Серік ШАЙМАН. АЙҚАРАКӨЗ
Әңгіме
Шытырман оқиғалы қылмысты істерді іздестіру бөлімінің бастығы менің көптен білетін танысым еді. Одан талай іс қағаздарының көшірмесін алып, деректі әңгіме, очерк жазғам-ды.
Газетте бір әйелдің көпірден құлап өлгені жайлы хабар жарияланысымен ескі танысыма телефон шалдым. Ол мұны растады, «өлген жезөкше әйел, әрі күнделігі мен өсиетнамасы бар» деп, мені іске мүлде ынтықтырып тастады.
Жезөкшелікке қазір ешкім таң қалмайды, оған көз де, бой да үйренді. Тіпті мұны батыстағыдай заңдастырып беріңдер деп жүргендер де жоқ емес. Оны шешуді біздің «халық қалаулыларының» еншісіне қалдырайық. Мені қызықтырған нәрсе – күнделік пен өсиетнама. Ол мынау шыт-шытырман өмірдің сыр-сыйпатын, бірыңғай мақтанымпаздық пен жарамсақтықтың айықпас дертіне ұшыраған біздің бейшара қоғамның, халық алдында жылтырап, қалтарыста қорқау болып жүрген атжалман, алаяқ жемқор мырзасымақтардың шынайы бет-пердесін ашуға септігі тиюі мүмкін. Өйткені олардың біразы сол «жезөкшелік деп аталатын клубтың белсенді ойыншылары» екені бүгінде жасырын түрде болса да көпшілікке мәлім ғой.
Осы күні полковник шеніне жеткен менің танысым бұл салада әскерден келген балаң кезеңінен бері істейді. Содан да болар кейде:
– Сенің жазып жүрген материалдарыңда менің де үлесім бар, қаламақыңнан қарас, – деп әзілдеп қояды.
– Бәтіреке, – деймін мен ондайда, – саған қарасар-ақ едім. Қазір бізге қаламақыны кім беріп жатыр. Қайта редакциялар өзіңнен ақша сұрайды.
– Ой, түбі түссін, жазбаңдар онда, – дейді ол.
– Шабуға үйренген жүйрік шаппаса аяғына сарысу түсіп, қамкөңіл болады. Біз, байғұс журналистер де сол сияқтымыз. Жазбау біз үшін, өзіңді сарықтым, тоқырадым дегенмен тең. Оған қоса біздің күнкөрісіміздің көзі – жазу, жазбайтын журналистке редакцияда орын жоқ, – деймін мен оған кәдімгідей байсалды жауап беріп.
– Иә, сендердің де көрген күндеріңді аса дәріптей қоюға болмас. Аяқ-қолдарың жергей тимей қысы-жазы зыр қағып жүгіріп жүресіңдер. Между прочим, бәріміз де сол ғой, погон таққандар оңып тұр дейсің бе? Біз, бұйрық талқылауға жатпайды деген принцип бойынша өмір сүреміз. Ол бұйрықты беретіннің естісі де, есері де бар. Кезіндегі Ауғанстанды, Желтоқсан-86 есіңе ал, – деп енді полковник өзіме сауал сала сөйледі.
– Құрсын, айта берсек мұң бітпес, мен саясаттан талай шоқ басқан адаммын, қоғамды жөндеу қолдан келмейді. Одан да сен маған өлген әйелдің деректерін бер, – деймін полковникке. Ол бір папканы ашып, суреттерді қарап отырған.
– Шіркін-ай, өзі де сұлу екен, адам қызығарлықтай, – деді басын шайқап.
– Кімге сұқтанып отырсың? – дедім мен.
– Өлген әйелше, Айқаракөз Айдарбек бар-жоғы отыз бірде! Ол суретті маған берді.
– Мен тілім байланып, сілейдім де қалдым. Айқаракөз, байғұс бала. Оның жәудіреген көзі жүрегіме шоқтай қадалды. Еңбек жолын баяғыда біздің теледидарда диктор болып бастап еді. Содан казино ма, коммерция ма әйтеуір бір думанды ортаға кеткен. Ақыры мынадай жағдайға душар болғанын қарашы?!
