгінгі беталысы жөнінде сұхбат құрған едік.       

‒Тарбағатайдың Ақшоқы деген ауылының тумасы екеніңізді білеміз. Бұл ауыл қазақтың маңдайына біткен Ерғазыдай ақын, Тұрсынғазы Рахимовтай әнші-сазгердің алтын бесік туған жері. Кіндік кескен өңірдегі алғашқы өмір сапары қалай өрілді, балалық шағыңыз қалай өтті?    

‒ Әр жердің топырағы, суы, ауасы адамның бойына қасиет болып дариды. Әсіресе өнер адамының өзіндік үні, қолтаңбасы,  бағыт алар мектебі топырағына  қарай қалыптасатын болуы керек. Оны өмір барысымыздан, жиған тәжірибемізден көріп жүрміз. Түптеп келгенде әр адамға өзінің туған жері, топырағы қымбат.  Ізгі қасиеттің бәрі осы аядай жұртта тоғысып жатады екен. Мәселен осы жерде туып, басқа жерге барып ол елдің төл өнерін өзіммен жарастырып алып кетемін деу бекершілік. Тамыр алған туған жерімізді басқа жермен салыстырып келгенде оның орны қашан да алабөтен болады.  Менің туған жерім – Бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай өңірі.  Әйгілі Тарбағатай тауының бауырында өсіп, жетілдік. Ол кез бен мына заманды салыстыруға келмейді. О заманда біздер бәріне тапшы едік. Есті жырды, даңғайыр әнді тыңдауға құмар болатынбыз. Ауылымызда асыр салып ойнағаннан басқа қызық бізде болмайтын.  Сондықтан ауылға келген әнші, жазушы бізге аспаннан түскендей көрінетін. Соларға таң қалып, табынып өстік. Бұл табыну дегеннің өзі түсінген жанға бір бақыт. Адамға еліктеу, жақсы көру, бойына кішілікті сіңіру сол табынудан басталады.  Содан болса керек, бойымызда өнерге деген құрмет туындады. Біздің көзімізді ашқан аға, әкелеріміз, Тұрсынғазы ағамыз болды. 5-сынып оқып жүрген кезім. Бірде аулымызға әртістер концерт қоюға келді. Аядай ғана өнер залына жиналған кісінің көпшілігі соншалық әншілерді көре алмаймыз, артқы жақта тұрамыз. Сосын алдымызда тұрған үлкендерге «Бір рет көтеріп, көрсетіп жіберіңізші» деп  өтінеміз. Олар «Ой!» ‒ дейді де, бір мәрте көтеріп көрсетеді де түсіре салады. Сол беті ана әншіні көре алмай кететінбіз. Тек дауысын естіп өстік. Өнерге құштарлығымыз, жақсы көруіміз солай басталды. Ол кезде адамдар аңқау, сенгіш, шын пейілімен қуана алатын, шын пейілімен қадірлей алатын еді ғой... Қазір бәрі басқаша! 

Әнге деген құштарлығыңыз қалай оянды?

2 немесе 3 сынып оқитын кезім.   Жаз туа жергілікті жұрт жайлауға көшеді.  Жаңа қонысқа қонғандар бірін-бірі ерулікке  шақырысып, жаз жайлауды қызық думанға бөлейтін. Әкемнің Асылхан деген інісі болды. Ол кісі Дәнеш Рақышевсияқты Әсеттің әндерін шебер орындайтын. Бірде түс әлетінде «Асекең ән салсын»  деген көпшіліктің қолқалауын естіп қалдым. Есіктің алдына текемет, сырмақ  жайылып Асекең ортаға отырды. Қошеметшіл қауымның құрметі тебіренткен болар,  домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Қоңыр қаз», «Қарагөз» деген әндерді айта бастады. Ол кезде кішкентаймын, сонда да әуелей көтерілген әннен өн бойым шымыр ете қалды, арқамнан бір толқын жүгіріп өткендей болды. Кейін  ойласам  менің әнге деген сүйіспеншілігім, құштарлығым дәл сол сәтте оянған екен ғой. Әкемнің інісінің дауысы ерекше әсер етіпті.  Одан соң самалдай ескен қоңыр даусымен Қайрат Байбосынов ағамыз өнерге деген махаббатымызды оятты. Ешкімге ұқсамайтын, басқаша  бір леп ала келді. Ол кезде біз Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев аталарымыздың әндерін естіп жүрген едік.    Қайрат Байбосынов ағамыздың үні біздің заманға жақын, самалдай ескен қоңыр дауыс болды. 7-8 сынып  оқып жүргенде  радиодан Байбосыновтың орындаған әндерін тыңдап ән әлеміне жіпсіз байланғандай болдым.

Қыстыгүні бірде  атшанаға маядан шөп тиеп жаттым. Бір уақытта  шешем айғайлады, радио қолында: «Балам, Қайрат ағаң ән айтып жатыр!» деп. Үй мен маяның арасы 200 – 300 метрдей болады.  Анамның дауысын ести сала алып ұшып жүгіремін. Қос өкпемді қолыма алып әннің аяқ жағына үлгеремін. Міне, біз әнге осылай құштарланып өстік.  

