Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)
Жетпісінші жылдың көктемінде Әбіш ағамыз армиядан, армия болғанда да сол жылдары Кеңес одағы мен Қытай арасы әлденеден шиеленісіп, бір- біріне оқ атып, бір- біріне бомба тастап жатқан. Ең сұмдығы, Әбішті сол қып- қызыл өрттің, яғни Жоңғар Алатауындағы Жалаңаш көл маңында болып жатқан соғыстың ішіне жіберген. Сонда екі жыл болып жақында ғана оралған. Бәріміз қуанып қалдық. Көп ұзамай Панфилов көшесінің бойындағы көп қабатты үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі үйіне кілең қатар-құрбыларын шақырды. Бәрі саяқ. Әйелдерімен қосып шақыруға үй тар, сыймай қалады десе керек. Тек олардан көп жас Сатыбалды Нарымбетов екеуміз ғана. Қадыр, Жұмекен, Тұманбай, Қалихан, Асқар, Сәтімжан ... және тағы басқа толып жатқан жігіттер. Ол кезде олардың ең үлкені 35-тің айналасында. Қазір ғой олардың есімдерінің қазақ әдебиетінің атаулы-атаулы тұлғаларына айналғаны. Енді қарап отырсақ, сол кезде олар өрімдей жас екен-ау...
Сатыбалды екеуміз үстөлдің ең төменгі жағында отырмыз. Үлкендер жағы төрде. Бірін-бірі қағытқан, бірін-бірі әрі итеріп, бері тартқан жарасты қалжың-әзілдер. Үйдің іші көңілді күлкі мен жарасымды сөздерге толды да кетті. Тағам желініп, бөтелкелер босап шығып жатыр. Бірінен соң бірі сөйлейді. Шетінен шешен. Шетінен көсем. Қайран, ағаларым-ай! Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін кездері ғой. Сөз дегенің тасып, төгіліп жатыр.
Біраз уақыт өтті. Біз кезде қарасам әлгі қалжың, қағытпа сөздер қатқыл, тіпті қытымыр сөздерге ауыса бастағаны. Әлі қызудың желігіне түсе қоймағандары, қолын оңды-солды сермелей бастағандарға басу айтып көріп еді жоқ оған болар емес, қайта екпіндеп, екіленіп күшейіп барады. Ана тұс бір бөлек, мына тұс бір бөлек. Әр қайсысы әр жаққа тартып, бір-біріне сөз бермей, бірін-бірі жоққа шығарып, біреулері саңқылдап, тіпті біреулері қып-қызыл шатақ шығарып шаңқылдап кетті...
Тұманбай мен Қадыр ағаларымыз үн-түнсіз орындарынан көтеріліп есікке қарай жөнелді. Оларға неге кетіп бара жатырсыңдар деп Әбіш ренжіді. Біздің дәл жанымызда отырған білдей екі ағамыз бір-бірімен төбелесіп жатыр. Бет-ауыздары қып-қызыл қан. Тұрайын десе бір жағынан үстел, арт жағынан қабырға, екі жағы сығылысқан адамдар тұрғызбайды. Талай төбелесті көріп ем, бірақотырып төбелескенді бірінші көруім! Қалған жақ та оңып тұрған жоқ. Адамдар бірін-бірі тыңдаудан қалған. Ой, сонда Әбіштің ашуланғаны-ай! Еденді тепкілеп тұрып, жаны күйініп қап-қара боп түтігіп, ашынып сөйлегені-ай! Әсіресе, оның “менің аман-есен келгенімді көре алмай отырсыңдар ма? Сендердің бұларың не иттік” деген сөздері құлағымда қалыпты.
Мен, әрине, дастарқан басында болған бұл көріністі жазбай-ақ қояр ем. Бірақ қарап отырсаңыз, арғы-бергі заманда өмір сүрген ағаларымыз осындай дастарқан басында бірде қосылып, бірде ажыраған ғой. Олар туралы талай-талай әңгімені естігенбіз. Бірін-бірі былапыт сөздермен балағаттап, бірін-бірі жерден алып, жерге салған. Ауыздарынан ақ ит кіріп көк ит шыққан.
Бірін-бірі көрместей болып кеткен. Бірін-бірі тіпті үш әріпке көрсеткен де шығар...
Сатыбалды екеуміз ол жерден ұнжырғамыз түсіп, езіліп шыққанымыз есімде.
