Мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров
Асанбай Асқаров – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның бірнеше облысын басқарған ірі тұлған. Ол 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келіп, 2001 жылы қайтыс болды.

А.Асқаров еңбек жолын білім беру саласынан бастады. 1942-46 жылдары әскери қызметте болды. Ол Меркі ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, саяси өмірге араласты. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Красногор, Меркі аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы, халық депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1959-85 жылдар аралығында Қазақстан компартиясы Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы болып, ұзақ жыл ел басқаруда қызмет етті. Сол кезде Қазақстанды басқарған Дінмұхаммед Қонаевпен жақсы қарым-қатынаста болып, қазақ мәдениетінің өңірлерде дамуына зор үлес қосты.
Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы Кеңес Үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, оған Социалистік Еңбек Ері атағы (1982) берілді. 5 рет Ленин орденімен, көптеген медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Колбин басқарған кезде, одан кейін де қайраткердің басына ауыр күндер туып, төрт жылдан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді. Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін (1986) ұйымдастыруға қатыстылығы, ұлтшылдығы сияқты «кінәлар» тағылды. А. Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.
А.А. Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология Ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. А. Асқаров «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және көптеген кітаптардың авторы.