Серік Шайман. ОСЫ БАЛАҒА СӨЙЛЕС...
Шешейдiң «қала өмiрiне көндіге алмаймын» деп жұртқа айтатыны жай сылтау ғана. Әйтпесе «кәрi де, жас та тұрып жатқан жер ғой, өзiм дe үйренiп кетер едiм» деп ойлайды. Қалаға көшпей отыруының бiр ғана сыры бар. Ол – жалғыз баласының үйлену тойын абысын-ажынның ортасында дүркiретiп ауылда жасау. Бiрақ шешейдiң арманы соңғы уақытта қол жеткiзбейтiн сағымдай болып созылыңқырап кеттi.
Есептеп отырса Досанның iшкi жаққа кеткенiне алты жылдан асыпты. «Содан берi бұл пәтшағар бiр адамға жолықпағаны ма? Жұрттың баласы үйiнен кеткенiне бiр жыл толмай жатып «келiндi болатын шығарсыңдар, ақша керек» деп хат жазады. Биғаным шешей осындай қуанышты хатты қаншама сарғая күттi десеңшi. Досаннан хат келген сайын көршiнiң баласын шақырып алып, «айналайын, бiр сөзiн де қалдырмай тeгic оқы» деп қатаң тапсырып, өзі тыңдап отырар едi. Досан ауылдың амандығын сұрап, өзiнiң оқу жайын айтқаны болмаса, келiн туралы ештеңе демейтiн. Сөйтiп жүргенде оқуы бiттi.
Шешей «ендi қанша жерден үйленбесең де, кезiң келген шығар, бәлем» деп ойлады Досан қалаға жұмысқа орналасқанда.
– Досанжан үйленетiн шығар, – деп көршi кемпiрлерге сөз арасында аңғартып та қояды. «Не керек, бұл пәтшағар тағы үйленбей шықты». Осы күнi өзiне тура айтатын болып жүр. Анада демалысқа келгенінде алыстан орағыта отырып емеурiн жасап едi.
– Ой, апа-ай, несiне асығамыз, әлi үлгеремiн ғой, – деп күлдi.
Ендi мүлде қалаға көшiп барып, күнде құлағына құйып отырмаса болатын емес. «Баяғының жiгiттерi он үште отау иесi деп, үйленiп алып жағасы жайлау болып отырушы едi. Осы күнгiнiң жастарының жарты ғұмыры оқумен кететiн болыпты ғой. Ой, тәуба, жасаған-ай».
Шешей қалаға баласының екi күндiк демалысы қарсаңында көшiп келдi. Көшу туралы ой көңiлiне қонақтағаннан кейiн поштаға барып, қалааралық телефонға заказ берген. Жүзбе-жүз отырғандай емес, телефонмен сөйлесу оңай екен. Сол жолы: «Дүниеге келген жерiңе, ағайын-туманың ортасына әкеп келiн түсiре ме деп едiм, ол қолыңнан келмедi, балам. Қалада сен бiр төбе, ауылда мен бiр төбе болып отырғанымыз Құдайдан да, адамнан да ұят болар. Көшемiн ендi, келiп алып кет», – деп трубканы тастай салды.
Бiр аптадан соң грузовигiн салдырлатып Досан келдi. «Апа, айып менен, биыл қайтсем де саған келiн түсiрiп берем. Тойды ауылға келiп жасаймыз», – деп алдап-сулап көшiрiп әкеттi.
Шешей қалаға бiрден үйренiп кете алмады. «Халқының көптiгiн қайтейiн, бiрiнiң есiгiнен бірі қарамайды, жалғыз үй сияқты», – дейдi кейiп. Досан түскi тамағын iшiп, әдеттегiдей жұмысқа кеттi. Биғаным шешей ыдыс- яқты жинап, орын-орнына қойды. Сонан соң баласының кiтап салған шкаф мен телевизорының бетiне қонған шаңды сүрттi. Ендi не iстесем екен дегендей сәл-пәл ойланып тұрды. Аула жаққа қарайтын терезенiң алдына барып едi, бiр топ бала жемге таласқан тауықтай болып үпiр-шүпiр бiрдеменi қуып ойнап жүр екен. Шеткерiрек жағында соларға қарап мәз болып тұрған төрт-бес жастар шамасындағы тәмпiш мұрын қарадомалақ балаға көзi түстi. Iшi жылып сала бердi. Асүйге барып, бiр қалтасын конфетке толтырып алды. Галошын аяғына сұға салып, жаулығын кақырайтып далаға шықты да, балалардың сырт жағын ала төбесiне күнқағар ұстаған орындыққа отырды. Жаңағы тәмпiш мұрын қарадомалақ бала мұны көре салып ұмсынып жүгiре түстi де, жақындай берiп тұрып қалды. «Алда бақыр-ай, мынау кемпiр-шалдың бауырында өскен бала-ау, шамасы. Менi өзiнiң әжесiмен шатастырды ма екен?» – деп ойлады шешей. Бала таңырқап тұрды да, терiс айнала бердi. Биғаным шешей отырған орнынан ұшып тұра жаздады.