Қазақ зиялыларының басы піспегеннен кейін-ақ елде береке болмайды. Рухани ынтымақтың іргесі бұзылады. Топ ішінде отырып ап бірін-бірі жамандайды. Бірімен-бірі амандаспайтын халге дейін барады. Топ құрады. Рушылдық пайда болады. Содан кейін ұрда жық, немесе тасада тұрып тас лақтыру басталады. Құдай-ау, қаншама азаматтарымыз осындай алыс-жұлыстың құрбаны болып кетті ғой. Бірақ бұл үрдіске тоқтау жоқ. Әлі солай. Қашан көрсең бір-бірінен бәле іздеп жүреді. Кешірім дегенді білмейді. Білетіндері өршелене өшігу. Зиялылары осындай әре-тәре елдің тұтастығы, жарасымдылығы қайдан болсын?! Әлі күнге сол әре-тәре, әре-тәре...
Әйтеуір мен сол кешті, тағы да соған ұқсас кештерді еске түсірем де, осындай қатпар-қатпар келеңсіз ойға батам.
Ең бастысы, сен сыйлап отырған дастарқаннның қадірін білгенге не жетсін?! Дастарқан құрмет, сый үшін ғана емес, ең алдымен ынтымақ үшін жайылады. Қазақтың өзі айтады ғой, дастарқаннан үлкен емессің, дастарқанның киесі ұрмасын деп. ..
Міне, көрдіңіз бе, тағы да ой қуалап толғап барам. Қой осымен тоқтайын.
Әбіш көп ұзамай “Қазақфильмнің” бас редакторы болып жұмысқа тұрып кетті де, әлгі әре-тәре отырыс көмескі тарта бастады...
Жаз шыға, әдеттегідей бізге үй иелері пәтерді босатыңдар деген әңгіме айтты. Босатпаймын деп айта алмайсың. Оған ет үйренген. Енді жаңа пәтер іздеу керек.
Жұмыс баяғыдай. Енді редакциялардан күдер үзе бастағам. Тоңазытқыш цехын есіме алсам, әлі күнге, ондағы суықтан денем түршігеді. 30 градус ыстық пен 30 градус суықтың арасында жүру оңай ма?! Ондағы тұрақты жұмыс істейтіндердің өздері айтады: “бұл жерде үш жылдан артық жұмыс істеуге болмайды, лажы болса, ертерек шығып кету керек деп”. Әлгіндей аумалы климатта істейтіндер көптеген ауруға ұшырайды екен. Ауыр екеніне ауыр, оған сенбеске амалың жоқ, бірақ басқа барар жер, басар тауың болмаса шараң нешік? Оның үстіне уақытша жұмысқа қабылданғам. Қазірдің өзінде жақсы жұмыс істегенімнің арқасында ғана жүрмін. Осыдан айырылып қалмасам болар еді деп ойлаймын. Бірақ қанша ауыр болса да ертеңге деген сенімім де, өлеңге деген ықыласым да бір төмендеген емес. Бос кезімде әрі оқимын, әрі жазамын.
Сонымен үй иелері үйді босатыңдар дегеннен кейін көше кезіп пәтер іздеп кеттік. Кеңірек қамтып іздеуге уақыт тығыз. Сондықтан сол “Горный гиганттан” іздеп, Ворошилов деген көшеден бір кемпірдің үйін таптық. Өздері баласы мен келіні, немересі төртеуі еңселі үйде тұрады екен де бізге есігінің алдындағы екі бөлмелі бұрынғы үйін берді. Кемпір адамның миын ашытып, көп сөйлейтін адам екен. Ауласында екі иті бар. Үлкен бульдогі шынжырлаулы, кішкентай қанден иті бос. Бір жылға жуық уақыт тұрғанда сол Найда деген кішкентай иті бізге үйренбей-ақ қойды. Үйге кірсең де, шықсаң да шәуілдеп үрумен болды. Не деген қаны қатқан “шовинист” ит. Әбден зығырданыңды қайнатып, ығырыңды шығарады. Оған бірдеңе деп айқайлай қалсаң, дәл сол сіәтті күтіп тұрғандай, кемпір шығып шәңкілдеп есіңді шығарады. Сөйтіп иті шәуілдеген, кемпірі шәңкілдеген үйде тұрып жаттық. Үйге біреулер келсе тіпті құтырып кетеді. Сонда да бірер рет Жұмекен ағаны алып кеп шай бердік. Үйдің жағдайы жаңағыдай болғаннан кейін, алып келмеуіме де болар еді. “Әй, Темірхан, ет комбинатында жұмыс істейді екенсің, екі күннің бірінде қызыл қуырдақ жеп жатқан шығарсың” деп қалғаны. Сонан кейін демалыста келіп кеткен-ді. Қуырдаққа дән риза болды. Батыстың жігіттерімен аралас-құраласым бар ғой. Олар кейде елдерін аңсап, семіз қойдың қоң етінен ештеңе де қоспай қызыл қуырдақ жасайды. Оны Шолпан да көрген. Сонда қуырдақты жеп отырып Жұмекен ағам, “мына қуырдақтарыңмен ауылды еске салдыңдар-ау-- деп алып,--“газет-пәзетті не қыласың, онда істейтіндер мынадай қуырдақ жей алмайды”-- деп күлгені бар.
Қуырдағы бар болсын, газет-пәзетке тұра қалсам қатқан нан кеміріп, қара су ішуге де пейілмін ғой...
Сайымжанмен еріп Сайлау Жұмабеков та келетін болды. Сайлауды КазМу-де оқып жүргеннен бері білем. Оңтүстіктің, Ащысайдың жігіті. Ол да бір жүрген қырсық еді. Аспирантураға түсіп, оқып жүрген жерінен ғалым болмаймын деп тастап кеткен. Кейінен қазақтың кеуделі деген сыншысына айналды.
Менің түсінгенім, оқу қонатын, қанша оқыса да оқу қонбайтын адамдар болады. Сайлау оқу қонатындардың сойынан еді. Мектепті алтын медальмен, ал КазМуді қызыл дипломмен бітірген. Өзі Асқар Сүлейменовтың жақын жиені. Соған ептеп еліктейтіні де бар. Шахмат ойнайды. Асқар құсап музыка тыңдап отырып жазу жазады, немесе кітап оқиды. Өздері шағын ғана жер үйде тұрады. Арзанқол үй. Үйленгенннен кейін шахтер әкесі сатып әперген. Арзанқол үй болғанмен тіркеулі. Жұмысы да бар. Алдымен телевидениеде, сонан кейін газет-журналдарда істеп келеді. Үйі тола кітап. Не керек, оқимын десем, кітап алып оқитын кітапханаларым көбейді. Өзі де көп оқитын жігіт. Асқармен бізден гөрі жиі араласып, әңгімелеседі де, кітапты қай бағытта, қандай жазушыларды оқу керек екенін бізге айтып тұрады.
Сол кездегі менің бір олжам, өзіме жұмыс іздеп жүрсем де, кілең бір кітапқұмар, оқыған-тоқығандары мол азаматтармен аралас-құралас болғаным. Әйтпесе, тек сылқита ішіп алып, дау-дамайға салынатындармен жүрсем, не болар еді. Әрине, ондай орталар болды. Олардың қақпанына түсіп қалған кездерім де болды. Бірақ ондай орталардан, құдай оңдап шығып кетіп жүрдім.
Елден де хабарсыз емеспін. Менің жиендерім, сонан кейін Дәуірді ертіп Шолпанның папасы келіп кетті. Балам бізді жақын тұтқанмен әке-шешем деп ойламайды. Оңашалап мен сенің әкеңмін, яғни папаңмын десем, мына кісі не айтып тұр дегендей құшақтаған қолымнан бұлқынып шығып кетеді. Ондайда өз балаңнан өзіңді алыстатқан қу тұрмыс-ай деп қиналам. Ішім қан жылайды. Бірақ істер айлаң жоқ...
Олар келіп кеткеннен көп ұзамай Заңғар деген үшінші ұлым дүниеге келді. Менің бөпем бар деп екі жастағы Батыр қолын шапалақтап мәз болып қалды. Енді жауапкершілігімнің бұрынғыдан да артқанын тұла бойыммен сезінем. Қай ата-ана балаларын жұрттан кем қылып өсіргісі келеді дейсің. Жауапкершіліктен қашпаймын ғой, бірақ қолыма бір жұмыс түспей тұрғаны, тек сол ғана діңкелетіп жүр ғой... Тағы бір қуанышым сол жылы тұңғыш кітабым “Жанымның жас құрағы” жарық көрді. Кітабы шыққанда кім қуанбайды. Әрине қуанышты. Дегенмен, бұл кітапқа тіпті тұңғыш болса да, көңілім тола қоймады. Өйткені мен оны баспаға өткізгенде “Жанымның жапырақтары” деп өткізгем. Енді аты басқа боп кеткен. Ішіндегі өлеңдер де жұлынған, қырқылған.
Жиырма беске толмай үш ұлдың әкесі болғанымды жақсы білетін Сайымжан, “мен айтты деме, көрде тұр, әлі-ақ, сен жетпістен асқанда бұлар елудің о жақ, бұ жағында болады, яки төрт шал болып қауқылдасып отырасыңдар” деп қағытатын. Бүгінде олар сол Сайымжан айтқан елудің о жақ, бұ жағында...
