ЖАЗҒЫ ӘСЕРЛЕР ТУРАЛЫ ҚЫСҚЫ ЖАЗБАЛАР (І, ІІ тарау)
І тарау
АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА
Достарым менің, бірнеше айдан бері сендер маған өзімнің шетелден алған әсерлерімді өздеріңе тез арада суреттеп жеткізуім қажеттігін айтып-ақ келесіңдер, бірақ осы өтініштерің мені кәдімгідей тығырыққа тірейтінінсезбейтін сияқтысыңдар. Мен сендерге не жазайын? әлі айтылмаған, беймәлім, жаңа нәрсе бар ма өзі? Біздің орыстардың арасында (тым болмаса журнал оқитындарды айтам) Европа Ресейден екі есе артық танымал емес пе? Екі есе дегенім – сыпайыгершілігім, әйтпесе, он есе ғой.Оның үстіне, өздерің де білетіндей, менде ерекшеліп айта қоярдай, әсіресе, тізбелеп жаза қоярдай ештеңе жоқ, өйткені менің өзім де жүйелі ештеңе көргем жоқ, ал көрген бірдеңем болса, ден қойып қарай алғам жоқ. Мен Берлинде, Дрезденде, Висбаденде, Баден-Баденде, Кельнде, Парижде, Лондонда, Люцернде, Женевада, Генуяда, Флоренцияда, Миланда, Венецияда, Венада болдым, тіпті кей жерлерде екі реттен болып үлгердім және осылардың бәрін мен тұп-тура екі жарым айда айналып шығыппын! Екі жарым айдың ішінде осыншама жолды жүріп өткен жанның бірдеңеге бажайлап қарай алуы мүмкін бе? Өздерің білетіндей, жүрер бағытымды мен Петербургте алдын-ала түзгенмін. Шетелде мен бұрын-соңды болып көрмегем;алайда ол жаққа ұмтылуым бала кезімненбасталған; әріп танымайтын кезімдегі қыстың ұзақ кештерінде әке-шешем ұйқы шақыру үшін оқитын Радклифтің романдарын ондағы кереметтер мен сұмдықтарға ауызым аңқия, дем шығармастан тыңдайтын едім де, түні бойы сандырақтап шығатынмын. Не керек, туғаныма қырық жыл толғанда ақыры шетелге жолым түсті-ау, әрине, мен барынша көбірек көріп қалуды, тіпті уақытыма қарамастан, бәрін, бәрін де бағамдап қалуды ойладым. Дегенмен, көрер жерлерімді салқынқандылықпен таңдап отыруға менде еш мүмкіндік болған жоқ. Құдайым-ау, осынау саяхаттан мен не күтпедім десеңші! «Ештеңені тиянақтап көре алмасам да, мейлі, – деп ойладым мен, – есесіне бәрін көрдім, бәрінде болып үлгердім; сол көргендерімнің бәрін жинақтасам, әйтеуір, тұтас бірдеңе, жалпылама көрініс шығады ғой.«Қасиетті ғажайыптар елінің» бәрі маған құс самғар биіктіктен, шың басынан көрінетін жер сияқты, барша кеңістігімен бірден көрінеді ғой. Қысқасы, әлдебір жаңа, керемет, аса күшті әсер туады ғой. Енді, міне, үйде отырып, өзімнің жазғы сапарым жайлы ойлана отырып, не нәрсеге көбірек уайымдаймын? Ештеңені тиянақтап көре алмағаныма емес, бәрінде дерлік болсам да, Римге бара алмағаныма өкінетін шығармын. Бәлкім, Римде папаға жол берер ме едім...» Бір сөзбен айтсақ, әлдебір жаңалықтан, мекенімді өзгертуден, бәрін бойына тоғыстырған шалқар кеңістіктен әсерленуге деген ессіз құштарлық мені билеп алған еді. Осындай мойындаудан кейін сендер менен не күтесіңдер? Мен сендерге не айтпақпын? нені бейнелемекпін? Шалқар кеңістік пе? құс самғар биіктіктен көрінетін бірдеңені ме? Олай етсем, тым шырқап кеткенімді өздерің-ақ бірден айтар едіңдер.