Ресейдің Краснодар қаласында 29 жастағы Бурятия тұрғынының сапары қайғылы аяқталды. Telegram-дағы Kub Mash арнасының мәліметінше, ер адам бәске бола бір бөтелке арақты түгел ішіп, қайтыс болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөзге сүйенсек, ер адам Кубань өңіріне танысымен бірге автостоппен келген. Түнде олар қала ішінде жүріп, жол ақысын жинау үшін тұрғындардан ақша сұраған. Алайда жиналған қаражатқа билет алудың орнына арақ сатып алған.
Ішімдік ішкеннен кейін ер адам демалу үшін жатып қалған. Таңертең оның денесін көшеде өтіп бара жатқан адамдар байқап қалған.
Қайғылы оқиға Краснодар қаласының орталығындағы қоғамдық көлік аялдамасында болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары өлімнің нақты себептерін анықтап жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлар шамадан тыс алкоголь тұтыну мен жауапсыз әрекеттердің қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.
Сонымен қатар Ресейдің Уфа қаласында да осыған ұқсас оқиға тіркелген. Онда мас жүргізуші полициядан қашу кезінде жоғары жылдамдықпен бетон қоршауға соғылған. Оқиға сәті бейнекамераға түсіп, кейін жүргізуші ұсталған.
Мамандар мұндай оқиғалар қоғамда қауіпсіздік мәдениетін арттыру қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдейтінін атап өтеді.
Бұған дейін Австралияда 28 жастағы жігіт ұлу жеймін деп бәстесіп, көз жұмғанын жазған едік.