ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (III тарау)

Malim Админ

  • 26.04.2020

Оқи отырыңыз. ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (І, ІІ тарау)

Әсілінде, бұлар ойдан гөрі, әлдебір ишараларға, жосықсыз пайымдарға, тіпті, «Анау, мынау туралы, көбіне-көп әшейін бірдеңелер туралы» қиялдарға ұқсайтын. Біріншіден, мен өткенге еніп кетіп, француздың ақылына қатысты жоғарыдағы нақылды туғызған адам жайында және әлгі нақыл төңірегінде беталдыдан-беталды ойға берілдім. Ал бұл адам өз заманы үшін салмағы бар либерал еді. Өз тірлігінде ол, неге екені белгісіз, француз кафтанын киіп және өзінің рыцарьлар әулетінен шыққанын (мұндайлар бізде мүлде болмаған ғой) көрсету үшін, сондай-ақ, Потемкиннің дәлізінде өзінің ар-намысын қорғау үшін артында опасы мен шпагасын салақтатып жүрсе де, шекараның арғы бетіне тұмсық тығып көргені сол-ақ екен, Парижден құтылу үшін Тәураттың бүкіл мәтінін Құдайдан кешу өтінуге бағыштады және «французда ақыл жоқ» деп ұйғарды, мұнысы да аздай, ондайдың болуы олар үшін қасірет боларын қоса айтты. Айтпақшы, сендер менің шпага мен барқыт кафтан туралы айтқанымды Фонвизинді мысқылдау деп ойлап қалған жоқсыңдар ма? Мүлде олай емес! Өзінің анандай заманында шекпен киіп жүрмек пеол, тіпті орыс болып, халыққа сіңгісі келетін кейбір мырзаларқазір де шекпен киген емес, одан да олар өздеріне балет костюмін ойлап табар,әрине, онысы орыстың халық операларында өздерінің қоқима тәж киген Людмилаларына ынтығып жүретін Усладалардың киетіндері сияқты бола қоймасы анық. Әлбетте, «Бариннің аты – барин, шекпенмен жүрмейді ғой» дегенді сол кезде француз кафтаны халыққа әлдеқайда түсініктірек жеткізген ғой. Жақында естіп едім, халыққа сіңе қоймақшы болған әлдебір бүгінгі помещик орыс киімін киюді және сонысымен жиындарға баруды әдет ете бастаған екен, сөйтсе, оны байқаған бойда шаруалар: «Мына масқарапаз мұнда неғып сенделіп жүр?» – десіп, күңкілдеп кететін көрінеді. Ақыры әлгі помещик халыққа сіңе алмапты.

– Жоқ, мен болсам, – деді маған басқа бір мырза, – жоқ, мен болсам, шегінбес едім. Әдейі сақалымды қырып, керек болса, фрак та киіп алар едім. Іс тындырамын, бірақ сіңіскім келетінін түрімнен байқатпаймын. Қожайын болам, сараң, есепшіл болам, қажет боп жатса, қысым көрсетем, қоқаңдаймын. Көбірек құрметтейтін болады. Өйткені басты гәп ең әуелі шынайы құрметке қол жеткізуде жатыр.

«Сайтан алсын сені! – деп ойладым мен, – тура бір бұратаналарға аттанғалы жатқандай болуын. Жетпей тұрғаны әскери кеңес қана ғой».

– Иә, – деді маған аса биязы үшінші мырза, – мәселен, мен әлдекімдерге тіркеліп қойдым делік, ал маған қауым жиынында әлденем үшін дүре соғуға жаза кесті делік. Сонда не болмақ?

Кенеттен менің: «Ал сөйтсе ше, – дегім келді, бірақ айта алмадым, өйткені қорықтым. (Бұл не өзі, неге біз әлі күнге шейін өзіміздің бөлектеу пікірімізді айтуға қорқып қаламыз?) Сөйтсе ше, – деп ойладым мен өз ішімнен, – мейлі, дүре соқсын, онда тұрған не бар? Іс барысының бұлайша бұрылуын эстетика профессорлары «өмірдегі трагедиялық» деп атайды, одан басқа түк емес. Шынымен-ақ, соған бола басқалардан оқшаулана өмір сүру қажет пе? Жоқ, бірдей екенсің, ендеше бәрін де бірдей көтер, ал оқшау екенсің, онда біржола оқшаулан. Кей жерлерде әлжуаз әйелдер мен балалар бұдан да сорақысына шыдаған».

– Рақым еткейсіз, қайдағы әйелдер мен балалар! – деп шыр ете түсер еді менің қарсыласым, – бөтен біреудің бақшасына қайдағы бір сиыр кіріп кеткені үшін ғана қауым жоныңнан таспа тілер, ал сіздің бұл жердегіңіз ортақ шаруа ғой.

– Ә, иә, әлбетте күлкілі, иә, істің өзі де күлкілі, соншалықты лас, қолыңды былғағың келмейді. Тіпті бұл туралы айтудың өзі ыңғайсыз. Құрып кетсінші бәрі, бәрін бірдей шықпыртса да мейлі, өзім жоқ болсам, болды. Ал мен болсам, өз тарапымнан көпшіліктің үкіміне немен болса да жауап беруге дайынмын; менің аса қымбатты даукесімде титтей де шүбә қалдырмас едім, тіпті оны қауым үкіміне сай реттестіруге мүмкіндік табар едім. Мұндайда Щедриннің губерния очерктерінің біріндегі старостаның: «Мұның айыбын ақшалай аламыз, бауырлар, өйткені оның бұл ісі – игілікті іс. Үйреншікті емес. Міне, біздің бауырымыздың отырғышы да сол үшін, оны шықпырту үшін керек», – дейтін сөзімен шешкен болар едім.

– Кертартпалық! – деп айқайлайды әлдебіреу, осыны оқи сала. – Дүрелеуді жақтап тұр! (Құдай біледі, осыған қарап, біреу-міреу мені дүрелеудің жақтаушысы деп бағалары анық).