Оның үстіне, мен өзімді арлы адамға балаймын, сондықтан, тіпті, саяхатшы ретінде де жалған сөйлеуге дәтім бармайды. Ал егер мен әлдебір ауқымды көріністі бейнелеп, сипаттай бастасам, онда міндетті түрде жалған сөйлер едім және бұл жәйт менің саяхатшылығымнан емес, тек менің тура осы жағдайымда өтірік айтпаудың мүмкін еместігінен тумақ. Өздерің ойлаңдаршы: мәселен, Берлин менің көңілімде аса бір қышқыл әсер қалдырды және мен онда бар-жоғы бір-ақ тәулік болдым. Мен қазір Берлиннің қышқыл әсер қалдыратындығы хақында жағымды жаза алмаймын, сол үшін оның алдында кінәлі екенімді білемін. Әрине, әсерді тым қышқылдан гөрі, тәттілеу қышқыл деп жіберуге де болар. Сонда менің зарарлы қателігім неден шықты? Сірә, менің, бауыры езіле қиналатын ауру адамның, екі тәулік бойы жаңбыр мен тұман кеше жүріп, шойын жолмен Берлинге дейін жетіп, әбден шаршап-шалдыға, сарғая жеткен бойда, ұйқым да қанбастан қараған сәтімде, кенеттен Берлиннің Петербургке адам сенгісіздей ұқсастығын көруімнен шықса керек.Тура сондағыдай тізілген көшелер, тура сол иістер, тура сол... (жарар, бәрін тізе беру шарт емес қой!). «Құдай-ай, – деп ойладым мен ішімнен, – өзім қашып шыққан дүниені қаз-қалпында көру үшін екі тәулік бойы вагонда өзімді қинаудың не қажеті бар еді?» Маған тіпті жөке ағаштары да ұнамады, ал бұларды сақтау үшін берлиндіктер дүниедегі ең қымбаттысын, тіпті өз конституциясын да құрбандыққа шалуға әзір, ал берлиндікке өз конституциясынан қымбат не бар? Бұған қоса, берлиндіктердің бәрі бір кісідей, үйреншікті немістерше қарайды екен, сондықтан мен Каульбах фрескаларына да сұқтанбастан (о, сұмдық-ай!), тездете Дрезденге жылыстадым, көңілімнің түпкірінде: «Немістерге басқаша ет үйрету керек екен және әдет қылмағандықтан, көпшілік ортасында мұны аңдатпай қалу аса қиынға түседі екен», – деген терең сенім нәрленіп жатты. Ал Дрезденде мен неміс әйелдерінің алдында кінәлі боп қалдым: оқыс оянып кеткен қиялым менікенеттен көшеге шығарып жібергендей, дүниеде дрездендік әйелдер типінен жағымсыз ештеңе жоқтай, нағыз махаббат жыршысы, орыс ақындарының ішіндегі ең көңілдісі және кәміл сенімдісіВсеволод Крестовскийдің өзі де бұл жерде мүлде шатасып, бәлкім, тіпті, өзінің сеніміне күмәнданып қалардай әсер етті. Әлбетте, мен айтып тұрғанымның сандырақ екенін және ол ешқандай жағдайда да өз сеніміне селкеу түсірмейтінін сол минутта-ақ сезіндім. Екі сағаттан кейін маған бәрі де түсінікті болды; қонақ үйдегі өз бөлмеме оралысымен, айна алдында тілімді шығарған кезімде мен дрездендік бикештерге қатысты өз пікірімнің қып-қызыл жала жабу екеніне көзім жетті. Менің сарғыштанған тілім үрейлі еді... «Шынымен-ақ, шынымен-ақ адам, мынау жаратылыстың патшасы өзінің бауырына осыншалықты тәуелді болғаны ма, – деп ойладым мен, – неткен дәрменсіздік!» Осындай жұбанышты ойлар құшағында мен Кельнге аттандым. Шынымды айтсам, менің ғибадатханадан күткенім көп еді; жас шағымда, сәулет өнеріне оқып жүрген кезімде мен оны қасиет тұта сызатын едім. Араға бір ай салып, Парижден қайтар жолым Кельн арқылы өткен кезде мен ғибадатхананы екінші рет көрдім және алғашқы жолы оның сұлулығына дендей алмағаным үшін, Рейн сарқырамасы алдында дәл осындай қылығы үшін тізерлей қалған Карамзинді қаз-қалпында қайталай,мен де «тізерлей тұрып кешірім сұрағым келді». Қалай десем де, алғаш көргенімде ғибадатхана маған түк те ұнаған жоқ; маған ол кәдімгі шілтер секілді әсер етті, шілтер, иә, биіктігі жетпіс құлаштай болатын кәдімгі шілтердің өзі, жазу үстелінде тұратын пресс-папье сияқты әшекей бұйым ғана. Ертеректе