Жығылған–үстіне жұдырық. Қыс ауа ет комбинатында жұмыс азаяды екен де уақытша жұмыс істейтіндерді жұмыстан шығарып жібереді екен. Енді тағы жұмыссыз қалдым. Қинала бастадық. Тағы да өзім білетін вокзалға барып вагондардан көмір, ұн, картошка түсірем. Адам басы көбейгеннен кейін ондағы алатын ақша да мардымсыз боп қалды. Ол кезде ең арзан ет қойдың басы. Шоллпан соны асып береді. Анда-санда елден посылка келеді. Аштық болмаса да таршылық. Киім де тоза бастады. Шолпан магазиннан арзандау шалбарлық мата алып соны өзі тігіп берді. Әйтеуір өлместің күнін көріп жүрдік десем, артық айтқандық емес. Бұлай демей қайтейін, не ішер асқа, не киер киімге жарымасаң. Не істеу керек? деген мәңгілік сұрақ менің жанымды кемірумен болды. Күрсінсем демімнен өрт шығатындай... Тағы да сол вокзал. Көмір. Картошка. Ұн... Тығырықта қалдым. Одан шығатын жол таппай қиналдым. Көктем шығар-шықпастан, бұрын мазасын алмай-ақ қояйын деп жүрген өзімнің рухани әкем Әбу Сәрсенбаевқа бардым. Ол кісіге бар жайды жайып салдым. Жаны мейірімнен тұратын адам ғой, менімен бірге қиналды. Редакциялармен тағы да сөйлесіп көрейін деп еді, аға олармен сөйлеспей-ақ қойыңыз, екі қолға бір күрек деген, дәл қазір жұмыс таңдайын деп тұрғам жоқ, бала-шағамды асырау үшін қара жұмыстың қай түрі болсын істеуге пейілмін, сондай жер табылса болар еді, дедім. Қайран, Әбекем-ай, не деген жаның жомарт еді, әрі қарай сөзге келместен бір таксиді ұстады да, мені мінгізіп ап ала жөнелді. Мен де қайда барамыз деп сұрағам жоқ. Сол жүргеннен аэропорт жақтағы “Малая станица” деген жердің қала шетіндегі кілең бір жасанды көлшіктерге жетіп тоқтадық. Оқшаулау тұрған бірнеше жер үй. Біз машинадан түсер-түспестен сол үйлердің бірінен топшысы қайырылған құс сияқты бір қолы салбыраңқы кісі шығып Әбекеңмен құшақтасып амандасты. Әбекең сонда ғана тіл қатты. Әлгі кісі туған інісі Харес екен. Мені таныстырды. Сонан кейін көп сөзге келіп жатпастан, бірден іске көшті. Жағдайымды қысқаша айтып, қалайда бір жұмыс тауып бер деді. Бұл кісі осы жердегі балық өсіретін, жағалай тізілген көлшіктердің бастығы екен. “Ойпырмай”, деп қиналғандай болды да, “бір-ақ жұмыс бар. Күзетшілік. Жаз шығып қалды. Мынау көлшіктерге балықтың ұрығын жіберіп, солар өсіп шабақ болғанда оларды аулап, арнайы машиналармен Қапшағайға жібереміз. Осы жерде тұратын жер ауып келгендердің де, кілең содырлардың да балалары бар. Соларды көлшіктерге жолатпауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда көлшіктерді күзету керек. Сол жұмыс қана бар. Егер соған келіссең, сонау тұрған жота басындағы үйді көріп тұрсың ба, міне соған барып тұрасың”– деп біз тұрған жерден де, қалының бір жарым шақырымдай шетінде оқшау тұрған бір шағын үйді көрсетті. Жаяулап соған бардық. Екі бөлмелі, ауыз үйі бар үй екен. “Келіссең, осында тұрасың” деді Харекең. Келіспейтіндей менде не хал бар.
Шолпан заттарын буып-түйіп отырған, ертеңінде-ақ көшіп келдік. Шағын, жасанды көлшік дегенмен біраз жерді алып жатыр. Отызға жуық. Астымда мінетін атым да бар. Соған мініп көлшікті, оның дала жақ бетін қосып бір шолып шығам. Сонан кейін дөңестеу бір жерге шығып, негізінен, қала жақ бетін торуылдаймын.