– Рақым еткейсіз, сіз не туралы айтып тұрсыз, – дейді басқа біреуі. – Сіз Парижді айтпақ едіңіз, дүреге кетіп қалдыңыз ғой. Париж қайда?

– Не болушы еді, – деп килігеді үшіншісі, – осының бәрін таяуда естігеніңізді, ал саяхаттың жазда болғанын сіздің өзіңіз жазып отырсыз. Сол кезде осының бәрін вагонда қалай ойланып қойғансыз?

– Міне, нағыз мәселе осында, – деп жауап беремін мен, – дегенмен рақым етерсіз, өйткені бұл жазғы әсерлер туралы қысқы жазбалар ғой. Сондықтан қыстағыға қыстікі араласып кетті. Оның үстіне, Эйдкуненге жақындай бере, мен Европаға бола өзіміз лақтырып тастаған бізге тәннің бәрі туралы ерекше ойланғаным есімде, сол сияқты, басқа қиялдарым да осы сипатта болғаны ойымда сақтаулы. Нақтылай түссем, мен мынадай мәселелер туралы ойланған едім: әртүрлі замандарда Европа біздің өмірімізде қандай сипатта көрініс тапты, ол бізге өзінің өркениетімен ұдайы өктемси қонақ боп жүрді, ал содан біз қаншалықты өркениетті бола кеттік және бүгінге дейін мына біздің нешеуіміз өркениеттенбей қалдық? Ал енді қарап тұрсам, осының бәрі бұл тұста еш қажетсіз екен. Жалпы, бұл тараудың түкке керексіз екенін мен тіпті сендерге де ескерткен едім. Дегенмен, тоқтаған тұсым қайсы еді? Ә, иә! француз кафтаны еді ғой. Бәрі тура содан басталған!

Иә, солай, әлгі француз кафтанын киюшілердің бірі сол кезде «Бригадирді» жазған. Өз уақытында «Бригадир» таңғажайып дүние болды және кереметтей әсер туғызды. Потемкиннің өзі: «Өліп кетсең де, бұдан артық ештеңе жаза алмайсың,Денис», – дегенді айтты. Бәрі ұйқылы-ояу қыбырлай бастады. Шынымен-ақ, сол кездің өзінде жұрт ештеңе істемеуден, басқаның шылауында жүруден жалыға бастаған ба? – деп, мен өзімнің жетексіз қиялымды жалғай түстім. Мен сол кезде француздың етегіне оралып кеткеніміз туралы ғана айтып тұрғам жоқ, бұған қоса, біздің өзіміздің тым сенгіш жұрт екенімізді, осының бәрі өзіміздің ақкөңілдігімізден екенін де үстегім кеп тұр. Мәселен, біз істерге іс таппай отырмыз делік, кенеттен бізге әлдебіреу әлдене айтқандай, әлдене істегендей, өзіміздің де жанымыз жадырап кеткендей, іс табылғандай көрініп кетеді, содан соң-ақ бәріміз жапырлай ұмтыламыз және дәл қазір басталып кетеріне еш шүбәланбаймыз. Ұшқан шыбын өте шығады, ал біз пілдің өзіне жол ашқандай боп қаламыз. Балалықтың білместігі, оған қоса, тойынып көрмегендік қой. Мұндайлар бізде «Бригадирден» әлдеқайда бұрын басталған; әлбетте, ол кезде микроскоппен ғана көрінетін көлемде болатын, дегенмен әлі күнге шейін толассыз жалғасып келеді, айналысар бірдеңе тапсақ болғаны, әлі де естен тана даурығамыз. Таңдана шуылдасып, іле-шала теріс айналып кету, бұл – біздің ең бірінші ісіміз; қарап көреміз де, бірер жылдан соң мұрнымызды шүйіріп, бытырап кете саламыз. Содан соң тағы жүз мәрте қайтадан бастасаң да, айнытпай қайталаймыз. Басқа да жетектеулерге келсек, Фонвизиннің тұсында мұндайдың өте қасиеттілігіне, мұның нағыз европалық жақсылық, нағыз ізгі қамқорлық екеніне қаймана жұрт арасында бірде-бір жан күмәнданбады деуге болады. Әрине, күмәнданушылар қазір де шамалы. Біздегі аса прогресшіл партияның бәрі өзгенің шылауында жүруге үздіге ұмтылады. Алайда ана заманда, о, ол кезде кез келген жетектегіштерге сенімнің аса күшті болғаны сонша, сол кезде біздің қалайша тау қопарып тастамағанымыз, біздегі Алаунның жайпақ жоталарының, Паргол шыңдарының, Валдай қияларының әлі күнге өз орындарында тұруының өзі таңғаларлық жәйт. Сол замандағы бір ақынның әлдебір қаһарман туралы:

Шалқая, тауға жатса, тау шайқалар, – деп жырлағаны бар еді, ал сонда не болыпты?

Қолымен бұлтқа асырды мұнараны.

Бірақ бұл метафора ғана шығар. Айтпақшы, мырзалар, мен енді бір ғана әдебиет туралы, нақтырағы, әсем әдебиет туралы айтудамын. Сол арқылы мен біздің отанымызға Европаның біртіндеп және жемісті ықпал ету жолына үңілсем деймін. Яғни сол кезде («Бригадирге» дейін және оның уақытында) қандай кітапшалар басылып, оқылды екен; ал мұны өз тарапымыздан біршама масаттана, тәкаппарлана еске түсірмеу мүмкін емес! Бізде қазір біздің дәуірдің сәнін кіргізген әлдебір Кузьма Прутков деген аса тамаша жазушы бар. Оның бар айыбы ақылға сыйымсыз қарапайымдылығында жатыр, өйткені ол әлі күнге дейін өз шығармаларының толық жинағын шығармапты. Иә, солай, оның жариялағаны – «Современникте» баяғыда бас-аяғын араластыра ұсынған «Өз атамның жазбалары» ғана. Ойлап көріңдерші, сонда жасарын жасап біткен, сарай төңірегінде де, Очаков түбінде де болып көрген, ақыры өз отбасына оралып, өз естеліктерін қолға алған жетпіс жастағы, былпиған, екатериналық осы бір шал не жаза қоюы мүмкін. Гәп сонда, жазатын қызықтары болғаны ғой. Е-е, адам нені бастан кешпейді дейсің! Сонымен, оның бар дүниесі төмендегідей анекдоттардан құралады:

«Кавалер де Монбазонның ұтқыр жауабы. Бірде әп-әдемі, жап-жас бойжеткен корольдің көзінше кавалер де Монбазонға маңыздана қарап: «Әміршім менің, айтыңызшы, ит пен құйрықтың қайсысы қайсысына жабысқан?» – деп сұрапты. Тойтарма жауаптарға әрдайым әзір кавалер бұған еш абдырамастан, керісінше, дауысын да өзгертпестен: «Бикеш, иттің басынан ғана емес, құйрығынан ұстағысы келгендердің де ешбіріне тиым салынбайды», – деп жауап қайырған екен. Бұл жауапқа мейлінше тәнті болған король кавалерді әлгі сөзі үшін сыйлықсыз қалдырмапты».

Сендер мұны қисынсыз бөспелік, ондай шал ешқашанда дүниеде болған емес деп ойларсыңдар. Бірақ ант етейін, менің өзім де он жастағы бала кезімде Екатерина заманындағы бір кітапшадан төмендегі анекдотты оқығанмын. Оның мені қызықтырғаны сонша, мен сол мезетте-ақ жаттап алдым және әлі күнге дейін ұмытқам жоқ:

«Кавалер де Роганның ұтқыр жауабы. Кавалер де Роганның ауызынан жаман иіс шығып жүретіні мәлім еді. Бірде ол принц де Кондені ұйқыдан оятуға қатысып тұрған кезінде принц оған: «Әрі тұрыңыз, кавалер де Роган, сізден жағымсыз иіс мүңкіп тұр», – десе керек. Бұған дереу жауап қатқан әлгі кавалер: «Аса қадірменді принц, бұл иіс менен емес, сізден шығып тұр, өйткені сіз төсектен енді тұрып жатырсыз», – деген екен.

Енді көз алдарыңа қартайған кемпірімен, жүздеген жұрағатымен, өзінің Митрофанушка балаларымен қалған, сенбі сайын моншаға барып, есінен танғанша буға бөктірілетін осы помещикті, қолынан айырылуы да ықтимал кәрі солдатты елестетіп көріңдерші; әне, ол көзілдірігін мұрнына қондырып алып, әлгіндей анекдоттарды маңыздана, салтанатын асыра, мәнерлеп оқуда; онысы да аздай, соның бәрін нағыз мәнді нәрседей, тіпті қызмет бабындағы міндетті ісіндей қабылдайды. Осы іспетті европалық әңгімелердің мәнділігіне және қажеттілігіне сол кезде соншама иланарлықтай не бар еді? «Кавалер де Роганның ауызынан жаман иіс шығып жүретіні мәлім еді»... Кімге мәлім, неліктен мәлім, Тамбов губерниясындағы қай аюға мәлім? Осыны білгісі келетін әлдебіреу бар ма екен? Бірақ мұндай еркін ойлы сұрақтар шалды абыржытпайды. Осындай «тапқыр сөздердің жинағы» сарай ішінде кең таралғанын ол баладай аңғал сеніммен елестетеді және оған соның өзі жетеді. Иә, сол кездері бізге Европа оңай бағынды, әлбетте, тән дүниесі жағынан. Рухани жағы, әлбетте, бишіксіз бола қоймады. Жібек шұлық, парикті киіп алып, шпага іліп ала қойсаң болды, европалықсың. Осының бәрі кедергі келтірмек түгілі, көңілімізден шыққаны да рас. Алайда іс барысында бәрі таз қалпында қала берді: де Роганды (оған қатысты білетініміздің өзі – оның ауызынан жаман иіс шығып жүретіні ғана еді) былай қоя тұрып, көзілдірікті шешіп алып, бұрынғыша, өз жұрағатымызды жүндей түттік, өз отбасымызда бұрынғыша патриархалды тәртіп орнаттық, шаруасы шағын көршіміз әлденендей дөрекілік байқатса, атқорада бұрынғыша сабап алдық, лауазымы жоғарылау адамға бұрынғыша жалпаң қақтық. Тіпті мұжықтың өзі ұғымтал болып алды, оны азырақ жеккөріп, оның дәстүрінен азырақ жиренетін болды, ол туралы көбірек білді, оған бөтендігі, немісшілдігіазайды. Ал оның алдында шіренуіне келсек, барин болған соң, шіренеді де; сол үшін барин ғой. Көкала қойдай етіп сабап тастаса да, халыққа қазіргіден гөрі жеңілірек тиетін, өйткені бұларда өзіне етене нәрселер көбірек еді. Бір сөзбен қайырсақ, әлгіндей мырзалардың бәрі қарапайым, дөкірлеу болатын; түбіріне жеткенше тімтінбейтін, алатын, сабайтын, талайтын, көңілі босап, бейнет кешетін, өз өмірлерінің ақырына қарай «ақкөңіл, балалық тентектікке» салынып, мамыражай тірлікке көшетін. Кей-кейде маған осы шалдардың бәрі, тіпті де Роган мен Монбазонға қатысты алсақ та, соншалықты аңғал болмағандай көрінетіні бар.

Тіпті олардың көпшілігі сол кездегі жоғарыдан жапсырылған европалық ықпалдардың бәріне, тіпті өздеріне де қылжақтай қарап, қажетті сәтінде масқарапаз бола қалған сияқтанады. Осынау фантасмагорияның бәрі, осынау маскарадтың бәрі, осынау француз кафтандары, манжеттер, париктер, шпагалардың бәрі, жібек шұлықтарға енгізілген тығыншықтай қолапайсыз аяқтардың бәрі, неміс париктері мен штиблеттерін киген сол тұстағы солдаттардың бәрі, бәрі-бәрі, – менің ойымша, – төменнен желпілдете көтерілген еліккіш, жағынғыш, жанға жайсыз тиетін қулық-сұмдықтар сияқты, өйткені халықтың өзі де мұны дер кезінде аңдаған және түсіне білген. Әрине, жарамсақ та, сайқымазақ та, бригадир де болуға болады, сонымен қатар, кавалер де Роганның нағыз «саққұлақ суперфлюдің» өзі екеніне мейлінше аңғалдықпен илануға да болады. Өйткені бұл ешкімге кедергі тигізбейтін: Гвоздиловтар бұрынғыша төпелеп жатты, біздің де Рогандарды өзіміздің Потемкин мен соған ұқсайтын кезкелген адам өзінің атқорасында сабап тастай жаздаса, Монбазондар өліден де, тіріден де сыпырып жатты, манжеттердегі жұдырықтар мен жібек шұлықтардағы аяқтар желке мен жауырын төңірегін төпелеп жатты, ал маркиздер сарайды төңіректеп?

Ерлікпен желкелерін құрбан етті.

Қысқасы, Европаның қалауымен, бұйыруымен келген осындайлардың бәрін сол кезде біз, фантастикалық тарихы жер шарындағы қалалардың бәрінен көп, ең фантастикалық қала – Петербургтен бастап, таңдай қақтырарлық жылы шыраймен қалай сіңірдік десеңші!

Ал қазір мүлде басқаша, Петербург те өз қалағанын тапты. Енді біз толыққанды европалықпыз, пісіп жетілдік. Енді Гвоздиловтің өзі төпелеу керек болса, ептілік танытады, жағымды әсер етуді көздейді, буржуа французша тірлік етеді, ал енді шамалы уақыттан соң, Оңтүстік штаттардан шыққан солтүстік америкалық біреулер негрлерді саудалау қажеттігін мәтіндермен қорғайтын болады. Жалпы, америкалық штаттарда күш алып үлгерген мәтіндермен қорғау енді Европаға да жайылуда. Сонда барған соң, мұны өз көзіммен көруім керек, – деп ойладым мен. Өз көзіңмен көрмегенді кітап арқылы ешқашан үйрене алмайсың. Айтпақшы, Гвоздилов хақында: Фонвизин өзінің «Бригадиріндегі» ең тамаша тіркестердің бірін комедиядағы европалық дегдарлық пен ізгілікке жетілудің өкілі – Софьяға айтқызбай, неліктен ақымақ бригадир әйелге айтқызған? Бұл әйелді оның өзі ақымақ етіп, ақымақ болғанда да, нағыз кертартпа ақымақ етіп көрсетіп, оның бүкіл топастығын жіп суыртпақтағандай сыртқа алып шығады ғой, оның айтатын сөздері де өзінікі еместей, артында жасырынған әлдебіреу айтып тұрғандай сезілмей ме? Ал шындықты айту қажет болған кезде, оны Софья емес, дәл осы бригадир әйел айтады ғой. Ол бұл әйелді иіс алмас ақымақ етіп қана қоймай, тіпті өте жағымсыз әйел ретінде көрсеткен еді ғой, алайда әлгіндей тіркесті ол бақша гүліндей нәзіктікке тәрбиеленген Софьяның ауызынан шығаруға қорыққан сияқты, тіпті көркемдікке сәйкессіз деп танығандай және оны қарапайым, ақымақ әйелдің айтқаны табиғилау болады деп білгендей. Бұл тұс – мынау, оны еске түсіруге болады. Бұл тұстың соншалықты қызықтылығының сырыәлденендей астарлаусыз және ишарасыз жазылуында жатыр, тіпті аңғалдықпен, абайсызда жазылуы да мүмкін. Бригадир әйелдің Софьяға айтқаны:

...Біздің полктың бірінші ротасында Гвоздилов деген капитан болды; ал оның жап-жас әйелі сүйкімді-ақ болатын. Көбіне-көп масаң жүретін әлгі неме бірдеңеге бола, кенет ашулана қалады; сосын, құдай сақтасын, байғұс әйелді төпейді кеп, төпейді-ай кеп; қарап қалсаң, байғұстың жаны шығып кетер деп қорқасың. Бізге не, шаруамызбен айналыса береміз, әйтпесе, оған қарап, жылап қоюың мүмкін.

Софья. Құдай үшін, ханым, адамзатты ашуландыратын нәрсе жайлы әңгіме айтуды қойыңызшы.

Бригадир әйел. Көрдің бе, шешей, сен бұл туралы тыңдағың да келмейді, ал капитанның әйелі қалай шыдаған?

Тәлімді тәрбие көрген Софья қарапайым әйелдің алдында өзінің бақша гүліндей сезімталдығымен осылайша шошып кетті. Бұл – Фонвизинге тән таңғажайып репарти (яғни үкімдей жауап) және онда бұдан өткір, бұдан ізгі және... кездейсоқ ештеңе жоқ. Ал бүгінгі күннің өзінде біздің ең озық ойлы қайраткерлеріміздің арасында бақша гүліндей мәпеленген прогресшілдер қаншама, олар өздерінің бақша гүліндей кейпіне тоқ және одан артық ештеңе тілемейді. Дегенмен, бәрінен де қызықтысы, Гвоздилов күні бүгінге дейін өз әйелін төпелеп жүр және өзін бұрынғысынан да едәуір жайлы сезінеді. Шынымен солай. Естуімше, бұрын мұндай іс жан-дүние қалауына, жүрек қалауына сай істеліпті! «Кімді сүйем, әрине, соны түйем» дегендей ғой. Естуімше, таяқ жемей қалса, әйелдердіңөздері: «Ұрмай жүр, демек, көңілі суып жүр», – деп алаңдайды екен. Бірақ мұның бәрі алғашқы қауымдық, еріктен тыс, ескілікті боп қалды. Енді бұлар да өзгеріске ұшырауда. Гвоздиловтің ендігі төмпештеуі ұстанымнан емес, өзінің әлі күнге ақымақтығынан, яғни жаңа тәртіптерді білмейтін ескілікті адам болуынан шығып жатыр. Жаңа тәртіптер бойынша, жұдырыққа жүгінбей-ақ, бұрынғыдан да жақсы жөнге келтіруге болады. Менің бұл тұста Гвоздиловке кеңірек тоқталуымның сыры ол туралы бізде терең мәнді және аса ізгі ниетті тіркестердің әлі жазылып жүргеніне байланысты. Көп жазылғаны сонша, жұрт әбден тойып бітті. Гвоздиловтің жанының сірілігі сонша, соншама мақалаға қарамастан, әлі сіресіп келеді. Иә, ол қашандағыдай аман-сау, қарны тоқ және мас күйінде. Қазір ол аяқ-қолсыз және капитан Копейкин сияқты, «белгілі бір мағынада алсақ, қанын төккен». Әйелі де бір кездегідей «жап-жас, сүйкімді-ақ» емес. Ол да қартайған, әжімдер мен бейнеттер әбден тілімдеген бет-әлпеті солып, бозаңданған. Бір ғажабы, өзінің капитан күйеуі қолынан айырылып, ауырып жатқан кезде дәл осы әйел оның төсегінен бір елі алыс кетпеді, ұйқысыз түндерді қасында өткерді, жанын жұбатты, көзінен ыстық жас төкті, оны «өзімнің сүйіктім, қайырымды қаһарманым, қайтпас қыраным» деп атады, «жаужүрек жауынгерім» деп асқақтатты. Бір жағынан, мұнысы жаныңды жабырқатса да, мейлі, мейлі! мейлі! Енді бір жағынан келсек, жасасын орыс әйелі, біздің орыс дүниесінде оның шексіз кешірімді махаббатынан асар ештеңе жоқ. Солай екені жалған ба? Оның үстіне, Гвоздиловтің өзі де қазір, сау кезінде әйелін бұрынғыдан сиректеу сабайды, әдеп сақтайды, тіпті кей кездері оған жылы сөз де айтып қояды. Өйткені ол онсыз тірлік ете алмайтынын қартайған шағында сезінген; ол есепшіл, ол буржуа, ал егер ұра қалғанның өзінде, мастықпен және ескі әдетпен, бұрынғысын өте-мөте аңсап кеткенде ғана, сабап алады. Қалай десек те, бұл – жаныңды жұбатар прогресс. Негізі, біз жұбануға құмармыз ғой...