біздің қариялардың Пушкинге: «Тым жеңіл жазады, асқақтық аз», – деп баға бергеніндей, мен де: «Асқақтық аз», – деп ұйғардым. Өз күдігіме салсам, менің алғашқы тұжырымыма екі жағдай әсер еткен тәрізді; оның біріншісі – иіссу. Ғибадатхананың жанына Жан-Мария Фарина орналасқан, сіз қандай отельге аялдасаңыз да, көңіл қошыңыз қандай күйде болса да, сіз өз жауларыңыздан, әсіресе Жан-Мария Фаринадан қанша жасырынсаңыз да, оның клиенттері бәрібір сізді тауып алады да, сол сәтте-ақ: «Иіссуou la vie1(яки өмір (франц.)», – деп бассалады, екінің бірі, басқа таңдау қалдырмайды. Дәл осылай, «Иіссу ou la vie», – деп айқайлайдыдегенді кесіп айта алмаспын, бірақ кім біліпті, солай болуы дамүмкін. Сол кезде маған бәрінің біртүрлі көрінгені және біртүрлі естілгені есімде. Менің ызамды келтірген және әділетсіздікке жетелеген екінші жағдай Кельннің жаңа көпірі болды. Дауым жоқ, көпір тамаша-ақ, қала да оны орынды мақтан тұтады, бірақ маған тым асыра мақтанатындай көрінді. Әрине, мен мұны сол мезетте-ақ көңіліме алып қалдым. Мұнысы да аздай, ғажайып көпірдің кіреберісіндегі тиын жинағыштың менен ақылға сыйымды осы салығын алып жатқан кезінде маған тура бір менің өзім білмейтін әлдебір күнәм үшін айып салып жатқандай қарауының қажеттігі жоқ еді. Анық білмеймін, бірақ маған әлгі неміс паңсынып тұрғандай көрінді. «Мынау менің жатжерлік екенімді және кәдімгі орыс екенімді анық аңғарды», – деп ойладым мен. Қалай дегенмен, оның көздері: «Сен біздің көпірді көріп тұрсың, сорлы орыс, біздің көпірдің алдында сен құрт сияқтысың, кез келген неміс адамы сенен алда тұрады, өйткені сенде мұндай көпір жоқ», – дегенді айтып қоярдай боп тұр еді. Мұның жәбірлеу екеніне өздерің де келісерсіңдер. Неміс, әрине, мұны мүлде айтқан жоқ, тіпті оның ойында да болмаған шығар, бірақ бәрібір ғой; сол сәтте оның тура осылай дегісі келетініне өзім сенімді болғандықтан, қаным қайнап кетті. «Сайтан алғыр, – деп ойладым мен, – біз де самауырды ойлап тапқанбыз... бізде журналдар бар... бізде офицерлердің бұйымдары жасалады... бізде...» – қысқасы, мен қатты ашуландым да, бір құты иіссу сатып алып (әйтпесе, құтылуың мүмкін емес), «француздар біршама сүйкімдірек және қызықтырақ шығар» деген үмітті малданып, кідірместен Парижге тарттым. Енді өздерің ойлап көріңдерші: егер мен өзімді-өзім жеңіп, Берлинде бір күн емес, бір жұма болсам, Дрезденде де сонша, ал Кельнге үш, жарайды, екі күн арнасам, бәлкім, мен де келесі яки үшінші жолы дәл осы жәйттерге басқа көзбен қарар ма едім, олар жайлы едәуір жағымды түсінік қалыптастырар ма едім. Тіпті күн сәулесі де, түкке тұрғысыз кәдімгі күн сәулесінің өзі де бұл тұста көп мәнге ие еді: егер ол әуелден-ақ менің бойымдағы патриотизмнің шамдануына әсері тиген алғашқы жолғы, біршама жауын-шашынды, бұлыңғыр таңдағыдай болмай, ғибадатхана үстінде менің Кельнге екінші рет келгенімдегідей жарқыраса, ғимарат та маған бар сән-салтанатымен көрінбес пе еді. Негізінде, бұған қарап, патриотизм тек жағымсыз ауа райында ғана туады екен деп түюдің жөні болмас. Сонымен, достарым менің, өздерің де көргендей, екі жарым ай ішінде бәрін айқын тану мүмкін емес, менің өзім де сендерге ең дұрыс мәліметтерді ұсына алмаспын. Кей сәттерде амалсыздан жалған сөйлеуіме тура келмек, сондықтан...