‒  Көп ұзамай алыстан дауысын естіп жүрген Қайрат Байбосыновпен  жақын араласып, шәкірті атандыңыз. Бағыт берген ұстаздарыңыздың ұлағатты жолына көз салып көрейікші...

‒ 87 жылдары Елебеков атындағы эстрада студиясына оқуға түсіп,  Қайрат ағаның тәлімін алдым.  Шәкірттерінің ішінде теноры  мен болдым. Біздің ән әлеміндегі әліппемізді ашқан сол кісі. Кейін филармонияға келіп, Мәдениет Ешекеев ағамыздың соңынан ердім.  Ұстазым болған соң бастапқыда  әнді Қайрат ағаның репертуарымен айтатынмын. Соны жіті байқаған Мәдениет аға: «Әй, Толғанбай, сен қарға малтыққан трактор сияқтыасылып қала бересің. Тенор дауыс деген ширақ болуы керек. Ширатып айт», ‒ дейді. Сонда барып өз дауысымның табиғатын түсіндім.  Семейде, Болат Сыбановтың қасында 4-5 жыл жүріп, Тұрсынғазы ағаның қасында 10 жылдай жүріп білмегенімді білуге талпындым, таным көкжиегім ашылды.  Басқа жаққа кетіп қалсақ, оларды көрмесек кім болар едік?!  Соларды көріп, құдайға тәуба, нан-шайлығын табатын әнші болдым. 

‒ Бірде өзіңізге Мұхтар Мағауин батасын беріп, ілтипат білдірген екен.

‒ Мағауин  әншілерді көрмей жүрген жоқ, бәрін көріп, араласқан  адам.  Ол кешегі Жүсіпбек Елебековті, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевті, Мәдениет Ешекеев, Дәнеш Рақышев ‒ бәрінің көзін көрген. Мұқаң Орал Арғынбек деген ағамыздың 60 жылдығына Қабдеш  аға екеуі келіп, біз ән айтуға бардық. 2003 жыл. Бір-екі ән айтқаннан кейін есік алдына шығып тұрғам, ол кісі: «Жаңа ән айтып тұрған сенсің бе» деді. «Иә, аға, мен». «Дауысың жақсы екен. Бұл өнерді, ең бірінші, құдай береді, екінші, өнерді адам өзі жетілдіреді. Ең қиыны ‒ ұстап тұру» деді. Сонда менің жүрегім лүп ете қалды. Өнер деген  асау жылқының жалы сияқты. Бұны мықтап ұстасаң, жүйткіп кетесің, бір қалсаң, сені қайта мінгізбейді. 

‒ Әңгімеңізден әдебиетке құштарлығыңыз, әдеби кітаптарды көп оқитыныңыз байқалады...

Кітап оқу бұрындары үзілмейтін салт сияқты еді. Бір-бірінен кітап алып оқитын адамдарды көріп өстік біз.  Тоқсаныншы жыл ма екен, қолыма Толстойдың әңгімелері түсіп, құнығып оқыдым. «Крейцер сонатасын», «Сергей пірәдарын», «Воскресеньесін», «Анна Каренинасын», «Қажымұратын» оқып шықтым. Сұмдық әсер етті. Бір нәрсеге бару үшін баспалдақтар керек қой. Содан кейін Чеховтің әңгімелеріне ден қойдым. Мұхтар Әуезов «Шіркін-ай, мен өмірімде Чеховтің «Нөсер» сияқты әңгімесіндей әңгіме жаза алмадым», дейді. Мұхаңды таңғалдырған не керемет деп «Нөсерді» тауып алдым.  «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында қазақ тіліне аударылған ұлыбританилық дінтанушы Карен Армстронгтың  «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдай тану баяны» кітабы да ғажап екен. Абай айтады «Мен айттым деген нәрсенің бәрі айтылған екен ғой» деп. Сол ойды мен осы кітаптан оқығанда байқадым. 

‒ Дәстүрлі әнге ойысайықшы, Дәстүрлі ән мектебі әннің ғана мектебі емес, ол тұтастай тәрбиенің де мектебі болды десек артық айтпаспыз.  Мысалы, өзіңіз алдыңызда жүрген талай даңғайыр әншілерден тәрбие алдыңыз. Ал енді қазіргі эстрадаға келсек, бір-бірін мойындамай жатады. Аға буын  ақыл айтса, өзім білем деп кеудесін керетіндер көбейді...   

‒ Дәстүрлі ән, дәстүрлі күй, дәстүрлі жыр деген арлы нәрсе ғой! Ол адамның арымен біте қайнасқан. Оның өн бойында қарапайымдылық жатады. Бұл да бір керемет бір шындықтың белгісі. Арлы адам шындықтан кіші екенін әр уақытта сезінеді. Мен қай жерде ән айтсам да, әннен кішкентай екенімді, өнерден кішкентай екенімді біліп тұрамын.  Сен кешегі Ахаңа, Біржанға, Жаяу Мұсаға, Әсетке қалай таң қалмайсың? Қазір мың жерден оқып, маған десе 5 консерватория тәмамдағандар  солар сияқты ән жаза алды ма? Олар  халыққа уақыттың үнін бергендер. Біздің дәстүрлі өнердің осындай қарапайымдылығы бар. Сөйлеуі де қарапайым, бұларды ұстанып жүрген адамның айтуы да қарапайым. Эстрада- шоу деген ол қып-қызыл мақтан. Ол халықтың алдында, заманына қарап өздері жарастырып алған соны. Эстрада әншілері  дәстүрлі әншіні, классикалық әншіні тани бермейді. Екеуінің мінезі екі басқа. Бір өнердің саласы десең де, бағыты екі басқа, бір-бірімен қоса алмайсың оны. Ол өзінің заманына сай дүние. Оның ғұмыры қаншалықты екенін бір Алла біледі.

