Алматының «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Зениттен» (0:2) жолдастық матчтағы жеңіліске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Уразбахтиннің айтуынша, команда ойынның алғашқы бөлігінде қарқын таба алмай, пассивті бастаған. Ол қарсыластың белсенді ойнап, қапталдарда басымдық көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ, «Қайрат» футболшылары әуедегі допқа таласта қарсыласқа көп есе жібергенін айтты.
«Бірінші таймда ойынға ұзақ кірістік, сәл пассив бастадық. Қарсыласқа құрмет көрсету керек – олар белсенді ойнады, қапталдарда бізді басып озды. Бізге жекпе-жектерде жеңіс жетіспеді. Голдар да қапталдағы шабуылдардан кейін соғылды», – деді бапкер.
Үзілістен кейін командаға ойын жоспарын сақтап, шабуылды жалғастыру тапсырылған. Екінші таймда «Қайраттың» ойыны біршама жақсарған.
Сонымен қатар, ол матчтағы атмосфераны жоғары бағалап, «Зенитке» және жанкүйерлерге алғыс білдірді.
«Жігіттерге кем дегенде бір гол соғуға тырысу керек екенін айттық – сонда қосымша энергия пайда болар еді. Бірақ соңғы сәттерде дәлдік жетіспеді. Бір гол соғатын мүмкіндігіміз болды, алайда оны пайдалана алмадық», – деп қорытындылады Уразбахтин.