Алғашқы матчта Намибия құрамасын 2:0 есебімен жеңді — гол авторлары Ян Вороговский мен Алибек Касым. Бүгін Комор аралдары құрамасын 1:0 есебімен ұтты — матчтың 4-минутында Рамазан Оразов гол соқты, деп хабарлайды Malim.kz.
Астанадағы FIFA Series турниріне Кувейт те қатысуы тиіс болған, бірақ Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты бас тартты.
Бұл жеңіс FIFA рейтингінде ұпай береді. Қазіргі орындар:
107 — Комор аралдары
114 — Қазақстан
118 — Намибия
FIFA Series деген не?
Бұл — биыл іске қосылған жаңа турнир. Ол «төрттіктің финалы» форматында қатысушы елдердің бірінің алаңында өтеді. Алғашқы маусымда 50 құрама 13 топқа бөлініп қатысып жатыр.
Әзірге келесі кезеңдер қарастырылмаған, жеңімпаздарға символикалық кубоктар табысталады. Турнирдің мақсаты — әртүрлі конфедерация құрамаларына жолдастық матчтар өткізуге мүмкіндік беру және FIFA рейтингінде көтерілуге жағдай жасау.
FIFA Series басқа топтарында жеңіске жеткендер: Австралия, Әзербайжан, Болгария, Финляндия, Пуэрто-Рико, Руанда, Аруба және Өзбекстан.