Бұл көлшіктердің не көлшіктер екенін біртіндеп біле бастадым. Сөйтсем әр көлшіктің өзінің атқарар қызметі бар екен. Әр қайсысының суының температурасы әр түрлі. Сол температурағасай уылдырықтан енді шыққан өте ұсақтарын, келесі көлшікке одан гөрі ірілеуін жібересің, әрі қарай осылай сатылап кете береді. Айтпақшы, өздерінің зертханасы бар. Кейде оларға да көмектесетін болдым. Олардың сопақша ұзын келген шыны ыдыстары, яғни колбалары бар. Сол колбалардағы жылымық суға балықтың уылдырығы жіберіледі. Олар қыбырлап ұсақ жәндіктерге айнала бастағаннан біртіндеп жылы көлшіктерге саламыз. Сонан кейін өсіп-жетілуіне байланысты бір көлшіктен екінші көлшікке ауыстырылып тұрады. Бір сүйемнен астам шабаққа айналғанда оларды торлары майда аумен ұстап, “тірі балық” деген жазуы бар машиналармен Қапшағайға жөнелтеміз. Күзетші деген атым болмаса, осы процестердің бәрінің басы-қасында жүрем. Сондықтан кейде мен ихтиолог болып істегем дейтінім де содан. Манадан бері қандай балық екенін айтпай отыр екенмін-ау. Белый Амур, яғни Ақ Амур деген балық. Сазаннан аумайды. Бірақ оған қарағанда түсі қызғылтымдау. Қапшағайдағы сол балық, біз өсірген балықтардың тұқымы.
Біздің үй биік бір жотаның нақ төбесінде. Қала мен екі арадағы кеңістікке астық егілген. Сол егістікті жарып өтетін жалғыз аяқ жол бар. Қалаға сонымен шығамыз. Ал кеңсеміз де сондай қашықтықта. Едәуір жердегі алдымызда біз жағы еңіс, арғы жағы жарқабақты арна. Бұрын суы мол болған болу керек. Қазір суы тобықтан сәл ғана асады. Бірақ тау суы емес пе, ол да кейде, әсіресе жаңбыр жауғанда, өзінше бұлқынып, көбігін шашып сарқырап жатады. Біздің үйдің алдындада ойпаңдау жер бар. Күрек басы қазсаң су шығады. Шолпан екі алашаның көлеміндей жерді шұқылап картоп, қияр, помидор еге бастады. Екі баламыз да өсіп келеді. Мен жұмыстан түсте, кешке келе жатқанда Батыр балам алдымнан жүгіріп шығады да, ал енді ғана еңбектеп жүрген Заңғар оған ілесе алмай жылайды. Шолпан екеуміз мәз боп күліп, көтеріп ап жұбатамыз.
Күн де ыси бастады. Іргедегі қаланың балалары да топ-тобымен көлшіктерге қарай келе бастады. Оларды жолатпаймын. Қуып-ақ тастаймын. Бірақ бала деген қорыған жерге әуес қой. Шамалы уақыт жым-жылас болады да, қайтадан шабуылдайды. Оларды кәдімгідей қаһарымды төгіп қуалаймын. Балалар деп жалпы айтқанмен, олардың ішінде менің төбемнен қарайтын сойдыиған-сойдыйғандары да бар. Олар маған сен өзің кімсің дегендей адырайа қарайды. Оларды қолдарынан ұстап жұлқыңқырап жіберіп бетін қайырам. Кейде сонадай жерде қарап тұрған ағалары мен әкелері неге балаға тиесің дегендей маған доқ көрсеткендей болады. Мен олардың онысына қолымды бір-ақ сілтеймін. Кейде іштей тіксініп те қалам. Өйткені Харес ағам бұл жерде кілең жер ауғандар мен қағылған-соғылғандардың балаларынан тыным жоқ дегені есімде. Сонан кейін де әлденеше рет айтқан. Сақ болып жүр деп ескертіп те қойған. Сол ойымда.
Мұнда көлшіктегі шабақ аулайтандар да, уылдырық шашу үшін жіберілген кеңірек көлшіктердегі үлкен балықтарды күтетіндер де, жем дайындайтындар да, зертханадағы мамандар да, әр бір көлшіктің өзіндік температурасын қадағалайтын қызметкерлер де бар. Қырық рудан құралған бір қауым ел деуге болады. Негізі сол маңның адамдары. Қытай да, кәріс те, курд те, қаптаулықтар да, орыс, хохол, түріктер де, тіпті сығандар да бар. Харекеңнің қағылған-соғылғандары кім екен деп жүрсем, адам өлтіріп түрмеден шыққан, ұры-қырылар екен. Қаны бұзықтардан қай бір қаны түзулер туады дейсің. Көлге келетін балалардың ішінде, менің қуғаныма қаша жөнелмей маған оқты көзін қадап адырайып қарайтындар солардың балалары болу керек.
Менің негізгі жұмысым күзетші болғанмен көлшіктегі жұмыстың бәріне қатысам дедім ғой, оным рас. Кез келген жұмысына жегіліп жүре беремін.
Осыған орай енді мен өзімді, құрметті оқырман, сол кезеңді еске түсіріп отырып кейінірек жазған естелік-күнделігіме үңілдірейін:
“Мен қай жерде жұмыс істемегем. Алматының “Малая станица” деген жағында, кезінде, отыз шақты жасанды көлшіктер болды. Cонда жұмыс істедім. Балық өсіреміз.