– Келе ғой, балақай, кел! – дедi дауыстап. Тәмпiш мұрын бала тағы да бұрылып қарады. Баланың шақырғанға келмесiн сезген шешей қалтасынан бiр уыс конфет шығарды. Бала жан-жағына қарап алды да, шешейдiң құшaғынa сүңгiп кеттi. Биғаным шешейдiң жүрегi елжiреп, құшағындағы баланы емiренiп қысып-қысып алды.
«Әй, өзің жiгiт екенсiң», – дедi риза болғандығын жасыра алмай. Қолындағы уыстаған конфетiн баланың қалтасына салып жібердi. Бала бiреуiнiң қағазын жыртып ашты да, аузына сүңгiтiп жiберiп, шешейге таңырқай қарады.
– Атың кiм? – дедi шешей ендi баланы өзiне қаратып алып.
– Едик.
– Жоғал әрi, Едигi несi, Едiрес болмаса Еркiн шығар?
– Жоқ, Едик.
«Осы күнгi қаладағы жастар баласының атын Едик, Седик демей, қазақшалап қойса iшкендерi ас болмай ма екен? Әп-әдемi балаға қойған атын қарашы», – деп, шешей тәмпiш мұрын қарадомалақ баланың әке-шешесiмен iштей ұрсысып алды.
– Әжең бар ма?
– Бар. Әжем түу алыста қалды. Менi мамам милицияның машинасымен барып алып келдi, – дедi бала.
«Айттым ғой, – деп ойлады Биғаным шешей, – бәсе, бұл пақыр кемпiр-шалдың қолында өскен деп. Менi өзiнiң әжесiмен шатастырған екен. Алда мүсәпiрiм-ай». Тағы да жүрегi елжiреп баланың құм-құм басынан иiскедi.
– Папаң бар ма? – деп сұрады баладан.
– Бар, – дедi бала.
«Е, онда папасы милицияда iстейдi екен ғой» деп жұбатты шешей өзiн.
Сол сәтте үй жақтан бiр жас әйелдiң:
– Едик, Едик! – деген даусы естiлдi. Тәмпiш мұрын бала дауыс шыққан жаққа қарап, бiрдеңе деп орысшалады.
Ендi жаңағы әйел тұп-тура осылай қарай жүрдi. Аузы-аузына жұқпай ол да орысша сөйлеп келе жатыр. Жақындаған сайын дауыс екпiнi күшейiп, шәңкiлдей түстi. Биғаным шешей «қазақ болса, үлкендiгiмдi сатып баланы бiр жолға сабатпай алып қалармын» деп ойлаған. Бiрақ әйел ай-шайға қарайтын емес, төменгi түймесi ағытылып кеткен шолақ халатынан жұп-жуан саны жарқылдап, екпiндеп келiп қалды. Шешейдiн жүзi шыдамай назарын төмен салып, басын бұрып әкеттi. Тәмпiш мұрын бала шешейдiң құшағынан сытылып шықты да, келiншектi алыстан орағытқан күйi үйiне қарай томпаңдап жүгiре женелдi. «Астапыралла, – дедi шешей жағасын ұстап, – мына пақырдың анасы кiм?»
Биғаным шешейдiң жаңа ғана көтерiңкi көңiлi су сепкендей басылды. Көз алдында болған жайға сенерiн де, сенбесiн де бiлмегендей екi шекесi суырып, зырқырап қоя бердi. Магазин жақтан тор ұстаған бiр кемпiр келе жатыр екен. Соған қарайлап кішкене отырды.
– Есенсiз бе, бәйбіше, – дедi жаңағы кемпiр бұның қасына отыра берiп. Биғаным шешей сөз әлпетiне қарап, шамасы, ноғай-ау деп жобалады.
– Шүкiр, өзің де қуатты жүрсiң бе?
– Өлмегесiн сүйретiлiп жүрген ғой, әншейiн. Балалардың сүтi мен нанын әкелу де күш болып барады. Сiздi алыстан көрiп, Едиктiң әжeci келген екен деп ойлап едiм. Бұрын көрiнбейтiн едiңiз, бiр жақтан келдiңiз бе? – дедi. Б