Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде өткен өміріне байланысты әсерлі жазба жариялап, көпшілік назарын аударды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол өз жазбасында спортшының мансабының бастапқы кезеңіндегі қиындықтар мен бірге өткерген сәттерді еске алған.
Гүлайымның айтуынша, сол кезеңде ешқандай атақ-даңқ пен үлкен табыс болмаған, ал Шавкаттың жалақысы небәрі 120 мың теңгені құраған.
"Бұл фотоларда ешқандай атақ, ешқандай миллион ақша жоқ… Шавкаттың сол кездегі жалақысы небәрі 120 мың теңге болды. Бірінші фотода – 2017 жылдың қаңтары. Ол алғаш рет аяғынан жарақат алып, жаңа жылдан кейін МРТ-дан шығып, Пришахтинск жақтағы ауруханадан келе жатқан кезіміз. Аяғымыз ауырса да, бәрібір мәзбіз", – деді Гүлайым Рахмонова.
Сондай-ақ ол Рахмоновтың табандылығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, олар күнделікті қатаң тәртіппен өмір сүріп, күніне бірнеше рет жаттығу жасаған.
"Сол жарақаттан кейін де ол аянбай еңбек етіп, шыдамдылықтың арқасында көптеген белесті бағындырды. Бізде бос уақыт деген болмайтын. Тұңғышымыз дүниеге келмей тұрып та күнделікті қатаң режим ұстандық – күніне үш мезгіл жаттығу. Үйде де 20-30 минут болса да, міндетті түрде жаттығу жасайтын", – дейді ол.
Гүлайым Рахмонова UFC-ге шығу олардың ортақ арманы болғанын да жасырмады. Ол үшін ерлі-зайыптылар ерте тұрып, үздіксіз еңбек еткенін айтты.
"UFC-ге шығу – екеуміздің де түпкі мақсатымыз еді. 2016 жылдан бастап таңғы 5-те тұрып, жаз-күз демей еңбек еттік. Ол жүгіріп кетеді, мен таңғы ас дайындаймын. Демалыс күндері қазақша оқып-жазуды бірге үйрендік. Автограф қоюға дейін жаттықтық – ертең жанкүйерлерің көп болады деп", – деп жазды ол.
Сонымен қатар, ол отбасы мен спортты қатар алып жүру оңай болмағанын, алайда сол еңбектің нәтижесінде бүгінгі жетістікке қол жеткізілгенін жеткізді.
"Кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Шавкат үлкен қызын ерекше жақсы көреді. Үй, спорт, отбасы – осындай тынбас еңбектің арқасында бүгінде бәрінің жағдайын жасап отыр. Қызық… уақыт өте келе осының бәрін ұмытып кету мүмкін бе? Бір кездері оның жақындарына жақсы келін, жақсы жеңге едім. Ал қазір сол адамдар түрлі пікір жазып, Шавкатты маған қарсы қоюға тырысып жүр. Ешқандай өкініш жоқ, тек бір "әттеген-ай" бар. Мен өзімді аянышты етіп көрсететіндердің қатарынан емеспін. Бірақ осы жылдар ішінде менің де еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын. Уақыт келеді – әркім өз ісіне жауап береді", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, қазіргі жағдайы туралы пікір білдірген еді.