Көлшіктерді сумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Жиналған судан айырылып қалу, ол жерде – төтенше оқиға. Бір күні шлюздің астынан су қашып жатқаны белгілі болды. Қанша топырақ тастасақ та қашқан су тоқтамай қойды. Бір білгіш көң тастау керек деген ғой. Содан басшылар сол жерде шофер болып істейтін бір сыған жігітімен бірге мені көң алып келуге жұмсады. Қаладан шыға бере айдалада иесіз жатқан қорадан көң тией бастағанымызда атын борбайлатып бір қазақ жетіп келді де, айқайға басып көңді тиетпей қойды.
Сыған екеуі әрі керілдесті, бері керілдесті. Сонан кейін сығаным жалынды. Қазақ жібитін емес. Сірә, бірдеңе дәметіп тұр. Бір кезде сыған:
– Әй, қазақ!– деді. Мен сығанмын. Міне, паспортым. Сен түсін. Мынау далада жатқан көңді алып кетпесем, сыған басыма ұят. Жұрт біткен артын ашып күледі. Олардың бетіне қарай алмай қалам. Мынау қолымдағы күміс жүзігімді ал, көңіңді бер.
Қазақ мәрттік жасады. Мынадай сөзден кейін, жүзігін алмай-ақ рұқсат берді.
Көңді тиеп ап жолға шықтық. Келе жатқанда ол маған қолындағы жүзігін көрсетіп “мына жүзікті шынымен күміс деп ойлап қалдың ба?! Қалайы” – деді қарқылдап күліп,– “сенбесең, қара”. Қарасам, майысып, былқылдап тұр.
Осы сыған халқына таң қалам. Жері де, елі де жоқ. Жұрттың бәріне жеккөрінішті. Кәсібі—алдау, арбау. Сонда да өзінің болмыс-бітімінен бас тартпайды.
Ал біздің бомыс-бітіміміз, негізінен, имандылыққа тамыр салған. Бірақ солай бола тұра, өз табиғатымыздан өзіміз беземіз де жүреміз...
Неге?
Қыркүйек, 2002 ж.”
Күнделікті абыр-сабыр жұмыс. Атқа мініп сол аймақты бір аралап келу. Немесе көлшіктердің суын ауыстыру. Ол өзі бір ұзаққа созылатын жұмыс.
Бәрін тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Менің жұмысым, негізінен Володя деген қытай жігітімен жиі тоқайласады. Әйелі қазақ-метис. Яғни әкесі қазақ, шешесі орыс екен. Ол да қытайда туған. Володядан өткен жолын сұрасам, бұл әңгіменің саған керегі жоқ деп, өткеніне жоламай қояды. Сонда да мен одан бірде “еліңе қайтқың келе ме?”-- деп сұрағаным бар. Ол менің бетіме қарап тұрып “ол жаққа маған жол жабық-- деді де,--енді сен маған мұндай сұрақты қоюды доғар”-- деп күрсінді. Бүгінде ойлап отырсам; оның тағдыры саяси құйтұрқұлықтармен астасып жатқан сияқты...
Менен оншақты жас үлкен ол, не болғанда да бұл жаққа ертерек келсе керек. Өйткені орысша таза сөйлеп тұр. Мінезі қызу. Түрі де, өзінің айтқаны болмаса, қытайға келмейді. Соған қарағанда әкесі қытай болса қытай шығар, бірақ шешесі басқа ұлт болуы әбден мүмкін. Бірақ өзінің өмірбаянына жолатпайды. Мінезі қызуқанды дедім ғой, кез-келген уақытта біреумен ұстаса кетуге дайын тұрады. Бір күні келсем курдтармен керілдесіп тұр. Олар да сыбап жатыр, бұл да сыбап жатыр. Курдтар күшке салғысы кеп, жақындай бергенде Володя кілт бұрылып ішке енді де, іле-шала қос ауыз мылтығын кезеп шыға келді. Курдтар тұрып қалды. Сонда қытай: “мен сендерді қазір жайратып салам. Әрине, мені соттайды, бірақ мен Мәскеуде төсегіме ақ жайма төселген камерада, ерекше күтімде жатам. Ал сендер мені өлтірсеңдер, битке таланып сасық камерада жатасыңдар”-- деді. Соған қарағанда, бұл Володяңыз саяси жағынан шырмалған-ау деген әлігі ойымды растай түседі.
