Қытай түрмесінде жарты өмірі өткен Қажығұмар Шабданұлы

Ол тіршілігінде бірнеше мәрте Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып, өзіне араша сұрады. Арманы туған жеріне – Қазақстанға келу екенін айтты. Оның хаттары Қазақстан басылымдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

Malim Админ

  • 02.10.2024

Қытайда қазақ жазба әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, алты томдық әйгілі «Қылмыс» романының авторы, 40 жылға таяу ғұмырын Қытай түрмесінде өткізген Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық деген елдімекенінде дүниеге келген. 2011 жылы 15 ақпанда Қытайдың Шәуешек қаласында өмірден өтті.

1930-шы жылдардың басында ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған. Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айрылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі  Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады. 1950 жылдары Үрімжіде алғашқы әңгімелері жарық көрген.Қытай қазақтарының «Шұғыла» журналында қызмет істеген.

1986 жылы желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімші қаласының №1 түрмесінде өткізеді. Кейбір деректерде оның екінші мәрте ұсталуын себебі «Қылмыс» романымен байланыстырады. Ол бұл романында өзінің өмірге келген сәтінен бастап, Үрімжідегі студент кезін, Тарым түрмесіндегі адам айтса нанғысыз оқиғаларды суреттеген.

Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

Үрімжі түрмесінен босаған соң Шәуешектегі үйінде үйқамақта болды. Оны алыс ауылдарға, әдеби жиындарға қатыстырмады. Ол тіршілігінде бірнеше мәрте Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып, өзіне араша сұрады. Арманы туған жеріне – Қазақстанға келу екенін айтты. Оның хаттары Қазақстан басылымдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Бірақ Қазақстан билігі оған жауап қатқан жоқ.

Жазушының алты томдық «Қылмыс» және «Пана» тарихи романдары жарық көрген. Әлі жарыққа шықпаған еңбектері де бар.

Қажығұмар Шабданұлы қайтыс болған соң, зиялы қауым өкілдері оған Қазақстан мемлекеттік сыйлығын беруді ұсынып, билікке хат жазды. Жылдық асын Алматыда өткізді.