Иә, біз енді түбегейлі жұбандық, өзімізден-өзіміз жұбандық. Мейлі, біздің жан-жағымыздағының бәрі әлі де соншалықты әсем болмай-ақ қойсын; оның есесіне біздің өзіміз сондай керемет, сондай өркениетті, соншама европалықпыз, бізге қараған кезде елдің жүрегі айниды. Қазір халық бізді нағыз шетелдіктердей көреді, біздің бірде-бір сөзімізді, біздің бірде-бір кітабымызды, біздің бірде-бір ойымызды түсінбейді, – ал бұл, қалай дегенмен, прогресс қой. Қазір біз халықты және халықтық бастауларды мейлінше жақтырмайтынымыз сонша, оған, тіпті, өзіміздің Монбазондар мен де Рогандар дәуірінде де болып көрмеген, жаңадан ғана енген ерекше жиренішпен қараймыз, – ал бұл, қалай дегенмен, прогресс қой. Оның есесіне біз қазір өзіміздің өркениетшіл қасиетімізге қалай сенімдіміз, мәселелерді қалай шешеміз десеңізші және олар қандай мәселелер десеңізші: ататек жоқ, халық жоқ, ал ұлт дегеніміз – белгілі бір алым-салықтар жүйесі ғана; рух – tabula rasa1 (таза тақтай (лат.), нағыз адамды, жалпы дүниелік ортақ адамды, гомункулді қазір-ақ илеп-илеп жасап алуға болатын балауыз, ал бұл үшін керегі – европалық өркениет жемісі және бір-екі кітапшаны оқып шығуың ғана. Оның есесіне біз қазір қалай алаңсызбыз, мүлдем қамсызбыз десеңізші, өйткені ештеңеге күмәнданбаймыз және бәріне рұқсат етілген, қол қойылған. Мәселен, бізбен бірге тынышталмауға және біздің ғажайып тұлғаларымызға қанағаттанбауға батылы барғаны үшін және осыларды өзіне идеал етуден бас тартып, бізден гөрі тәуірірек бірдеңелерді іздегені үшін Тургеневті өзімізге өзіміз тоқмейіл күйдегі біз қалай-қалай шықпыртып аламыз десеңізші. Құдайым-ау, бізден тәуірі кім сонда!? Күн астында бізден әсем, бізден мінсіз не бар? Тұла бойы нигилизмге толы Базаров үшін, беймаза әрі сарыуайымшыл (ұлы жүректің нышаны) Базаров үшін өзі де сыбағасын алды. Біз оны тіпті Кукшин үшін де, орыс өмірінің шындығынан Тургенев бізге көрсету үшін әдейі сүзіп алып шыққан әлгібір прогрессивті бит үшін де шықпырттық, бұл аз болса, ол әйелдер эманципациясына қарсы келді дегенді де қостық. Ал мұның бәрі, қалай дегенмен, прогресс қой! Енді біз капралға тән менмендікпен, фельдфебельге тән өркениетпен халыққа тым-тым биіктен қараймыз, бүйірімізді таяна, жанарымызды жарқылдата, кекірейе көз тігетін бізді көрудің өзі қандай сүйінішті; қарап қана тұрмай: «Шын мәнінде, бүкіл ұлтың мен халқыңның өзі – керітартпалық пен алым-салықтар қоймасынан басқа түк те болмай тұрғанда, қырылдақ мұжығым-ау, сенен біз не үйренбекпіз!» – деп түкірініп қоятынымыз да бар. Көзсіз сенімге елікпейміз ғой енді, құдай сақтасын! Құдайым-ау, айтпақшы... Мырзалар, бірер минут мені өз саяхатын аяқтап, Ресейге қайтып оралды деп есептей тұрайық. Анекдот айтуға рұқсат етіңіздер. Сонымен, осы күзде мен аса прогресшіл газеттердің бірін алдым. Қарасам: Мәскеу хабарлары екен. Рубрикасы: «Варварлықтың қазіргі қалдықтары» (яки осыған ұқсас бірдеңе, тек аса адуынды. Әлгі газеттің қазір көз алдымызда жоқтығы өкінішті, әрине). Сонымен, анекдоттың әңгімелеуінше, осы күздің бір күнінде, Мәскеуде, таңертеңгілік тарантас көзге түсіпті; тарантаста ленталар тағып, сәндене киінген мас жеңгетай әндетіп отырыпты. Әлем-жәлем банттар тағынған делбеші де мас екен, әрі ол да бірдеңені ыңылдай әндетеді екен! Тіпті аттың өзі де банттар тағып алған. Мас па, сау ма, ол жағын білмедім, әй, сірә, мас шығар. Жеңгетайдың қолында түйіншек бопты, шамасы, бақытты түндерін өткерген жас жұбайлардың кейбіреуінен жұртқа көрсету үшін алып шықса керек. Әлбетте, түйіншек ішінде бірді-екілі жеңіл киім жатса керек; әдетте, ондайларды қарабайыр жұрт келесі күні қалыңдықтың әке-шешесіне көрсетеді. Жеңгетайға күлкілі нәрсе көргендей қараған халық күлкіге кенеліпті. «Өркениет барынша өрлеп жатқан қазіргі уақыттың өзінде сақталып қалған!», естіген құлаққа түрпідей тиер осынау жабайылық туралы газет жирене, тітіркене, тіксіне хабарлайды. Шынымды айтсам, мырзалар, мен де әбден қарқылдадым. Құдай куә, мені алғашқы қауымға тән каннибалдықтың, әлдебір іш киімдер мен жамылғылардың, т.с.с. жақтаушысы деп қалмаңыздар. Бұл дегеніңіз – сорақылық, парықсыздық, бұл – жабайылық, славяншылдық, мұны мен де білемін, келісемін; әйткенмен, мұның бәрі жаман пиғылмен жасалмаған, керісінше, жас жұбайлардың қадірін арттыру мақсатынан, түсініктің саяздығынан, тәуірдің, асқақтықтың, европалықтың не екенін білмегендіктен туса керек. Жоқ, мен басқа жәйтке күлгенмін. Атап айтқанда, менің ойыма кенеттен біздің сылқым бикештер мен біздің сәнді дүкендеріміз оралды. Әрине, өркениеттенген бикештер қазір жеңіл киімдерін ата-аналарына беріп жібермейді, дегенмен, мәселен, сәндеп тігушіге тапсырыс беруге тура келсе, олар өздерінің аса тартымды европалық киімдерінің белгілі бір тұстарына мақта тығындап қоюды қалайша мұқият есептеп, асқан білімдарлықпен, мінсіз талғаммен қалай істей алады десеңізші! Мақта не үшін керек? Әрине, сұлулық үшін, эстетика үшін, pour paraitre…1 (франц.) көркем көріну үшін).Бұл аз болса, олардың бейкүнә қыздары, пансионнан енді ғана шыққан он жеті жасар жаратындылар, солардың өздері де мақтаға қатыстының бәрін:мақтаның басты қызметін де, әлгі мақтаны дәл қай жерге, қандай бөлшектерге қолдану қажеттігін де және солардың бәрі не үшін, нақты қандай мақсатқа бола пайдаланылатынын да жетік біледі... Күле отырып, мен: «Сонда қалай, – деп ойладым, – жан дүниесі қарапайым жұрттың «тура осылай болуға тиіс, адамшылық тура осылай болады!» деп кәміл сенгендігінен шыққан нәрсеге қарағанда, әке-шешеге жеткізілетін байғұс іш киімге қарағанда, мақтаға қатысты көбейту, бөлу амалдары төңірегіндегі әлгіндей саналы әбігершіліктер мен әурешіліктер тазарақ, ізгірек, парасаттырақ болғаны ма!..»

Достарым менің, құдай үшін өтінерім: мені қазір «өркениет – даму емес, керісінше, соңғы кездері Европаға толассыз үйірілген қамшы және кез келген дамуды тұншықтыратын абақты!» деген сыңайдағы ұзын-сонар уағызға кіріседі деп қалмаңдар. Бізде өркениет пен шынайы, қалыпты дамудың заңдары жабайылықпен былықтырылып жатқанын дәлелдей бастайды деп, сондай-ақ, өркениетке Батыстың өзінде де әлдеқашан үкім кесілгенін, тек меншік иесі (негізінде, ондағылардың бәрі меншік иесі яки меншік иесі болғысы келетіндер) ғана өзінің ақшаларын сақтап қалу үшін оны жақтап шығатынын дәлелдеуге кіріседі деп ойлап қалмаңдар. Адамның жаны tabula rasa еместігін, ортақ адамды илеп-илеп жасап алуға болатын балауыз еместігін, ең әуелгі керегі – табиғи болмыс, сосын ғылым, содан соң қысым көрмейтін, тамыр жайған дербес өмір және өзі мен ұлттық күштерге деген сенім екендігін дәлелдеуге кіріседі деп ойлап қалмаңдар. Мені біздің прогресшілдердің (бәрі болмаса да) мақтаны жан сала жақтаушылар еместігін, жеңіл іш киімдер сияқты, оны да сынап-мінейтінін білмейтін адам сияқты сөйлейді екен деп ойлап қалмаңдар. Жоқ, менің ендігі айтқым келетіні мынау ғана: мақалада іш киімдерді тектен-тек ғайбаттап, нәлеттеген жоқ қой, оның жабайылық екендігін жайдан-жай айтқан жоқ қой, қарабайыр қауымның, ұлттың бағыт-бағдарсыз жабайылығын біздің жоғары деңгейлі бекзат қауымның европалық өркениетіне қарама-қарсы қоя әшкереледі ғой.Мақала масаттанды ғой, мақала дәл осы әшкерелегіштердің өзінде мың есе былық-шылық болуы мүмкін екенін, біздің әлдебір келеңсіздіктеріміз бен жиреніштілерімізді басқаға, бұрынғысынан да бетер келеңсіз, жиреніштілерге ауыстырып алғанымызды білгісі келмегендей болды ғой. Мақала біздің осындайларымызды, өзіміздің келеңсіздіктеріміз бен жиреніштілерімізді байқамағандай болды ғой. Халыққа осылай менменси қарап, қолын бүйірге таяна, шырт-шырт түкірудің не керегі бар еді!.. Өзінің пәкизаттығына және осылай әшкерелеуге құқылы екендігіне кәміл сенімділігі күлкілі, ішегің түйілердей күлкілі ғой!.. Мұнысы сенім бе, әлде халықты әшейін келемеждеу ме, әлде европалық өркениет үлгілеріне көз жұма құлдық ұру ма; мұнысы енді тіпті күлкілірек.

Несін айтарсың! мұндай мысалдар күніне мың-мыңдап табылады. Анекдот үшін кешірерсіздер.

Негізінде, мен неге шатысып отырмын. Мен шатысып отырмын ғой! Мұның сыры аталардан немерелерге тым жылдам өтіп кеткенімде жатса керек. Аралықтар да бар еді ғой. Мәселен, Чацкий. Бұл – аңғалдау, тентектеу ата да емес, сондай-ақ, оның өзіне-өзі тәнті, шілтие қарап, бәрін шешіп қойған ұрпағы да емес. Чацкий – біздің орыс Европасына тән мүлдем бөлекше тип, бұл – Ресейге де, оның түп негізіне де жаны езіле елжірейтін сүйкімді, жайдары тип, әйткенмен ол нағыз ізденер кезде,

Жәбірленген сезімге орын берер...

Европаға бәрібір қайтадан кетіп қалған, бір сөзбен айтсақ, қазір түкке жарамсыз, бірақ бір кездері өте пайдалы болған тип. Ол – сөзуар, мылжың, бірақ өзінің қажетсіздігі жайында ұяла уайымдайтын, жүрегі бар сөзуар. Ол енді жаңа ұрпақ бойында қайта жаңғырды және біз жас күштерге сенеміз, біз оның таяуда қайта көрінеріне, бірақ Фамусов балындағыдай байбаламдап емес, жеңімпаз, маңғаз, құдіретті, биязы әрі сүйкімді боп көрінерінесенеміз. Осы уақыт ішінде ол жәбірленген сезімге қажетті орын Европада емес, танауының астында болуы мүмкін екенін сезінеді және не істеу керектігін табады һәм істей бастайды. Білесіңдер ме, ал менің өз басым біздегілердің бәрі бірдей өркениет фельдфебельдері мен европашыл есерсоқтар еместігіне сенімдімін; қазірдің өзінде жас ұрпақ дүниеге келгеніне өз басым кәміл сенімдімін... бірақ бұл туралы сосын. Ал қазір Чацкий жайында бірер сөз айтқым кеп тұр. Мен бір ғана жәйтті түсінбеймін: Чацкий аса ақылды адам еді ғой. Осындай ақылды адам қалайша өзіне іс таба алмай қалды? Олардың бәрі, қатарынан үш-төрт ұрпақ бойы істер іс таба алмады ғой. Бұл – факт, әлбетте, фактіге қарсы бірдеңе деу де қиын сияқты, дегенмен, қызық үшін сұрауға болады ғой. Қалай дегенмен, өз басым ақылды адамның қашан болсын, қандай жағдайда болсын, өзіне іс таба алмауын еш түсінбеймін. Бұл жәйтті даулы деседі, бірақ мен оған шын көңіліммен бәрібір сене алмаймын. Ақыл қалауыңа қол жеткізу үшін ақыл емес пе? Егер мақсатқа жеткің келсе және шақырымдап шаба алмасаң, онда жүз қадам ғана жаса, сол тәуір ғой, мақсатыңа жақындай түсесің ғой. Ал егер мақсатыңа бір-ақ аттап жеткің келсе, онда бұл, менің ойымша, ешқандай да ақыл емес. Мұны тіпті ақсаусақтық деу абзал. Біз еңбектенуді жақтырмаймыз, бір адымдап жүруге қалыптаспағанбыз, бізге ең дұрысы – бір-ақ аттап мақсатқа жету немесе Регулге былш ету. Ендеше, мұнымыз ақсаусақтықтың дәл өзі ғой. Әйткенмен, сол кезде шекарадан әрі асып кетіп, Чацкий өте дұрыс жасады; сәл ғана кідіргенде, жолы батысқа емес, шығысқа түсер еді. Бізде Батысты ұнатады, сүйеді және жетер жеріне жеткен кезде түк таппаса, бәрі сонда аттанады. Міне, мен де сонда бара жатырмын. «Mais moi c’est autre chose»1(франц.) Бірақ менің жөнім басқа). Мен ол жақтан олардың бәрін, дұрысында, көпшілігін көрдім, ал бәрін есептеп шығу мүмкін емес; бір ғажабы – солардың бәрі жәбірленген сезімге орын іздеп іздеп жүр. Тым болмаса, әйтеуір бірдеңе іздеп жүр. Чацкий ұрпағын түзетін екі жыныстың өкілдері және Чацкийлерге қатысы жоқтар да Фамусовтағы балдан кейін, дұрысында, бал біткен бойда сол жерде теңіз құм қайрағынша көбейді; өйткені олардың бәрі Мәскеуден сонда жол тартты ғой. Қызметін өткеріп болып, жарамсыздығына бола суларға аттандырылған Репетилов, Скалозубовтардың ол жақта қазір қаншамасы жүр. Наталья Дмитриевна мен күйеуі сол жақтың тұрақты мүшесі, тіпті графиня Хлестованы да жыл сайын сонда тасиды. Бұл мырзалардың бәрін тіпті Мәскеудің өзі жалықтырған. Тек Молчалин ғана жоқ: ол басқаша ұйғарып, үйде қалған, жалғыз өзі ғана үйде қалған. Ол өзін отанға, былайша айтқанда, туған жерге арнаған... Қазір оған созған қолың да жетпейді; ол енді Фамусовты кіреберісінен де аттатпайды, «Қалада бұларға сәлем де бермейді, ауылдың қаратабандары ғой» дейді. Ол өзіне іс тапқан, іспен айналысады. Ол Петербургте және... істей алды. «Ол Ресейді біледі, Ресей оны біледі». Иә, оны әбден білді және көпке дейін ұмыта қоймас. Ол қазір де үнсіз емес, керісінше, тек сол ғана сөйлейді. Кітаптарың да оның өз қолы... Дегенмен ол туралы емес. Европадан алаңсыз орын іздегендердің бәрі туралы бәрін айтқандаймын, шынымды айтсам, мен онда оларға жайлы шығар дегем. Сөйтсем, олардың жүздері қандай мұңлы еді... Байғұстар-ай! Бұл неғылған бітпейтін алаңдаушылық, неғылған жанды жаншыған, мұңлы әрекетшілдік!

