freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Шымкентте 100-ден астам көлік жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты

Құқық
Шымкентте 100-ден астам көлік жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты
видеодан скрин

Шымкентте көше тазалығына жауапты «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жанжал туындап, 100-ден астам жүргізуші жұмысқа шықпай қалды. Олардың айтуынша, мекеме басшылығы артық жұмыс уақыты үшін ақы төлемей, еңбек заңнамасын бұзып отыр, деп хабарлайды Malim.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Жүргізушілердің сөзінше, ресми түрде жұмыс уақыты таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін белгіленгенімен, іс жүзінде олар түн ортасына дейін, тіпті таңғы 4-ке дейін еңбек етуге мәжбүр. Демалыс күндері де жұмысқа шығуға міндеттейді. Ал одан бас тартқан қызметкерлерді бірден жұмыстан шығарады.

«Кесте бойынша 9-дан 6-ға дейін жұмыс істеуіміз керек. Бірақ кейде түнгі 2-де, тіпті таңғы 4-те қайтамыз. Сенбі-жексенбі де жұмысқа шақырады. “Шықпаймын” десең, еститініміз - “жұмыстан боссың” деген сөз», — дейді жүргізуші Бақытжан Төлеев.

Жұмысшылар тек артық уақыт үшін ақы төленбейтінін ғана емес, сонымен қатар қызметтік көліктердің шығынын да өз қалтасынан өтеп жүргенін айтады. Олардың сөзінше, техниканың май-суы, қосалқы бөлшектері, тіпті кей жағдайда жанармай да өз есебінен алынады.

«Көліктің бөлшектерін өзіміз сатып аламыз. Мысалы, бір ғана детальдің өзі 3–4 мың теңге тұрады. Баллон тесілсе де өзіміз төлейміз. Батпаққа батып қалсақ, кранды да өз ақшамызға жалдаймыз — 50 мың, 70 мың, тіпті 80 мың теңгеге дейін шығын шыққан кездер болды», — дейді жүргізуші Ерғали Төреханов.

Қызметкерлер мекеме басшысының жұмысшылармен дөрекі сөйлесетінін де алға тартады. Олардың айтуынша, директор талаптарын түсіндірудің орнына, қысқа ғана «кетіңіз» деп жауап қайтарады.

«Адаммен дұрыс сөйлеспейді. “Мен айттым, болды, бара беріңіз” деп қысқа қайырады. Бәрімен солай сөйлеседі», — дейді мекеме қызметкері Қарлығаш Дербесова.

Ал «Еңбекші» КММ директоры Нұржан Төлебеков бұл айыптаулармен келіспейді. Оның сөзінше, жұмысшылардың айтқандары шындыққа жанаспайды және жағдай түсінбеушіліктен туындаған.

«Өз қалтамыздан аламыз дегені — өтірік. Ешкімді ештеңе алуға мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Бұл жерде бөлім басшылары дұрыс түсіндірмеген болуы мүмкін», — деді директор.

Наразы топ қала әкімін шақырғанымен, кездесуге аудан әкімінің орынбасары келген. Алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмаған. Шенеуніктер жұмысқа шықпағандарды тәртіптік негізде жұмыстан босатылуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазіргі таңда 180-ге жуық жүргізуші мәселені қала әкімі деңгейінде қарауды талап етіп отыр. Олар сондай-ақ жағдайға еңбек инспекциясы мен прокуратураның араласуын сұрайды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу