Ханға қарсы шапқан Махамбет Өтемісұлы

«Исатай деген ағам бар», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Тарланым», «Исатайдың сөзі», «Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай» өлеңдерінде тұтастай ел бастаған ер бейнесі сомдалады.

Аялдар Күнтуған

  • 26.11.2024

Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі. 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Бекетай құмы деген жерде туып, 1846 жылы қазан айының ішінде жалынды ақын жау қолынан қапыда қаза табады.

Өтемістің он баласы болып, Махамбет Бекмағамбеттен кейінгі екінші бала болады. Жас кезінде хан ордасында тәрбиеленген ақын кейін бөлектеніп кетеді. Халықты, қарашаны қолдаған Махамбет 1829 жылы түрмеге қамалады. 

1836 жылы 14 көкекте Исатай мен Жәңгір кездеседі. Ханның қайын атасы Қарауылқожаның ауылын шауып алады. 

1837 жылы 2 қарашада хан ордасына қайта аттанады. 1838 жылы 12 шілдеде орыс әскерімен шайқаста, Исатай қаза табады. Ары қарай Махамбет ақынның азапты күндері туады. Орынбор түрмесіне қамалады. 

1846 жылы өз үйінде қастандықпен қаза табады. Бейіті Атырау облысы Махамбет ауданы Қараой деген жерде. Ақынның өлеңдері ерлікке, өрлікке арналады. Ел қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздейді. Азаматтың міндетін көрсетеді. Алғашқыда ерлер ісі жорық пен оның қиындығына шыдау туралы болса, соңғыда жауын жеңу, ерлікпен қасқая соғысу ерлер ісі деп толғайды. 

Исатай жолдасын мақтап нағыз ер бейнесін жасайды. Ақынның әр өлеңінде ел үшін, жұрт бақыты үшін қан төккен, сол мақсатқа бел буған ерлер бейнесі жасалса, Исатай – сол ерлерді бастаушы, халық үшін жанын қиған батыр, әрі соғыстағы ерліктің, жүректілік пен өрліктің символы. «Исатай деген ағам бар», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Тарланым», «Исатайдың сөзі», «Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай» өлеңдерінде тұтастай ел бастаған ер бейнесі сомдалады. Егер жыраулар поэзиясы XV – XVIII ғасырлар шежіресі, сол заман батырларының ерлік дастаны десек, Махамбеттің Исатай туралы өлеңдері – сол жыраулар дәстүрінің жалғасы. Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар жыраулар Абылай, Бөгенбай, Қабанбай бейнелерін сомдаса, Махамбет Исатайдай ердің биік тұлғасын үлгі етті. 

Исатайдан, жерінен айрылып өкінеді, өксиді. Сол күндерін сағынады. Қызғыш құсқа зар айтады. Құсқа мұңданады. Махамбет поэзиясы – ерліктің, өрліктің поэзиясы. Ақынның асыл сөзінің маржан ырлары – жыраулар поэзиясымен үндестігі. Арнау, ханға қасқая сын, мін айту, жауынгерлік рух, батыр бейнесі жаңа үлгіде көрінді. 

Махамбет жас шағында Жәңгір ханның қолында болады, бірақ тумысынан өр мінез, өжет жанды Махамбет хан сарайында әділетсіздік пен теңсіздіктің куәсі рөлінде ұзақ тұра алмайды, көп кешікпей өзі шыққан халықтың арасына оралады. Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісінің Махамбет ең белсенді ұйымдастырушыларының бірі, жалынды жаршысы болды.

MalimBlocks
Қазақтың ұлы күйшісі – Құрманғазы

Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келді. 1889 жылы қайтыс болып, Ресейдегі Астрахань облысында жерленді. Қазақтың ұлы күйшісі.

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Махамбет Өтемісұлы 1804 туған. 1846 жылы 20 қазанда қаза тапқан. Қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836–1837) ұйымдастырушылардың бірі. Осы көтерілістің жалынды жыршысы. Оны Қазақ хандығының соңғы жырауы деп тануға болады.