Тоқаев жазушы Әкім Таразидің жақындарына көңіл айтты
Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
"Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман "Әдебиет әлемінің Әкімі" деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", – деп жазылған жеделхатта.
Әкім Таразидің шығармалары
Әкім Таразидің "Ақбердінің ауласы", "Бұлтқа салған ұясын", "Тасжарған" романы, "Қорқау жұлдыз" романы, "Шер", "Қиянат", "Мұстафа Шоқай", "Тәж", "Жаңбырлы түндер" романдары бар.
Қазақ киносының алтын қорына қосылған кинотуындылары: "Тұлпардың ізі", "Арман атаман", "Қараш-қараш", "Мұстафа Шоқай".
Қазақ театрларының сахнасындағы драматургиялық шығармалары: "Күлмейтін комедия", "Жақсы кісі", "Жолы болғыш жігіт", "Ақын, періште, махаббат", "Індет", "Махамбет", "Лайнер", "Үкілі жұлдыз", "Қыз махаббаты" т.б. Жазушының бірнеше шығармасы орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылды.
Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің "Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы", "Мыңқолдың төрт ханы" тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін, Ф. Рабленың "Гаргантюа және Пантагрюэль" романын алғаш қазақ тіліне аударды.
1994 жылы "Құрмет белгісі" орденімен, 1997 жылы "Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері" мемлекеттік наградасымен марапатталды, 1999 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2011 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты (Прага) атағына ие болды, 2015 жылы "Отан" ордені мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Фото: 24.kz
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