Олардың бәрі гидтерге ілесіп жүреді және әрбір қаланың сирек дүниелерін көріп қалуға ашкөздене ұмтылады, ең ғажабы – тура бір міндетті парызындай-ақ, тура бір отанға қызмет етіп жүргендей-ақ, гид нұсқаған үш терезелі сарайлардың бірде-біреуін, Мәскеудегі яки Петербургтегі үйреншікті үйлерден айнымайтын бургомистер үйлерінің де бірде-бірін қағыс қалдырмайды, Рубенстің сиырына үңіле көз тігеді және гид айтқандықтан, әлгінің үш грация екендігіне шүбәсіз иланады; Сикстин мадоннасына үздіге үңіледі және оның алдына тұра қалып, әне-міне бірдеңе боп қалардай, еденнің астынан әлдебіреу шыға келіп, өздерінің еш дәйексіз сарыуайымдары мен қажыңқы көңілдерін серпілтіп жіберердей, әлденені ақымақтана күтеді. Сосын ештеңе болмағанына таңырқай, жөндеріне кетеді. Бұл – сирек дүниелерден гөрі, өздерінің гидтеріне көбірек көз салатын және ешқандай жаңалық та, керемет те күтпейтін, тек әлгі дүниенің футы немесе фунты гид айтқан өлшеммен дәл келетінін немесе дәл келмейтінін тексеріп тұратын ағылшын туристерінің өзіне өзі тәнті және әбден қалыптасып кеткен қызығушылығы емес. Жоқ, біздікі – біртүрлі жабайы, өліп-өше күткендіктен жүйкеге тиетін және еш уақытта ештеңенің болмайтынына алдын-ала өзіміз кәміл сеніп тұратынқызығушылық; әлбетте, мұнымыз әлдебір шыбын ұшып өткенше ғана, ал шыбын ұшып өтті ме, бітті, бәрі қайтадан басталады... Негізі, мен қазір тек ақылды адамдар туралы ғана айтудамын. Басқалар үшін алаңдайтын да түк жоқ, оларды әмәнда Құдай сақтайды. Сондай-ақ, сол жақта біржола тұрақтап, өз тілдерін ұмытып қалған және католик патерлерін тыңдай бастағандар туралы да емес. Ал, жұрттың бәріне қатысты мынаны айтуға болар: біздің бәріміз Эйдткуненнің арғы жағына қалай өтеміз, сол сәтте-ақ өз иесін жоғалтып алып, әрлі-берлі жүгіріп жүретін әлгібір кішкентай ғана иесіз иттерден аумай қаламыз. Сендер немене, мен осыны мысқылдай жазып отыр, «дәл осындай уақытта, осындай кезде, т.с.с., сендер шетелде жүрсіңдер! шаруалар мәселесі қаралуда, ал сендер шетелде жүрсіңдер!» т.с.с. деген оймен біреулерді кінәлап отыр деп ойлайсыңдар ма? Жо-оқ, тіпті де олай емес. Біреуді кінәлайтындай, мен кім едім? Не үшін, кімді кінәламақпын? «Іс табылса қуанар едім, бірақ іс жоқ, ал бірдеңелер бар болса, бізсіз де істелуде. Орындар толық, бос орын көрінбейді. Өтінбесе, өңмеңдеудің керегі не?» Міне, сылтау керек болса. Сыныққа сылтау таба аламыз біз. Не боп кетті? Мен қайда кіріп кеттім? Шекараның арғы жағындағы орыстарды мен қайдан көріп үлгергем? Біз Эйдткуненге енді ғана жақындап қалдық қой... Ә, өтіп үлгердік пе? Шынында да, Берлин, Дрезден, Кельннің бәрінен өтіп кетіппіз ғой. Мен, расында да, вагондамын, бірақ біздің алдымыздағы –Эйдткунен емес, Аркелин және біз Францияға еніп келеміз. Париждің аты – Париж, мен сол туралы айтпақ едім, тарс есімнен шығып кетіпті! Өзіміздің орыс Европасы туралы қатты ойланып кетіппін, кешірімді іс қой, не дегенмен, европалық Европаға қонаққа келе жатырмыз ғой. Ә, айтпақшы, сонша қысылатындай да ештеңе жоқ екен-ау. Бұл түкке керексіз тарау ғой.

Қазақ тіліне аударған Кенжебай Ахметов

(Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (IV, V тарау)

21.05.2020

ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (І, ІІ тарау)

18.04.2020
MalimBlocks
ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (IV, V тарау)

ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (І, ІІ тарау)