Бірақ осы сәтте мені сендер тоқтатасыңдар. Сендер бұл жолы өздеріңе нақты деректердің қажет еместігін, ондайлар керек бола қалса, Рейхардтың жолнұсқаушысынан тауып алатындарыңды; керісінше, саяхатшылардың қай-қайсы да абсолютті дәлме-дәлдіктің соңынан жүгірмей, мейлінше шынайылықты құнттаса, кейде өзіне әбүйірсіздеу тиіп жатса да, өзі ғана байқай алған әсерді яки жағдаяттарды ашып айтудан жүрексінбесе, өз тұжырымдарының дұрыстығын тексеру үшін беделге иелердің айтқандарына жүгінбей-ақ қойса, жаман бола қоймайтынын айтасыңдар. Бір сөзбен айтқанда, сендерге керегі маған ғана тән, менің шынайы әсерлерім ғой.
– Е-е! – деп қуанып кетем мен, – демек, сендерге керегі әшейін әңгіме, жеңіл очерк, жолшыбай бастан кешкен өз әсерлерім екен ғой. Бұларыңа келісем және өзімнің жазу кітапшамды қазір-ақ қолға алайын. Шамам жеткенше, қарапайым болып байқайын. Тек ескерулеріңді өтінем, менің сендерге қазір жазып беретінімнің көбісі жаңсақ боп шығуы да әбден ықтимал. Дегенмен, ылғи қателесе беруім де мүмкін емес. Мәселен, Парижде Нотрд-Дам мен Баль-Мабиль бар деген сияқты деректердің қате болуы мүмкін емес қой. Әсіресе, Париж туралы жазған орыстардың бәрі әбден дәлелдеген соңғы дерекке күмәнданудың өзі орайсыз-ау. Бәлкім, дәл осы тұстан мен қателесе қоймаспын, әй, дегенмен, жеме-жемде бұған да кепіл бола алмаймын. Жұрттың айтуына сенсек, Римде бола тұрып, Петр ғибадатханасын көрмеу мүмкін емес қой. Енді өздерің ойлап көріңдер: мен Лондонда болдым, бірақ Павелді көрмеппін. Шын айтам, көрмеппін. Қасиетті Павел ғибадатханасын көрмеппін. Әрине, Петр мен Павел арасында айырмашылық бары рас, әйткенмен, саяхатшы үшін бәрібір ыңғайсыз екен. Сонымен, маған зор абырой әкеле қоймайтын алғашқы хикаям осы (негізі, мен оны көргем, алыстан, екі жүз қадамдай жерден, бірақ Пентонвильге асығып тұрдым да, қолымды бір сілтеп, жанынан өте шыққан едім). Жарайды, іске кірісейін, іске! Білесіңдер ме, мен ылғи сапарлап, құс самғар биіктікте (құс самғар биіктік асқақтау дегенді білдірмейді. Бұл – архитектура термині, өздерің де білесіңдер) шырқай бергем жоқ. Мен, Лондонда пайдама жаратқан сегіз күнді ескермегенде, толық бір ай бойы Парижде өмір сүрдім. Ендеше, мен сендерге Парижге қатысты бірдеңелерімді жазайын, қалай дегенмен, қасиетті Павел ғибадатханасына яки дрездендік бикештерге қарағанда, мен оны әжептәуір тани алдым ғой. Сонымен, бастаймын.
