Біз енді орыстар жазған тарихты оқымаймыз

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 30.12.2020

2020 жыл аяқталып, 2021 жылды күнтізбенің жаңа парағынан бастағалы отырмыз. Тақуа тарихтың қойнауына кетер жылдың етегінен ұстап тұра алмаймыз. Сынаптай сырғыған уақыт өз билігін жүргізіп, сыртымыздан тағы сақ-сақ күледі. Осы жыл немен есімізде қалды деп артымызға енжар бұрылып қарайтын әдетімізбен тағы мойын бұрмақ болдық. Бірақ өне бойымыз дірілдеп, сай-сүйегіміз сырқырап қоя берді. Әлем жұртын әбігерге салған пандемияны айтып, шағына алмайды екенбіз. Бұл – Құдайдің ісі. Жалғыз қазақтың жанына батқан дерт емес екен.

Жақсыларымыздан айырылдық. Қайғырдық. Қамықтық. Еңсемізді қайта көтердік. Алтын құрсақты аналар аман болса, елім деп еңірер әлі талай азаматтар дүние есігін ашар. «Үмітсіз – шайтан» деген.

Ал бірақ қоңсы отырып, жеріңе көз алартқан Ресей депутаттарының сөзі жанымызға одан бетер жара салыпты. Көңілімізге алаң кіріпті. Осы жылдағы ең бір өзекті дүние болды. Мейлі әдейі болсын, сандырақ, саяси технология болсын, ол сөз айтылды. Қасиетті қазақ жерінің бір сантиметрі де, бір түйір тасы да, бір уыс топырағы да қастерлі. Оны жан жүрегімізбен сезіп, қастерлейміз. Қорғаймыз!

Осы тақырыпқа айналып соғып, Отанымыздың қасиетті, қастерлі екенін қайта айтып, жүрегімізге иманымызбен бекітіп, жылды қорытқымыз келді.

Соған орай «Жаңа Алаш» ютуб арнасына ҰҒА-ның академигі, ҚазҰУ-дың профессоры, тарихшы Берекет Кәрібаев сұхбат берді.

«Алдыңғылардың әңгімесі» бағдарламасында қонақта болған тарихшы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихы тым тереңде жатқанын айтады. Үш мыңжылдық тарихы бар мемлекеттіліктің шежіресін тарқатып берді.

«Біздің қазақ жерінде ғалымдардың дәлелдеуі бойынша сонау скиф, сақ кезеңдерінен бастап мемлекеттік құрылымдар қалыптаса бастаған. Оның нақты дәлелдеп береді. Біздің жерімізде алғашқы, жақсы зерттелген археологиялық жұмыс сақ мәдениеті. «Іле өзені бойындағы сақтардың мәдениеті» дейтін өзіміздің атақты ғалымымыз Кемел Ақышев пен Кушаев дейтін археологтың үлкен монографиясы бар. Алпысыншы жылдардың басында шыққан. Обаларды зерттеу барысында таңғалады. Жеке меншіктік қатынастар жақсы дамып кеткен екен. Оны қайдан біледі? Обалардың сыртқы пішіненен.  Диаметрі жағынан, биіктігінен. Ішкі құрылысы әртүрлі. Біреуінде бірнеше бөлме бар. Біреуінде жалғыз бөлме. Және ішіндегі әшекей бұйымдар. Бұл сақтардың өзінде жеке меншіктік қатынастар терең дамығанын білдіреді. Соның нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік арасы жер мен көктей болған дейді. Бұндай қарым-қатынас ішкі құрылымы қалыптасқан мемлекеттерде болады», - дейді ғалым.

Сұхбаттың аудионұсқасын тыңдай отырыңыз:


Сақтардан кейін үйсіндер болған. Оларға дейінгілер бір түзудің бойына орналасатын болса, үйсіндер шоғырланып отыратын болыпты. Сақ-үйсін мәдениетін терең зерттеген ғалымдар қазақ даласындағы көне мемлекеттердің тарихын ғана емес, осы жерді мекендеген байырғы бабаларымыздың мыңдаған жылдық мәдениетін жалпақ әлемге жария етті.

Қазақ хандығы құрылып, күшейіп, әлсіреді. Ресей империясы жаулап алды. Бекіністерін салды. Басында қорғаймын деді. Аяғында қорлады. Кейін Совет үкіметі орнап, ол да қазақты жарылқаған жоқ. Тәуелсіздік алдық. Шекарамыз шегенделді.

«Қазір біздің шекарамызға ешкім күмән тудыра алмайды. Қазір жасыратыны жоқ, Түркияда «Ұлы Тұран» деген идея бар. Бізде де Алтын Орданың заңды мұрагеріміз дейтіндер бар. Кеше бәріміз Кеңес одағының шекпенінен шықтық. Оның ыдырағанына отыз жыл. Ресейде де топтар бар. Бос отырғанда сол Кеңес үкіметін аңсайды. Бұл күнделікті өмірде айтылады. Және мемлекеттік деңгейде саясат ретінде де айтылады. Бұл түсінікті. Державалық, шовинистік көзқарас. Бұл сөздері далбаса. Америка қазір Ресейді менсінбейді. Дамып кетті, Ресей барлық жақтан артта қалған ел. Жақын арада оларда даму жоқ», - дейді Берекет Кәрібаев.

Артта қалған ел бізге ешқандай үлгі бола алмайды. Тек қаруына, күшіне сеніп, қоқаңдайды. Бұл Ресейдің державалық пиғылы ғана емес, комплексі десе де болатындай. Өйткені барған сайын оның ықпалынан шығып бара жатқан елдер көп. Және жыл өткен сайын олардың қатары өсіп келеді. Балтық елдері баяғыда ат құйрығын кесісті. Украина есігін тарс жапты. Одан бұрын Грузия соғысып алды. Бұлай кете беретін болса, Ресейдің өзі де ыдырап кетуі әбден мүмкін.

Біздің зиялы адамдар, ғалымдар осы уақыттарға дейін орыстардың жазып берген тарихын оқыдық деп келді. Енді өзіміздің тарихымызды өзіміз жүрміз.

«Қазақстанның тарихы өзге ұлттардың қолында болды. Айналып келгенде орыс тілінде жазатын орыс та, еврей де, украин де орталықтың айтқанымен жазды. Солардың қолында болды. 80-90 жылдарға дейін тарихтың бәрін ленинградтық, мәскеулік ғалымдар, Қазақстанда тұратын орыстілді адамдар жазды. Ал қазақтар жазса, олардың өзіне бір ғана жолмен жазғызды. Таптық көзқараспен ғана.

Шартты түрде 1991 жылдан бастап, тарихнаманың жаңа кезеңі басталды. Қазір өзіміздің қазақ ұлтының тарихшылары өркениеттік көзқараспен төл тарихымызды жазып жүр. Бір қалыптасқан санадан екінші санаға ауысу қиын екен. Дегенмен процесс жүріп жатыр. Бұрынғы жолмен кітап жазып, шындыққа жетпейсің», - дейді тарихшы.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Жаңа Алаш» ютуб арнасынан көре аласыздар.

https://www.youtube.com/watch?v=IgaAjFB-COQ

MalimBlocks
Бұл жүйенің де құлайтын жері бар

Әкем де, Шаңырақ оқиғасы да ұмыт болды