Қазақтың ұлы күйшісі – Құрманғазы

Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келді. 1889 жылы қайтыс болып, Ресейдегі Астрахань облысында жерленді. Қазақтың ұлы күйшісі.

Malim Админ

  • 04.09.2024

Ол жастайынан құбатөбел күн кешкен әкесіне қолғабыс етіп, қой бағып, малға қарады. Әуенге әуес, домбыраға ынтық баланың музыкаға сүйіспеншілігі әкесіне ұнамады, бірақ, анасы Алқа, баласының бұл ұмтылысын қолдап, ел келгенде ұлына домбыра ұстатып, күй тарттыруды жаны сүйетін. 

Күйші болып қалыптасуына, сол замандағы домбырашы – Ұзақ әсер етті. Ол жас жігіттің саз бен әуезге қызығушылығын байқап, оған жарқын болашақ болжаған. Ұзақтың айтқаны орындалды, 18 жасында ауыл тұрғындары Құрманғазыны дарынды күйші ретінде танитын және оның келуін асыға күтетін. Осы кезде үйін тастап, кезбе музыкант болуға бел буды. Түрлі жарыстарға қатысу арқылы өз шеберлігін едәуір арттыра алды. 

Ол Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлының басшылығымен өткен көтерілістің куәгері болды. Махамбеттің жалынды өлеңдері мен Құрманғазының керемет күйлері адамдардың жүрегін жаулап, бостандық үшін күресуге шабыт берген. Сол кездегі шені мен шекпені келісті дөкейлерді шенеп, оларға қарсы тұрғаны үшін бірнеше рет түрмеге түскен. «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» секілді күйлері сондай сәттерді бейнелейді дейді музыкатанушылар мен Құрмағазы өмірін зерттеушілер.

1857 жылы оны жылқы ұрлады деген айыппен қамауға алған. Бірақ, Құрманғазы сот басталмай тұрып, түрмеден қашып кетті. Аңыз бойынша, бақылаушыға күйшінің музыкасы ұнағаны соншалық, ол қақпаны өзі ашып берген. Осыдан кейін, патша үкіметі оны қарақшы, бүлікші және қауіпті қылмыскер деп атап, домбырашыны өмірінің соңына дейін қудалады. Өз туындыларында туған жерге деген сүйіспеншілігін және сол кездегі тарихи оқиғаларды бейнеледі. 

Оның әйгілі «Кішкентай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Серпер», «Назым», «Алатау» секілді 60-қа жуық күйі бар. Қазіргі уақытқа дейін оның 60-тан аса күйі жетті. Артынан Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов және Меңдіғали Сүлейменов сияқты мықты шәкірттерін қалдырды. Олардың әрқайсысы еліміздің музыкалық тарихында маңызды орын алады. Құрманғазы күйлері қазақтың мәдениетін дамытуға айтарлықтай үлесін қосты. Көптеген композитрлер домбырашының шығармаларын фильмдерде және пьесаларда қолдана бастады. 1996 жылы екі мемлекеттің қатысумен, Құрманғазының зиратына кесене орнатылды.

Елімізде Құрманғазы атында көптеген мектеп, жоғары оқу орны, көшелер бар. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы – еліміздегі музыканттар мен өнерпаздарды даярлайтын бірегей оқу орны.

MalimBlocks
Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Махамбет Өтемісұлы 1804 туған. 1846 жылы 20 қазанда қаза тапқан. Қазақтың әйгілі жырауы, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836–1837) ұйымдастырушылардың бірі. Осы көтерілістің жалынды жыршысы. Оны Қазақ хандығының соңғы жырауы деп тануға болады.