Қалау Сәлеметбайұлы: Қасиетті көлім, сені сағындым!
Түнгі жолаушы
Қарасам, қашып көк аспан,
Еңкейсем сыйпап басымды –
Алтайда өстім жыласам
Жұлдызбен сүртіп жасымды.
Өртесе жалын ішімді,
Тұрады қақсап білегім...
Сөзбенен көрген түсімді,
Күйменен жорып жүремін.
Оралып еске тұрады,
Жолаушы келген бел асып.
Ақбоз аттың құлағы
Қайшылап түнді,
Жол ашып...
Елеспен сол бір еске ұрып,
Аспанда тұрған жыртық ай –
Жүрегім жатыр осқырып,
Жылымды көрген жылқыдай.
Мың сан қыл – құйырық көнерген,
Сүйретіп мұңын даланың –
Атының басы тірелген
Мама ағаш – менің қаламым.
Есіктен кірді енді елес,
(Көздері толған жоса ма?)
Сәлемін берді, төрге емес:
«Армысың, ағаш босаға!»
Маңдайы ұшқын-от құшып,
Аспанға тұрған ағылып.
Отыра қалды шөк түсіп,
Шаңыраққа енді шағынып.
Қақтаған жандай жанасып,
Төстік қып отқа жүрегін…
Жалынға тұрды жалатып,
Бунаған кісен білегін...
Орнынан тұрды серпіле,
Кірпікке әр тал от қадап.
Есіктен енді ентіге,
Оралған әкем жоқ қарап.
Марқалатып мерейін,
Тілге енді келді егіле:
«Дұрыстап сәлем берейін,
Төріңе шықшы, төріңе...»
Алпыс жаралы арлы күй,
Келерсің сен де білемін.
Жар басындағы жалғыз үй,
Секілді менің жүрегім....
Қанас көлі
Жазылар жыр түс көргенде бір шырын
Қалам қылсаң періштенің кірпігін.
Көкшіл шыңның көлеңкесі созылып,
Батырады көлге бөрі тұмсығын.
Ақ тұманның нұрдан жұқа етегі,
Ауаны да орап алып кетеді.
Жасыл шықты жапырақтан құлатпай,
Саусағымен самал сүртіп өтеді.
Өзен, анау, тастар қысып сайда алған,
Кіндік сынды кесу үшін байланған.
Көл ортасы шойын қазық – шоқпар тас,
Уақыт жүр мың толқынды айналған...
Жаңғырықтың саны жартас қайтарған,
Көк қынаның көбесінен байқалған...
Ақ сағымның аяулы алақанында,
Ақбоз үйлер жұмыртқадай шайқалған.
Жанған жалғыз нүктесіндей жанымның,
Қасиетті көлім,
Сені сағындым!
Босамасын жыр арқауы( тоқтайын)
Бұрымындай суда жүзген арудың...
***
Таң шығын ғана ішуге
Жаралған сәуле, ырыс-құт...
Сыймайтын көрген түсіме
Алғашқы тұмса тұнықтық.
Жанымды жүрді жебеп кім,
Қыл болып тартып қиядан?!
Өртеніп жатқан теректің
Басындағы ұштық ұядан...
Перінің көшкен көшіне,
Ерулік ерні апарған.
Ештеңе түспес есіне,
Ол өзі арман,
Жас арман.
Жаңадан туған жұлдыздың,
Бүйрі шыққан демінен –
Өзгерткен өңін мың күздің,
Көкшіл нұр тарап көзінен.
Думанға бөлеп даласын,
Жарыса жауып селімен –
Екі дүние арасын,
Екі ағаштай теліген.
Толғамас еді ол мұндай,
Барлығын, білем, ұмыттым.
Ендігі өлең орынындай
Қанатта қалған күйіктің...