Екеуміз көлшіктердің жағасында қалың боп өсіп кеткен шөптерді орып, оларды алысырақ жаққа апарып тастап, сонан кейін, қайтадан көлшіктің шетіне жайғасамыз. Күн ысыған сайын көлдегі құрбақалар жағада ұрттары мен көмейлерін қайта-қайта қампитып құрылдап жапырлап жатады. Соларға қарап отырған Володя “Темірхан, сен әне бір орылмай селтиіп тұрған жалғыз түп құрақтың жанындағы ірірек құбақаны көріп тұрсың ба, оны орысша жаба дейді, сендердің не дейтіндеріңді білмеймін, соны келесі аптада жейміз” дейді. “Келесі аптада сен оны қалай танисың. Ол дәл сол жерде отырмайды ғой. Секіріп онда бір, секіріп мұнда бір кетеді, сен оны қалай танисың?” деймін ғой. Ол болса, менің сөзіме таңғалады. Мен мына құрбақалардың бәрін бір-бірінен ажырата алам деп, бір-бірінен айырмашылықтарын айта бастайды. Мен түк түсінбеймін. Құлағыма қонбайды. Қанша үңілсем де бір құрбақадан екіншісін ажырата алмаймын. Оны бейне бір, әр бір қойын түстеп танитын қойшыдай, бақалардың бақташысы дерсің.
Әйелі шешесі орыс болғанмен, қазақтың қызы болған соң ба, қазақтарды іш тартады. Бізді бір рет үйіне шақырып, ет асып қонақ қылғаны бар.
Володяның қолынан келмейтін бәлесі жоқ. Ісмер. Жоқшылықта, таршылықта жүргенімді сол қытай да біліп, маған әп-әдемі туфли тігіп берді. Маңғыстауға сол туфлиді киіп кетіп ем...
Бір күні бізге жиі келіп тұратын Сайымжан ағам, үйге нілдей бұзылып келді. “Мен кетем” – дейді. “Қайда?” деймін мен. “Алматыдағы өмір өмір емес қой” – дейді ол. “Жұмысқа барасың, келесің, көретінің сол баяғы таныс адамдар, таныс көшелер. Жазатының бірінен бірі аумайтын сол баяғы өтірік. Әбден жалықтым. Маңғыстауға кетем. Жаңаөзенде Рахмет Өтесінов деген жездем бар. Әрине, қазір жол апатынан сал боп жатып қалған, бірақ ол Жаңаөзенді өз қолымен салған адам, соған барам. Ол жерде өмір бар, тосын тіршілік бар. Соларды зерттеймін. Тың тақырып. Солар туралы дүниелер жазам. Мен сенің үйіңе біраз кітаптарымды әкеп тастаймын. Аманат. Қалғанын жақын інімнің үйінде қалдырам. Оған да аманат. Менің кітабымнан басқа нем бар. Алдағы аптада жүріп кетем” деді.
Аяқ астынан осындай шешімге келгеніне таңқалып мен отырмын. Сенерімді де, сенбесімді де білмей қалдым. Сенбейін десем, салт басты сабау қамшылы адам. Қайда ұшам, қайда қонам десе де өз еркі. Шу қара құйрық деп шауып кете береді. Бір сөзінде ол “егер сен де барам десең, мен орналасқаннан кейін кел. Бірге боламыз” дейді. Тағы да бұл сөзді әйтеуір айта салған жоқ, қадалып тұрып айтты.
Айтқанындай екі-үш күннің ішінде буылып-түйілген біраз кітаптарды машинамен әкеп тастады. Сонан кейін менің басыма Маңғыстау деген сөз бір кіріп, бір шығып, қонақ таппай біраз жүріп алсын. Бірте-бірте көмескі де тарта бастады.
Бір күні кешкі тамақты алдыма ала бергеніміз сол еді, тарс-тұрс еткен мылтықтың даусын естіп далаға шықтым. Далада екі балам құмның үстінде ойнап отырған. Сөйтсек, біздің алдымыздағы тік жарқабақты сайдың аржағындағы үйдің жанында бір топ адам жүр. Негізінен жасөспірімдер. Араларында, бұрын маған бейтаныс жігіт боп қалған іріректері де бар. Мен дереу әлденеден секем алғандай Заңғарды қолыма алып соларға қарап тұрдым. Менің шыққанымды көрген олардың біреуі мен жаққа қолын шошайтқандай болды да, біздің не істейтінімізді сен қарап тұр деп сес көрсеткендей тағы да қорадағы екі тауықты бірінен соң бірін тарс-тұрс еткізіп атты да тастады. Ол үйдің еркегі де, әйелі де жарымжан жандар еді. Тауығы құрысын, бізге жан керек деп, үйлерінің есігін ішінен тарс бекітіп ап жатса керек...
Аңлап қарасам, олардың арасында көлден шықпай, менің кет дегеніме құлақ асқысы келмеген соң, олардың кеудесінен итеріп, қолдарын қағып жіберіп шығарып жіберген, сол кезде маған көздерімен “қап, сені ме” дегендей ішіп-жеп қарайтын балалар да жүр. Мылтық солардың біреуінің қолында.