– Сен оны танитын ба едің? – деді полковник. Мен басымды изедім. Сендердің де араласпайтын орталарың жоқ екен дегендей полковник мырс етіп күліп алды да:
– Ал, ендеше мыналардың көшірмесін ал, оқиға болған жерді, адамдардың атын өзгертесің, – деді әдеттегідей бір папканы ұсынып жатып. Сөйтті де жұмыс бабымен шығып кетті. Мен қағаздарды аударып-төңкеріп дегендей бөлмеде жалғыз қалдым. Айқаракөз жайлы білетінім енді біртіндеп санама орала бастағандай болды.
Ұмытпасам, оны алғаш рет бізге шешесі ертіп әкелген-ді. Анасы бәкене келген, сымбатты әйел еді. Ал қызы жұтынып тұр. Сұлу, жас, қап-қара бота көздері мейірім мен шаттыққа толып, айналасына нұр шашып тұрғандай.
– Қызым онжылдықты бітіріп жатыр. Оқуға жіберуге жағдайым көтермейді, жалғызбастымын. Ән айтады, көркемсөз оқиды. Менің байқауымша қоңыр дауысы, жап-жақсы дикциясы бар. Сіздердің бір қажеттеріңізге жарап қалар деп үміттенемін, – деген еді шешесі.
Ол кезең заманның күйіп тұрған шағы еді. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалған, елді-мекендерде электр жарығы бір жанып, бір сөніп, үкіметте ақша жоқ, еңбекақы мен зейнетақы төленбей «бартер» деген пәленің шарықтап кеткен сәті болатын. Оқу туралы ойлау көпшілік жастардың ойына кіріп шықпайтын. Сондықтан жесір әйелдің бұл өтінішін біз аяқсыз қалдымауға тырысып, баланың бағын сынап көрейік деп шештік. Айқаракөзді сынақ мерзімімен үйренуші диктор қылып жұмысқа алдық. Пысық, алғыр бала екен, жұмысты тез меңгеріп алды. Оған қоса жайдары, көпшіл мінезі, сымбатты, сұлу жүзі айналасындағылардың оған деген ілтипаты күшейтті. Сырт жұрт, көрермендер оны екі-үш айдың ішінде-ақ «тележұлдыз» деп қабылдады. Редакциядағы қыз-жігіттер арасында Айқаракөзге қызығушы қалталылардың да біздің компанияны торуылдай бастағандығы айтылып қалатын еді. Кейде қауесеттің аржағында ащы шындақтың құлағы қылтиып тұрады. Бұл жолы да солай болды. Айқаракөз жарты жылдан кейін ақшаны көп төлейтін жекеменшік компанияға ма, әлдеқандай түнгі клуб па бір думанды ортаға ауысып кетті. Мен оны содан қайтып көрген емеспін. Бірақ ол жайлы сан-алуан әңгімелер айтылып, әдетте сұлу әйелдер туралы өтірік-шыны аралас болатын төсек қатынасы жөніндегі дақпырттарды естігенбіз. Сондай көп алыпқашпаның бірінде «Айқаракөз анау пәленше байдың, немесе облысымыздағы бір үлкен басшымыздың нақсүйері екен», деп жұрт жиі айтатын. Тіпті олар сол әйел үшін атысты деген үрейлі әңгімені де құлағымыз шалған-ды. Енді қараңызшы, өзін-өзі құрбандыққа шалды, неге? Не себеп?
Мұның жауабын мен күнделіктен, немесе өсиетнамадан табатыныма сендім. Өйткені әйел затының табиғаты мен түйсік талғамы, өмірге көзқарасы күтпеген тосын жағдайдың құрбаны болу себебі әдетте бір-бірінен онша алшақ кетпейді. Олар сезімге берілген шақта ішкі жандүниесін ашып салады. Демек, күнделікті оның қылаң бермеуі мүмкін емес.
Күнделік онша көп емес, оқушы дәптерінің он-он бес бетіне ұсақ, әдемі әріптерімен маржандай етіп жазылған. Мен әуелі оны атүсті шолып өттім. Сонан соң өзіме қажетті-ау деген жерлерін қайталап оқыдым.
"Даланың ғажайып лала гүлдері көктем келісімен көзжауын алып құлпырып шыға келеді. Бірақ, ғұмыры қысқа, тез солады. Есесіне келесі көктемде қайта гүлдейді. Ал, адам олай емес, мынау пәни дүниеге бірақ рет келетін тіршілік иесі. Иә, ол көп тіршілік иесінен әлдеқайда құдіретті, күшті. Тіпті құдайдың өзі сияқты. Аналарға кесімді шара қолданады, айтқанын істетіп, айдағанына жүргізеді. Дегенмен, нақ Алланың алдында әлсіз, көктемдегі жауқазын сияқты. Сондықтан өмірде орындалмайтын армандарды аңсап, болмайтын істі болдарамын деп азап шеккенше өзінің қолыңда бардың ләззатына бөлену керек. Қазір заман алмағайып, мен сияқты панасыз жас қыз түгіл ақшалы азаматтардың өзі аяғын аңдап басып, қоғам ағысының ығына жығылуда.
Мен сұлумын, сүйкімдімін, жаспын. Менің қолымдағы қазынам да, жұмсайтын қаруым да осы. Сұлулық дегенің ұлылықтың белгісіндей әрқашан ерекшеленіп, биік тұрады. Оны шебер пайдалансаң билік ортасында өзіңнің дегеніңе жетуге, немесе тұрмысыңды түзеп алуға болады. Мен осы себепті төлейтін ақшасы аз, жұмысы көп теледидарды тастап басқа ортаға кетіп барамын".
– Массаған, – дедім мен мынаны оқығаннан кейін аң-таң қалып, мына қызың мәселені қалай-қалай толғайды! Шамасы бұл жолдарды бізден кеткен тоқсаныншы жылдары жазған болуы керек. Апыр-ау, ол кезде он сегізге де толмаған бала еді ғой. Мынау жазуына қарасаң от пен судан өткен кексе әйел сияқты. Ақыр заманның баласы, іштен оқып туғандай. Бәрін біліп, бәрін түсініп отыр. Қолданатын айла-амалы қандай! Биліктегі мырзалар мен байларды асықтың сақасындай қолда ойнатам деп отыр ғой.
Әйтсе де ол осыны істеді емес пе? Түнгі барда анау шенеунік пен бизнесменнің атысуына Айқаракөздің қатысы бар деп бүкіл қала шулады. Көзімен көргендер де бар болып шықты. Оқиғаның ушыққаны сонша, Астанадағы үлкен билік ордасынан өкіл келіп, дау-дамайды басқандай болды.
Күнделікті әрі қарай оқи түстім. "Көңіл көкжиегі тар, ойлау қабілеті мен парасаттылығы шектеулі, бірақ қалтасы қалың кейбір боққарын мырзалар бәрін де бөрікпен соғып аламыз деп ойлайды. Менің осындай бір «төрағам» болды. Ләззат сәтінде мұрны шуылдап, сілекейі шұбырып көзі аларып кетеді. Маған ақшаны да төкті, машина да алып берді. Десе де мен үшін оның ешқандай сүйкімі болмады. Ақыры басымды әзер арашалап алдым".
Күнделікте аты аталған адамдардың біразын мен таниды екенмін. Өйткені олардың дені есімі ел ауызында жүрген кәсіпкер, билік өкілдері еді. Айқаракөз жайлауынан олардың да ат шалдырғаны белгілі болады. Менің шамалауымша қыз осылармен әдейі, мақсатты түрде жақындасқан сияқты. Олай дейтін себебім күнделікте оның «торайы» да, «торпағы» да көп екен.
"Бұл «бизнеске» араласқаныма да он бес жылдай болып қалды. Көрдіңіз бе, ол түнгі клубтардың жұмысын бизнес дейді. Алға қойған мақсатыма қолым жетті. Байлар мен билік арасында танымалдығым бар. Бірақ, неге екенін білмеймін көңіл пәс, сырты жылтыраған тірі қуыршақпын. Отбасым да, ұрпағым да жоқ. Ұшарын жел, қонарын сай білген көбелек сияқтымын. Біздің қуаныш пен шаттықа толы өміріміздің тез-ақ өтіп кетерін мен сезуші едім. Бетіңізді әжім басып, арса-арса болып қартайғанда, оттай қып-қызыл алау ерніңнің қызуын сүйе-сүйе әркімдер суырып алғанда «алда байғұс-ай, мынау кешегі пәленше ғой» деген мүсіркеуді естігеннен ертерек өлгенім артық деген ойға жиі берілетін болып жүремін", – депті күнделіктің бір жерінде «Қап, әттеген-ай, суицидке баруының басты себебі осы болмаса неғылсын» деп ойладым мен.
Сөйткенше полковник мырза да келді.
– Қалай таныстыңыз ба? – деді ол.
– Таныстым, және оның құрбандыққа неге барғанын білемін, - дедім сенімді түрде.
– Ал, Шерлок Холмс, айта ғой онда, – деп полковник күлді.
– Білесің бе, – дедім оның көзіне көзімді қадай сөйлеп, – әрбір сұлу әйел қартайғысы келмейді. Қартаю олар үшін өліммен тең. Одан да бетінің әрі барда өмірден ертерек кетуді қалайды. Екіншіден, Айқаракөз мінезді, текті әйел. Ол жас кезінде тұрмыстың мұқтаждығымен жезөкшелік жолға түссе де, есейе келе одан безініп, өзін-өзі жеккөре бастаған. Оның рухының мықтылығы сонда, жезөкшелікпен тәнін былғағанымен қайсар рухын әр кез биік ұстай білген.
– Айтпағыңды түсіндім, – деді полковник, бұныда жоққа шығаруға болмас. Дегенмен Айқаракөздің бірен-саран еркектердің шамына тиіп, ызасын келтіргенін ескер. Солардың бірі киллер жалдап өлтіріп, содан соң суға лақтырып жіберсе не істейсің?
– О, көке-ау, өсиетнамасы бар емеспе пе, соны көрейік те, – дедім мен.
– Бар, біз оныда тексеруге жіберіп, мұқият зерттедік. Жазу өзінікі. Полковник маған зер сала қарады да:
– Не деп жазғанын білесің бе? – деді. «Ей, Құдайдың құлдары! Біз де Сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» деп жазылған. Және осы сөзді, мынау суретті басына қоятын белгі тасына ойып жазуды өтінген.
Менің тұла бойымды эмоцияның оты шарпып өтті. «Құдай-ай, сақтай гөр, не дейді» деп ойладым.
– Ең керметі мынау, – деді полковник, – өсиетнамасында өзінің жинаған ақшасынан 5 мың долларды жетім балалар үйіне беруді өтініпті. Мұндай меценаттықты біздің мықты деген бизнесмендеріміз жасай алмай жүргенде мынауысы үлкен ерлік.
– Жаны жәннатта болғыр, көрікті ғана емес, ақылы да бар екен-ау, – дедім мен.
– Ақыл дейсің бе? – деді менің сөзімді іле-шала қағып алып, – бұлардың көпшілігінің өзі ғана емес, ұрпағы да ақылды боп туатыны тарихта дәлелденген. Сөйдеді де, ол менің онша сене алмай отырғанымды аңғарып, бірталай белгілі тұлғалардың есімін атап-атап жіберді.
– Ойбай-ау, олар гаремдегі кәнизактардан туған ғой, – дедім мен.
– Какая разница, что канизак, что жезөкше, – деп полковник енді орысша сілтеп жіберді.
– Иә, соңғы жылдары бізде осындай өлімнің көбейіп кеткені шындық,- дедім мен де бұл жайға келісетіндігімді білдіріп.
– Себебі? Қоғам сұрқия, жемқорлықтың ауруы меңдеп, билік жоғарыдан төменге дейін іріп-шіріген. Бұл-бұл ма, енді он он бес жылдан кейін тіпті қиын болады. Өйткені, билік аренасына бла бақшадан бастап мектеп пен жоғары оқу орнына шетелдік машинамен барған ұрпақ келеді. Олар шынайы өмірден қол үзген.
– Сіз әңгімеміздің басында саясатқа араласпаймын дегендей едіңіз, тағы да сол жаққа қарай бөшке домалата бастадыңыз ғой, – деп полковник қулана күлді.
– Қайтейін шындық бейшара шырылдап, алдымнан шыға береді. Біздікі жәй әншейін, «айтпасаң сөздің атасы өледі» деген сияқты ғой, – деп мен де күлген болдым.
«Е, қайран Айқаракөз, неге ғана өзін өлімге қиды екен?!...».
P.S. Арада екі аптадай уақыт өтпей-ақ бұл қылмыстың беті ашылды. Айқаракөзді әуелі тұншықтырып өлтіріп, содан соң көпірден лақтырып жібергені белгілі болды. Қоғам оған баяғы шенеунікпен атысқан «Иволга» фирмасының директоры Арсен Ағабек кінәлі деп шу ете қалды...