II тарау
ВАГОНДА
«Французда ақыл болмайды, ал ондайы бола қалса, ол мұны аса қасіретті бақытсыздыққа балар еді». Бұл нақылды өткен жүзжылдықта Фонвизин жазып тастаған және, о, құдайым-ау, бұл сөздерді ол қаншалықты шаттана жазды екен. Ол осыны шығарған кезде жүрегі рахаттана тулағанына бәс тігуге дайынмын. Фонвизиннен кейінгі бізден, тізбектелген үш-төрт ұрпақтан, осы сөзді біршама рахаттана оқымадық дегенді айтатын ешкім шыға қоймас. Осыған ұқсайтын, шетелдіктерді шеттететін тіркестер тіпті қазір де кездесіп жатады және біздің, орыстардың жанына өте-мөтежағымды тиеді. Әлбетте, оны аса құпиялап, тіпті өзімізден өзіміз жасырып бағамыз. Ондайлардан бұрынғы және нашар бірдеңелер үшін өш алудың иісі шығады. Әрине, бұл жаман сезім, бірақ біздің қай-қайсымызда да оның бар екендігіне өз басым бәрібір шүбәланбаймын. Алда-жалда әлдебіреу осы қылығымызды аңдап қалса, біздің бұлқан-талқан ашуланатынымыз да анық және бұл ретте өтірік тәлімсімейміз де; солай бола тұра, менің ойымша, Белинскийдің өзі де бұл жағдайда іштей славяншыл. Әлі есімде, осыдан он бес жыл бұрын, Белинскийді білген кезімде, сол уақыттағы әлгі бір үйірменің бәрі Батыстың алдында, әсіресе Францияның алдында бас иетін, түсініп болмас жағдайға дейін жеткен табынушылықпен тәу ететін. Ол кезде Франция сәнде болған, бұл қырық алтыншы жыл еді. Егер Жорж Занд, Прудон т.с.с. есімдер әспеттеліп немесе Луи Блан, Ледрю-Роллен және басқалары құрметтеліп жатса, бір жөн ғой. Жоқ, қайдағы бір дүмбілдер, түкке тұрғысыз фамилиясымақтар аспандатылды, ал кейіннен әлгілерге шындап көз салғанда, олары ауызына түскенін сандырақтап кетті. Адамзаттың алдағы күндеріне қызмет ете алатын ұлы бірдеңелерді солардан күткен-тін. Олардың кейбіреуін айрықша пір тұта, сыбырласа әңгіме ететін... Ал, не болды? Өз өмірімде мен Белинский сияқты мейлінше қызуқанды орыс адамын көрмеппін, әрине, оған дейін жалғыз Чаадаев қана біздің төл нәрселеріміздің көпшілігіне соншалықты батыл, кей тұстарда ақкөзденезығырданы қайнайтын, шамасы, ол орысқа тәннің бәрін жеккөрді-ау деймін. Мен мұның бәрін кей жағдайлармен байланыстыра қарап, енді түсініп, есіме алып отырмын. Осыған қарағанда, кім біліпті, Фонвизиннің бұл сөзі тіпті Белинскийдің өзіне де соншалықты даулы көрінбеген сияқты-ау. Кейде ең мейірлі, тіпті барынша заңды қамқорлықтың өзі онша ұнамай жататын сәттер болады ғой. Құдай үшін өтінерім – менің отанды сүюге қатысты түсінігім шетелдіктерді жамандау екен деп қалмаңдар. Мен мүлде олай ойламаймын, ойлауға ниетті де емеспін, тіпті қарсымын... Бұдан айқынырақ түсіндіріп тұруға дәл қазір менде уақыт жоқ, әрине, өкінішті-ақ.
Айтпақшы, сендер мені Париждің орнына орыс әдебиетіне ауысып кетті деп ойлап қалған жоқсыңдар ма? «Сын мақала жазып отыр ма?» дегендей... Жоқ, мен мұны әшейін, істер нәрсе таппағандықтан ғана.
Өзімнің жазу кітапшама қарасам, мен қазір вагонда отырмын және ертең алдан шығар Эйдкуненге, яғни шетелдегі алғашқы әсеріме әзірленудемін және әлсін-әлсін жүрегім атқақтап кетеді. Шынымен-ақ, мен, осы сәтті қырық жылға жуық еш жеміссіз арман еткен мен, он алты жасымнан бастап-ақ Некрасовтың:
Швейцарияға қашқым келді, – дейтін, бірақ қашпай қалатын Белопяткині сияқты, мейлінше құштарланған менЕвропаны көрмекпін, міне, енді «қасиетті ғажайыптар еліне», өзімді соншама ұзақ күттірген, әбден қажысам да, кәміл сенімділігімді мұқалта алмаған елге келе жатырмын. «Құдайым-ау, осы біз, орыстар не қылған адамбыз? – деген ой жылт етті сол сәтте сол вагонның ішінде. – Шынымен-ақ, біз осы шын мәнінде орыспыз ба? Біз кім болсақ та, Европа бізге соншама күшті, сиқырлыәсер етіп, неліктен еліктіре береді? Мен бұл жерде ана жақта қалған әлгібір орыстар туралы айтып тұрғаным жоқ, елу миллион есімді қамтитын қарапайым орыстарды, бар-жоғы жүз мыңдай ғана болатын біз әлі күнге шейін шын мәнінде қатарға қоспайтын, ал біздің терең ойлы сатиралық журналдарымыз оларды сақалдарын қырмайтыны үшін ғана мазақ ететін орыстарды меңзеп тұрмын. Жоқ, енді мен біздегі айрықша құрметке ие және патенттелген топқа қатысты айтамын. Өйткені бәрі, біздегі дамуға, ғылымға, өнерге, азаматтыққа, адамгершілікке қатыстының бәрі дерлік, тіпті бәрі, бәрі ана жақтан, қасиетті ғажайыптар елінен келген ғой! Өйткені біздің өміріміздің бәрі былдырлаған бала кезімізден бастап европалық үлгіге құрылған ғой. Біздің ортамызда осынау ықпалға, еліктіргіш күшке, қысымға қарсы тұра алатын біреу-міреу бар ма екен? Біз түбірімізбен европалыққа айналып кетпей, қалай жүрміз? Менің ойымша, біздің оларға айналып кетпегенімізге бәрі келіседі, біреуі бұған қуанады, ал енді бірі айналып кетуге дейін піспегенімізге ызалана келіседі. Бұл енді басқа шаруа. Мен осыншама жойқын ықпалдың өзінде оларға айналып кетпегеніміздің факт екенін ғана айтып отырмын, бірақ сол фактіні еш түсіне алмаймын. Өйткені бізді жатқа айналып кетуден бала бағушылар мен шешетайлар сақтап қалған. Шындап ойлансақ, әрі мұңлы, әрі күлкілі көрінер, дегенмен, Пушкиннің күтушісі Арина Родионовна болмаса, онда, бәлкім, бізде Пушкин де болмайтын шығар. Қисынсыз ба? Шынымен-ақ, қисыны жоқ па? Ал егер, расымен-ақ, қисынды болса ше? Міне, енді көптеген орыс балаларын Францияда тәрбиелеуге әкетіп жатыр; ал егер ол жаққа әлдебір Пушкинді алып кетсе ше, ол жақта оның Арина Родионовнасы да, бесік тербеткен орыс тілі де болмайды ғой. Ал Пушкин орыс адамы емес пе еді! Ол ақсаусақ бола тұра, Пугачевті таныды және әлі ешкім Пугачевтің жан тереңіне бойлай алмай жатқан кездің өзінде ол тереңдей енді. Ол Белкинді өзінің бекзада болмысынан жаратты. Ол суреткерлік қуатының арқасындаөз ортасынан суырылып шығып, сол ортаны Онегин кейпінде халықтық рухтың құдіретті сотына тартты. Өйткені ол – пайғамбар әрі келешек жаршысы. Адамның рухы мен туған жерін бір-бірінен ажыратып тастаудың мүлде мүмкін болмауына, тіпті ажыратып тастағанның өзінде бәрібір қайта оралып жататыныңа қарағанда, бұлардың арасында шын мәнінде де әлдебір химиялық байланыстың болғаны ғой. Өйткені бізге славяншылдық аспаннан түсе қалмаса керек, кейініректе ол мәскеулік ой іспетті қалыптасқанымен, бәрібір, бұл ойдың түп-негізі мәскеулік үлгіден анағұрлым кең екені және оның түрлі жүректердің түпкіріндегі орны, үстірт қарағандағы әсерден гөрі,тереңірек екені түсінікті. Тіпті, мәскеуліктердің өзінде де ол сыртқы көрінісінен гөрі кеңірек болса керек. Ой-түсінігіңді тіпті өзің үшін бірден айқындап алудың өзі қандай қиын. Кейбір жаны сірі күшті ойлар үш ұрпақ алмасса да, айқындалмай қоятыны бар, сондықтан кейде ой түйіні өз бастауына мүлде ұқсамай кетіп жатады...» Көбіне-көп алданарға ермек таппай, ішім пысқандықтан, осы іспетті берекесіз ойлар мені Европаға беттеген вагон ішінде еріксіз жаулап алды. Не дегенмен, ойдың сыртқа шығуы керек-ақ! Бізде күні бүгінге дейін мұндай жәйттерді не істерін білмегендер ғана ойланады. Ах, тұп-тура біздің Русьте айналысар шаруа таппай, зерігетінің сияқты, вагонда тектен-тек далбасалап отыру қандай көңілсіз. Мейлі сені әкетіп бара жатсын, мейлі үйіріліп-ақ жүрсін, тіпті кей кездері үстіңе түсердей өбектесін, былай қарағанда, бұдан артық бірдеңе тілеудің өзі ыңғайсыз сезілсін, бәрібір, жабырқайсың және өзің түк істемейтіндіктен жабырқайсың, өйткені сені тым өбектеп кетеді, ал сен, өзіңді жеткізіп тастағанша отыруың керек, күтуің керек. Кей сәттерде, тіпті, вагоннан секіріп түсіп, машинаны бүйірге ала, өз аяғыңмен жүгіргің келіп кетеді. Мейлі қиын тисін, мейлі шаршап қалармын, құлап түссем де, бәрібір! Есесіне, өз аяғыммен жүрер едім, өзіме шаруа тауып, өзім айналысар едім, алда-жалда вагондар қағысып, аяғы аспаннан келе, көкке ұшса да, қолымды қусырып, қамалып отырмас едім, өзгенің кінәсіне өз жаныммен жауап бермес едім...
Е-е, тектен-тек отырғанда басыңа келіп-кетпейтін ой жоқ-ау!
Бұл екі арада ымырт жабылды. Вагондарда от жағыла бастады. Маған қарама-қарсы еркек пен әйелі жайғасқан, жасамыс помещиктер, жақсы адамдар сияқты. Олар Лондондағы бар-жоғы бірер күндік көрмеге асығып келеді, ал үйде бала-шағасы қалған. Менің оң жағымда бір орыс отыр, он жыл бойы Лондонда өмір сүріп, кеңседе коммерциялық шаруалармен айналысатын ол жұмыс бабымен Петербургке бас-аяғы екі жетіге келген екен, әлпетіне қарағанда, елді сағыну деген ойды мүлде ұмытқан сыңайлы. Сол жағымда шашын ағылшындық үлгіде қырықтырған, тап-тұйнақтай, таза қанды, аса маңызды жирен ағылшын отыр. Ол бүкіл жол бойына қандай да бір тілде біздің ешбірімізбен ләм-мим сөйлескен жоқ, күндіз ағылшындардың өздері ғана шыдай алатын және ыңғайлылығы үшін мақтауын асыратын ағылшын баспаларына тән майда жазулы әлдебір кітапшадан көз алмай, оқумен болды, ал кешкі сағат он болысымен, дереу етігін шешіп, туфли киіп алды. Шамасы, бұл оның өмір бойы қалыптасқан әдеті болса керек, вагон ішінде де сол әдетін өзгерте қоймады. Сәлден соң бәрі мызғып кетті; машинаның ысылы мен тықылы еріктеріне қоймай, ұйқыға ұйытып әкеткен. Мен отырып алып, ойлана бердім, ой қуалап отырып, осы тарауға бастау болған «французда ақыл болмайды» дегенге қалай келіп қалғанымды да аңдамаппын.Ал сендер, менің вагонда отырып алып, Парижге жеткенше не ойлағанымды неліктен тәптіштегенімді білесіңдер ме, ендеше біліңдер, адамгершілік сақталуы үшін ежіктедім, өйткені вагонда менің ішім пысты ғой, енді сендердің де іштерің пыссын. Әйткенмен, басқа оқырмандарға зиян тигізбеуім керек, сондықтан мен бұл ойларымның бәрін жеке тарауға әдейі енгізіп, оның керексіз дүние екенін ескертемін. Сендер зерігіңдер, алайда басқалар артық нәрсе ретінде өте шығуына болады. Оқырманға абайлап, ұяттан аспай қарау керек, ал достарға бәрі сыйымды. Сонымен:
(Жалғасы бар)
Қазақ тіліне аударған Кенжебай Ахметов