‒ «Әншінің бағын өрелі ән ашады» дейді. Сіздің есіміңізді қалыптастырып, алдыңыздан ақ жол салып берген ән деп қандай әндерді атап айтар едіңіз?

‒ Халықтың алдына Әсеттің «Інжу-маржаны», халық әні «Сұржекей» әндерімен жиірек шықтым. Балуан Шолақтың «Ғалиясы» сияқты жаухар туындылармен ептеп елге таныла бастадым деп айтуға болады.

‒ Әлеуметтік желілерде, сайттарда сіздің орындауыңыздағы «Қош, кермиық келіншек» әні жақсы тарады. Осы әніңізді естіп, ерек сүйсініп қалдық. Бұл әнді өзіңіз жазыпсыз...

‒ Жас кезінде адам кім болғысы келмейді. Композитор да болғың келеді, әнші де болғың келеді. Сөйтіп еліктеп жүрген кезде шыққан ән. Ол кездері адам жас, көңлің тоқ, басың бос дегендей... Сондай кездің жемісі бұл. Ол кезде құштарлық та басқаша. Әннің сөзі Исрайыл Сапарбайдікі. Бұл сөз ерекше әсер етті бізге. Қызық қуған жас кезде кімнің басынан не өтпейді?! Сөздің құдыреті ғой. Бірақ мен ән шығардым деп, композитормын деп еш уақытта айта алмаймын. Одан кейін ән де шыққан жоқ. Бала күнде әуесқойлықтан туған дүние.

‒ Бұл әнді неше жасыңызда шығардыңыз?

‒ 25-тің маңайында шығар деп ойлаймын. Қайрат ағам «Сыр сандық» деген кітабына қосып қойыпты. Үлкендердің, замандастардың бағалап жүргеніне ырзамын. Ел аузында жүрген дүние ғой.

‒ Кезінде Семейде «Үш сері» деген топ құрдыңыздар. Сол кезге аз- кем сапарлап қайтсақ...

‒ Ол да бір заманға сай еліктеуден туған жақсы дүние деп ойлаймын. Екіден-үштен бөлініп алып қазіргі дүниенің жаңғырығы басталып жатқан кезде біз де көрейік дедік. Сахнаға шықтық, халықтың қошеметіне бөлендік. Біз негізі, әрқайсымыз жеке-жеке әнші екенбіз.  Сонымызды жеке-жеке ән айтқаннан кейін түсіндік. Ол да жастыққа тән дүние ғой. Сол уақытқа жаман болған жоқ. Халыққа ұнады. Семей жұрты «Үш сері» деп танып, құрметеп жатты. Құдай өзімізге дара  жол берген екен, сонымен кеттік.

‒  Қазір Елордада ұстаздық қызметтесіз.  Бұл жаққа үйренісіп қалған боларсыз... 

‒ 2015 жылы Қайрат Байбосынов ағамыздың шақыруымен осында келдік. Келу де, үйреніп кету де оңай емес. Оныншы жылға кетіп барамыз. Үлкен жердің аты үлкен жер. Бұл қазақтың қаймағы жиылған өңір. Елорда адамның іштей өсуіне үлкен әсер етеді екен. Семейдің де өзінің мектебі бар, бірақ бұл жақта басқаша. Өзім қуанамын, өйткені мұнда балалар Қазақстанның барлық өңірінен келеді, небір қалыптасқан, табиғатына сай, үлкен-үлкен жерден, жалпақ-жалпақ елден келеді. Таңдап аласың, барыңды бересің. Еңбегіңе қарай жемісін көріп жатасың. Айгүл Қосанова, Ербол Сарин, Гүлмира Сарина, Елмұра Жаңабергенова, Клара Төленбаева, Айтбек Нығызбаевтармен бірге еңбек етудеміз. Алмас Алматов деген жырауымыз бар. Мықтылардың бәрі осында. Балалар оқығысы, көргісі келеді.  Шамамыз келгенше тәлім беруге ұмтылып жүрміз! 

‒  Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:  Олжас ҚАСЫМ

Байланысты жаналықтар

Амангелді Құрметұлы: Украина Қырым көпірін құлатуды жоспарлап отыр

30.04.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024
MalimBlocks
Амангелді Құрметұлы: Украина Қырым көпірін құлатуды жоспарлап отыр

Өйткені, Қырым көпірін құлатпайынша, майдандағы әскерге жеткізілетін қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешек легін тоқтату қиын.

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды