Сақ патшайымы Томирис
Зерттеуші С.А. Яценконың айтуынша, «көптеген отырықшы халықтар үшін жауынгер-әйелдер ең алдымен маңызды және экзотикалық мифтердің элементі болған. Классикалық дәуірдегі өнерде амазонкалардың бейнесі экзотикалық варварлар, гиганттар сияқты «Өзгелер» қатарының маңызды санатына айналды.
Томирис (б.з.б. VI ғ.) – Геродоттың «Тарихтар» деп аталатын еңбегінің арқасында танылған сақ-массагеттердің атақты патшайымы. Томирис патшайымның ахеменидтердің патшасы Кирді жазалау тарихы сот төрелігінің символына айналды. Томиристі кейде Тұмар патшайым деп те айтады.
Массагеттердің патшайымы Томиристің өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер, өкінішке орай, Томиристің Кирге қарсы соғысқаны туралы ақпарат берілген Геродоттың «скиф әңгімелерінен» бастап, Страбон, Полиэн, Кассиодор және Иордан шығармаларымен аяқталатын грек-рим авторларында ғана кездеседі. Атап айтқанда, гот тарихшысы Иордан Томиристі Готия патшайымы деп атаған және бірнеше ғасыр бойы Кіші Скифияның бұрынғы астанасы болған Тома қаласының (қазіргі уақытта – Констанца қаласы, Румыния) негізін қалаушы деп есептеген.
Арал-Каспий аймағының көшпенділерінде әйел қауымының өз халқын басқарған тұстары болған. Мысалы, біз тарих беттерінен сақ патшайымы Зарина, массагеттер патшайымы Томирис болғаны белгілі. Зерттеуші С.А. Яценконың айтуынша, «көптеген отырықшы халықтар үшін жауынгер-әйелдер ең алдымен маңызды және экзотикалық мифтердің элементі болған. Классикалық дәуірдегі өнерде амазонкалардың бейнесі экзотикалық варварлар, гиганттар сияқты «Өзгелер» қатарының маңызды санатына айналды.
Мәліметтердің біріне сүйенсек, Томирис – скифтердің көсемі Ишпакайдың ұрпағы, Мәдидің шөбересі, аты аңызға айналған Сыпыра патшаның (Спаргапис) немересі немесе қызы.
Геродоттың тарихына сәйкес, Вавилонды бағындырғаннан кейін (б.з.д. 539 ж.) парсы патшасы II Кир ұлы массагеттерге қарсы жорық ашады. Өзінің түбіне жеткен Шығысқа жорық 530 ж. болған. Сірә, шығыс шекарадағы жағдай шұғыл шараларды талап еткен болар. «Ұлы Кир оған қарсы Каспийдің бойына 200 мың жауынгер қойып, жауынгерлік мұнаралары бар қуатты қалқымалы көпірлер тұрғызды. О. Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстанның аңыздары» кітабында «массагеттер патшайымы марқұм батыр Рүстемнің жұбайы болған делінеді. Оның аты Томирис еді. Кир оған құда түсу сылтауымен елшілерін жібереді. Алайда Томирис Кирдің өзіне емес, патшалығына көзі түскенін ұғып, ұсынысын қабылдамайды. Сол уақытта Кир массагеттерге қарсы соғыс ашады».
Томирис патша өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен халқын талай таң қалдырды. Олар өз басшысы туралы жыр толғап, оның атын жырға айналдырған. Бұл аңыз жырлар Томирис патшаның есімі ізін басқан жауынгер әйелдің есімі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлы дала аспаны астында ғасырлар бойы мәңгі жасады.