Бірден сездім, ең алдымен, бұл – маған көрсетілген доқ! Яғни сес!
Жаппарқұлға да жан керек, денем түршігіп, бір сәтке болса да, ду ете түсті. Бұл неткен бетімен кеткен жойдасыз балалар. Әрине, мылтық даусын бәрі де есітті. Біздің тұрған жеріміз биік жотаның төбесінде дедім ғой. Айналадағының бәрі алақанға салғандай көрініп тұр. Қала жақтағы да, біздің кеңсе жақтан да, әр жер, әр жерінен адамдар состиып-состиып қарап тұр. Бірақ біреуінің “ей, сендердің бұл бейбастықтарың не” деуге жарамады. Қорықты. Мен де айта алмадым. Қалай айтам, құшағымда бала. Көрініп тұр, олардың есірткі ішіп алғаны...
Әрине, мен несіне жасырам, әсіресе, балаларымды ойлап, іштей сескеніп қалдым да, басымдағы көмескі тарта бастаған Маңғыстау деген сөз қайтадан қалқып шыға келді. Сол сөз енді басымнан мүлде шықпайтын болып алды. Бір күні Сайымжаннан хат келді. Хатында қазірше жездесі Рахметтің үйінде жатқанын, Өзендегі барлау экспедициясына жұмысқа тұрғанын, қазір жеті мың метрлік тереңдікке дейін бұрғылайтын жаңа станокпен жарақталған Темірбаба деген бұрғылау алаңында жұмыс істеп жатқанын жазыпты. Маңғыстауға бұрынғыдан да еліге түстім.
Біраз апталар өтті. Бір күні түннің бір уағында, жазу жазып па, кітап оқып па отыр ем, сыртқы есігімізді біреу үсті-үстіне сабалап, “откройте” деп құмыға айқайлады. Қатты үрейленіп, жәбір көрген әйелдің жалынышты дауысы. Ондайда, сақтық жасап, аңлысын аңлап отыра алмайсың, адамда ондай ой да болмайды. Бірден атылып есікке барып, ілмешегін ағытып жібердім. Ішке ебіл-дебілі шыққан бір қыз, дір-дір етіп, мені итере-митере ішке кіріп келді. Әріректен бір сұлбаларды байқағандай болдым. Сәлден кейін бір қарлығыңқы дауыстар мен ысқырықтар естілді. Әлгі қыз шөкелеп отыра қап еңреп жылап жіберді. Шолпан да атып тұрып әлгі қыздың асты-үстіне түсіп бәйек боп жүр. Сөзінің орайына қарасақ, орталық жақта тұратын қыз екен. Осы жақта тұратын жігіттердің алдап-арбауына түсіп қап, солардың тұзағынан әупірімдеп зорға құтылыпты. “Сіздердің үйлеріңіз болмағанда құрып едім”– деп қалды. Бұл жақ нағыз антұрған бұзықтардың мекені болып шықты. Сөйтсем, қаланың бұл шетіне милиционерлердің өздері де келе бермейтін, шынын айтқанда, келуге именетін аудан екен. Оны маған ертеңінде болған жайды айтып бергенде Володя солай деді. Харекең алғашқы күні-ақ айтқандай, бұл аймақты қағылған-соғылғандар, яғни кісі өлтіргендер, баукеспе ұрылар жайлаған. Әрине, олар жазасын өтегендер. Бірақ қаны бұзықтар. Қаны бұзықтан қаны бұзық ұрпақ тарамай ма?!
Содан кейін-ақ, менің ішіме күдік кірді. Егер мен олай-бұлай боп кетсем, Шолпан мен екі баланың тағдыры не болар екен деп шынымен уайымдай бастадым.
Көп ұзамай, Шолпан екеуміз ақылдаса келіп, бір тоқтамға келдік. Шолпан балаларды алып төркін жұртына бара тұрады. Ал мен Маңғыстауға тартпақпын. Тәуекел! Шынында да белді буып, білек сыбанып осындай бір тәуекелге бармасақ болмайтын сияқты. Бір тұйыққа кеп тіреліп қалдық қой. Сол тұйықты жарып шығуым керек. Не бел кетеді, не белбеу кетеді. Шолпан да бұл қыспақтан қалай шығамыз деп жүр екен. Менің сөзім оның да көңілінен, күдіктене тұра, шыққандай болды.
Бұл шешім – менің емес-ау біздің өміріміздегі ең бір күрделі, ең бір түйінді, ең бір қиын шешім еді. Соған Шолпан екеуміз бел будық.
Нар тәуекел!
(Жалғасы бар)