Ядролық қаруды бекер бердік – Уәлихан Қайсаров
Саясаткер Уәлихан Қайсаров бұл жолы - АЭС пен геосаясаттың арасындағы байланыстарға, оның ішіндегі Қазақстанның орны мен болжалды қауіптерге сәуле түсірді. Сонымен бірге, елдің саяси өміріндегі оқиғаларға көзқарасын білдірді.
АЭС керек емес
АЭС – одан да күрделі – су проблемасы тұрған кезде салынайын деп жатыр. Мысалы, Балқашқа құятын Іле өзеніне Қытай жағы тосқауыл қойып отыр. Онсыз да құрғап кетуі ықтимал көлдің қасына АЭС салудың болашағы бұлыңғыр. Мұхит-теңіздің жағасында болсақ, мұны ойланбауға болар еді.
Оның үстіне, мердігердің «Росатом» болуы да қобалжытады. Тәжірибесі бар да шығар, бірақ технологиясы жоқ екенін көріп отырмыз. Бәлкім, француздар, жапондар әлде корейлер салса көнуге болар еді. Бірақ шекаралас елдердің салып беруі қауіпті. Себебі, әлдеқандай кикілжің бола қалса, ол АЭС оны салып берген шекаралас елдің бізді бопсалайтын ұр-тоқпағына айналады.
«АЭС болса – ядролық ластанудан сескеніп, шекаралас елдер өздері үшін тиіспейтін шығар» деген пікір дұрыс емес. Мұның көрнекі мысалы – Украина. Ресей еш қаймықпастан барды да, Запорожье АЭС-ін басып алды.
Технологиялық өрлеу ғана құтқарады
Уақытында ядролық қаруды бекер бердік. Оны меморандумға ауыстырып алдық. «Меморандум» дегеннің әншейін қағаз екенін Украина дәлелдеп отыр. Украина да ядролық қарудан бас тартып, Будапешт меморандумында егеменіне кепілдік алған болатын, ал қол қойғандардың бірі – Ресей еді. Меморандум деген келісім-шарт та емес, жай, ықылас-ниет қана.
Назарбаевтың ядролық қарудан өз бетінше бас тартуына бүкіл қоғам кінәліміз. Бізге енді – тәуелсіздік үшін ядролық қару, болмаса, соған балама бірдеңе керек. Мысалы, халықаралық тәртіптер мен заңнамаларды аттамайтын, бірақ жойқын конвенциялық қару түрлерін жасауға болар еді. Ол үшін жастарды ынталандыру керек. Талантты жастар бар, бірақ алдымен ықылас, сосын - қолдау жоқ.
Саясаткердің басқа да ойларын Malim.Подкастан көре аласыз. Youtube-арнамызға жазылып қоюды ұмытпаңыз.


Ең көп оқылған
