Қазақстан Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге бейнебақылау камералары тіркейтін «көзге бірден түсе бермейтін» құқықбұзушылықтар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізушілер мерзімі өтіп кеткен техникалық байқау, сақтандыру полисі немесе жүргізуші куәлігі үшін айыппұл алуы мүмкін. Мұндай заңбұзушылықтарды автоматты тіркеу камералары анықтайды.
ІІМ жүргізушілерге құжаттардың жарамдылық мерзімін уақытылы тексеріп отыру қажет екенін еске салды. Атап айтқанда:
- техникалық байқаудан өту,
- сақтандыру полисінің болуы,
- жүргізуші куәлігінің жарамдылығы.
Қазіргі таңда бұл құжаттарды бірнеше минут ішінде, соның ішінде онлайн түрде тексеруге болады. Министрлік өкілдері бұл талаптар тек формалды міндет емес, жол қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.
«Автоматты тіркеу камералары мұндай заңбұзушылықтарды қазірдің өзінде анықтап жатыр. Бұл шаралар жазалау үшін емес, тәуекелдердің алдын алу және адам өмірін сақтау мақсатында енгізілген», — деді ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ ведомство техникалық байқаудан өту тәртібін еске салды. Егер көлік құралының пайдаланылғанына 7 жылдан асса, онда техникалық байқау міндетті болып саналады. Мысалы, 2019 жылы шыққан автокөліктер 2026 жылдың басынан бастап міндетті түрде техникалық байқаудан өтуі тиіс.
ІІМ мәліметінше, негізгі талаптарды сақтау — тек жүргізушінің жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар жолдағы жалпы тәртіп пен қауіпсіздікке қосылған үлес.