freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Дәрігерлер 12 жастағы қыздың асқазанынан үшінші рет шаш түйінін алды

Денсаулық
Дәрігерлер 12 жастағы қыздың асқазанынан үшінші рет шаш түйінін алды
Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасы

12 жастағы қыз жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, оған өмірге қауіп төндірген трихобезоар диагнозы қойылған. Алматыда дәрігерлер 12 жастағы қыздың асқазанынан ірі көлемдегі шаш түйінін алып тастады.

Ерекше жағдай – бұл науқасқа дәл осындай операция үшінші рет жасалып отыр. Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының мәліметінше, пациент жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, оған сирек кездесетін әрі аса күрделі диагноз – трихобезоар, яғни асқазанда жиналған үлкен шаш конгломераты анықталған. Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, кешенді тексерулер, соның ішінде эндоскопия нәтижесінде дәрігерлер баланың өміріне тікелей қауіп төндірген ірі түзілісті анықтап, шұғыл ота жасауға шешім қабылдаған.

Жағдайдың күрделілігі – бұл қыз бұған дейін дәл осындай диагнозбен екі рет операция өткерген. Алғашқы ота 2021 жылы Шымкентте, екіншісі 2024 жылы Семейде жасалған. Қайталанған хирургиялық араласулар іш қуысында айқын жабысқақ процестердің пайда болуына, тыртықтардың қалыптасуына және асқазан қабырғасының өзгеруіне әкелген. Аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаевтың сөзінше, бұл жағдай ота жүргізуді айтарлықтай қиындатқан.

Айқын жабысқақтар, тіндердің тыртықтық өзгерістері және анатомиялық деформациялар операция барысында күрделі техникалық кедергілер туғызған. Соған қарамастан, дәрігерлер жоғары кәсіби деңгейде күрделі операцияны сәтті өткізді. Ота кезінде асқынулар тіркелмеген. Дәрігерлердің мәліметінше, алынған шаш түйіні асқазанның пішінін толық қайталап, он екі елі ішекке дейін созылған. Қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажетті ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл дерттің себебі – трихофагия, яғни шашты жұлу және оны жеуге байланысты психологиялық ауытқу. Ауруханада жатқан кезінде науқаспен психолог жұмыс істеген. Дәрігерлер оны жазылғаннан кейін психиатр бақылауында ұстауды ұсынбақ, себебі аурудың қайта қайталану қаупі жоғары.

 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу