Беларусьтің бұрынғы "Голос" шоуының қатысушысы Мьянмада адам саудасының құрбанына айналды, деп хабарлайды Malim.kz.
Минск қаласының тұрғыны жарнама арқылы Таиландқа модель болып жұмыс істеуге кеткен. Алайда Бангкокқа жеткен соң, оны күштеп Мьянмаға апарып, алаяқтыққа негізделген колл-орталықта (scam-орталықта) жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Біраз уақыт өткен соң, ол жақындарымен байланысқа шықпай қалған.
Кейін оның туыстарына белгісіз адамдар хабарласып, қыздың ағзалары сатылғанын және денесі өртелгенін айтқан.
Беларусь Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда Вьетнамдағы Беларусь елшілігі жоғалған азаматшаны іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анасының айтуынша, онымен байланыс 4 қазанда үзілген", – делінген министрліктің хабарламасында.
Қазіргі уақытта Беларусь пен Мьянма елдерінің сыртқы істер және құқық қорғау органдары, сондай-ақ Янгон мен Бангкоктағы Беларусьтің құрметті консулдықтары бірлесіп іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.