Түрме әдебиетінің негізін қалаған – Таңжарық Жолдыұлы

Қытай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қазақ әдебиетіне «түрме әдебиеті» деген ұғымды енгізген ақын, көп жылы қуғын-сүргінде өткен, Қытайда алғаш газет ашып, театр құрып, мәдени ұйымның жетекшісі болған қайраткер – Таңжарық Жолдыұлы. Оның шығармаларының басым бөлігі Үрімжі түрмесінде жазылып, сол түрмеден елге тараған, Қазақстанда оқып жүрген кезінде Алашорда қайраткерлерінің рухани әлемімен сусындап, солардың жолын жалғастырған, батырлығы мен қайсарлығы тең ақынның өмір жолы өте күрделі.

Malim Админ

  • 27.08.2024

Таңжарық Жолдыұлы 1903 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген.  1946 жылы Үрімжі түрмесінен босап шыққан соң, бір жылға толмай 1947 жылы өзінің туған жерінде қаза болды. Бейресми деректерде, оны түрмеде улап жіберген, сондықтан ұзақ жасамады делінеді. Өлімінде жұмбақ жайттар көп екені айтылады.

1910 жылы ауылдағы Мыңбай молдадан діни білім алады. Өте алғыр бала өзінің алғашқы ұстазынан діни біліммен қатар, шағатай жазуын үйреніп, ескі кітаптарды оқи бастайды. 1916 жылы орыс жерінен қашып барған татар білімдары Әбділхамитты ауыл адамдары шақырып, шағын оқу ошағын құрады. Таңжарық одан шариғат ілімдерінін тыс, жағрапия, есеп, тарих сабақтарын үйретеді. Екі жыл Әбділхамиттен сабақ алған соң, 1918 жылы Шақпы жайлауында қазақ байлары мектеп салдырып, Таңжарық сол мектептің жоғары сыныбына қабылданады. 1919 жылы сол кездегі Іле өлкесіндегі ең жоғары оқу орны саналатын «Іле шуатаң» мектебіне қабылданады. Ол мектеп туралы ақынның өлеңдері де бар. «Іле шутаң» - бүгінгі Құлжа қаласындағы Іле университетінің негізі деп санаушылар да бар. Бұл мектепте ақын 3 жыл бойы қытай тілі мен қытай мәдениетін жете меңгереді.

1923 жылы Қазақстанға қашып өтіп, Нарынқолда орыс-қазақ мектебінен үш жыл білім алады. Ол Алашорда зиялыларымен сол кезде жақын танысып, олардың идеясымен сусындаған. Кейінгі жырларында Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының, Ілияс Жансүгіров пен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінің иірімі, сарыны, ой оритақтығы менмұндалайды.

Ахмет, Абай, Әсет, Мержақыптар,

Жетпейді оған жисаң мың баланы.

Шәкерім, Әріп пенен Мұрын, Омар,

Көмбеге олар шапса, тың барады, – деген өлеңінен бұл анық білінеді.

Абай өлеңдері және М.Жұмабаев, М.Дулат, А. Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, т.б. есімдері мен олардың шығармаларын Қытай қазағына таратушылардың бірі болды.

Қытайға оралысымен бүкіл Іле өңірін аралап, елді оқу-білімге, мектеп ашу ісіне үгіттеді. Таңжарықтың ықпалымен шағын оқу ошақтары құрылып, сауат ашу ісі жүргізілді. Осы еңбегі еленбей қалған жоқ. 1935 жылы Құлжа қаласында құрылған «Қазақ-қырғыз мәдени ұйымын» құрған Мақсұт Сасанұлы Таңжарықты шақырып, өнер үйірмесін қолға алуды тапсырады. Сол жерде Қытайдағы тұңғыш қазақ театрын ашып, ең алғаш Б.Майлиннің «Шұғасы» бойынша пьеса қойды, өзі режиссер, өзі актер болды.

Таңжарық 1940 жылы сол кездегі Гоминдаң үкіметінің бұйрығымен Іледегі бір топ зиялылырмен бірге тұтқындалып, Үрімжіге айдалды. 1946 жылы түрмеден шыққанша талай азапты, қинауды көргенін өзінің «Түрме халі» атты толғауында баяндайды.

Одан бөлек Үрімжідегі зорлық-зомбылықты былай суреттейді:

Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы.
Ішегін ит сүйретіп өлген жанның,
Құс шоқып домаланып жатыр басы.

...

Халықтың соның бірі адал ұлы –
Мисалы Шәріпхандай жұрт ағасы.

Келе қалсаң Үрімжі қаласына,
Көзіңді сал қалтарыс саласына.
Өле-өлгенше кәпірден кегімді ал деп,
Тапсырып кет балаңның баласына.

Бұл шумақтардан ақын заманының қаншалықты қиын болғанын анық бағамдаймыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, Шынжаңды билеуші Шың Сысай қазақтарды жаппай тұтқындай бастағанда 1940 жылы Таңжарықты да ұстап, түрмеге жапты. 1944 жылы түрмеден босап, 1945 жылы қайтадан ұсталды. Аяусыз жәбірлеуге, жан төзгісіз қинауға ұшырады. 1946 жылы Гоминдаң үкіметі мен Үш аймақ үкіметі арасындағы келісімшартқа орай түрмеден босаса да, денсаулығының жағдайы жар бермей, 1947 жылы маусымда қасіретпен көз жұмды.

Шынжаң халық баспасынан ілгерінді-кейінді болып, «Түрме халы» (1981 ж.), Назгүл (1982 жыл), Орталық ұлттар баспасынан «Анар-Сәуле» (1982 ж.), Іле газеті баспасынан «Шын тілек» (1994 ж.) кітаптары жарық көрді. Кейіннен барлық шығармалары топтастырылып «таңдамалы шығармаларының» 1-2 томы 1985 жылы, 3-томы 1995 жылы басылып шықты. Қазақстанда 1974 жылы, 1992 жылы және 2003 жылы ақын еңбегі арнайы кітап болып жарық көрді.