Әкем де, Шаңырақ оқиғасы да ұмыт болды
-Айдана, біріншіден сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Мен сізді алғаш көргенде әкеңізге ұқсайтыныңызды бірден байқадым. Әдетте, қыз бала әкесіне жақын болады ғой. Сіз әкеңіздің қызы болған сияқтысыз. Солай ма?
- Иә, дәл айттыңыз. Мен әкемнің қызымын. Біз сиам егіздеріміз дейтінбіз. Үнемі бірге жүретінбіз. Әкем күндіз бітпейтін қым-қуыт тіршілікпен айналысатын. Жазуға түнде отыратын. Ас үйде түні бойы өлең жазушы еді. Мен де көз ілмей қасында отырушы едім.
«Отец мой был на Колыме,
Все золото советской власти.
И повторяется в моей судьбе
Колымских зон и лихий страстий
Отец судим как враг народа
И я выходит вражий сын.» Бұл әкеңіздің түрмеде жазған өлеңінен үзінді. Ақынның айтуына қарағанда әкесі де абақты өмірін көрген боп тұр ғой. Әулеттеріңіздің тарихы жайлы айтып бересіз бе?
-Біздің әулеттің тарихы трагедияға толы. Тоталитарлық жүйенің жауыздығын көрген. Қазақ өз ата-жұртынан қашқаны тарихтан белгілі. Біздің де аталарымыз туған жерін тастап, Ресейдің Астрахань өңіріне қоныс аударған. Әкемнің атасы атылған. Ал әкесі Қабыш бар-жоғы он сегіз жасында он жылға сотталды. Гулаг-та жазасын өтеді. Гулаг лагерьлерінің қандай қиын болғанын кино да, әдебиет тілі де суреттеп бере алмайды. Ол нағыз тозақ болған. Қабыш атам совет түрмесінен өткен батыл кісі болыпты. Түрмеде жақсы достар тауыпты. Сол азапты күндері достарымен бірге «егер мына қапастан аман шықсақ балаларымызға бір-біріміздің атын қоямыз деп серттесіпті. Осылайша дүниеге әлі келмеген әкемнің аты советтер колониясында қойылған. Әкем өзінің шыққан тегін айтып, әруақтарды ардақтап отыратын. Өзін Махамбеттің ұрпағымын дейді. Солай да шығар. Себебі бізде Махамбет Өтемісұлы сынды беріш руынанбыз. Жалпы, Махамбет шығармашылығы, күреске толы өмірі оны шабыттандыратын. Және Арон Атабектің саяси ұстанымы мен іс-әрекетіне, шығармашылығына әсер етті.
- Осыдан алты жыл бұрын Алматыда Арон Атабектің алпыс жылдығына орай шығармашылық кеші өтті. Сол жерде сіз сөйледіңіз. «Менің балалық шағым болған жоқ. Бірақ ол үшін әкемді кіналәй алмаймын. Әкем әділетті сүюді, шыншыл болуды үйретті» деп едіңіз. Диссиденттің отбасындағы өмір қандай? Болмаған балалық шағыңыз жайлы айтып беріңізші.
- Диссиденттің отбасында өмір сүру өте ауыр. Бірақ мен оны кейін білдім. Басқа өмірді көрмеген соң қайдан білесің. Кейін ес жиғанда бәрін білдік қой. Себебі біз қоғамнан оқшау өмір сүрдік. Үнемі көшіп-қонып жүрдік. Тауда да тұрған кезіміз болған. Әкемнің немен айналысып жүргенін білмеймін ғой. Мектепке де кеш бардым. Тоғыз жастан асқанда білім ордасына бардым. Бала күнімде тек өзім жалғыз ойнайтынмын. Сауатты үйде аштым. Үш жасымнан бастап оқуды үйрендім. Ойыншық орнында қолымызда кітап болды. Әкем кітапханадан келген күні бізде мейрам болатын. Сондықтан мен бірден екінші сыныпқа бардым. Мен үшін мектеп өміріне бой үйрету қиын болды. Мен балабақшада да болмағанмын ғой. Көпшілікпен араласуы қиындық тудырды. Қазір де адамдармен тіл табысып кетуім қиын. Ағам Асқар болса, бірден үшінші сыныпқа барған. Бірақ ол балабақшада болды. Адамда бала күнгі достар болады ғой. Менде жоқ. Енді біреумен дос бола бастасаң көшіп кетесің. Тек кітаптармен дос болдық.
Әкем түрмеге түскенде өзгеше балалық өмір кешкенімді түсіне бастадым. Әкеме диссиденттік жол таңдағаны үшін ренжігенім жоқ. Бірақ перзенттік ренішім болды. Сосын «көке, сіз Асқар екеуімізге әке болмадыңыз. Халыққа әке болуды ойладыңыз», деп хат жаздым. «Қызым сенің айтқаныңмен келісемін» деген жауабы келді. Және өзінің өмір сүру философиясын түсіндірді. Қазір әкеме деген ренішім жоқ. Арон Атабек сізбен бізге ұқсамайды. Оның құндылықтары басқа. Әкем қазір он сегіз жылдың жартысын өтеп тастады. Бірақ уақытынан бұрын босап шығу үшін арыз жазбай отыр. Осы әрекетін көп адам түсінбейді. Әкем өз хатында айтады: «егер өмірді қайта сүруге мүмкіндік болса, мен тағдырымды еш өзгертпейтін едім» деп.
- Әкеңіз 1986 желтоқсан көтерілісіне қатысты. 90-жылдары «Алаш» партиясын құрмақ болды. Мәскеуде «Хақ» атты оппозициялық газет шығарды. Ресейде, Кавказдағы қуғында өткен өмірі жайлы айтушы ма еді?
-Жоқ, айтпайтын. Бір білетінім әкеме дамыған батыс елдері сол кезде саяси баспана ұсынған. Еуропаға кеткенде біздің өміріміз басқаша болар еді. Салыстырмалы түрде жақсы болар еді деп ойлаймын. Бірақ әкем Әзірбайжанды таңдады. Неге дейсіз ғой. Себебі әкем үшін туған жер бірінші орында болды. Ол қазақ даласынан алысқа кеткісі келмеді. Сондықтан көрші Әзірбайжан мемлекетіне қоныс аударды.
-2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы болған кезде сіз 14 жаста едіңіз. Сол күн есіңізде ме?
- Маған осы сұрақты жиі қояды. Дәл сол күні үйде болуым керек. Нақты есімде жоқ. Шаңырақ оқиғасынан кейінгі күн есімде. Әкем жараланып келді. Басы жарылыпты. Миы шайқалған екен. Әкемді өмірімде алғаш рет қатты қиналғанын көрдім. Анам екеуіміз қатты қорықтық. Қолымыздан келгенше өзіміз емдеп алуға тырысып бақтық. Шешем туыстарға, таныс дәрігерлерге қоңырау шалды. Әкем басынан жарақат алғанда Қалқаман ауруханасына барған екен. Бірақ ол кісіге дұрыстап медициналық көмек көрсетпепті. Сосын әкеме Шаңырақ ісі бойынша куәгер ретінде келіңіз деген шақырту келді. Әкем енді үйге қайтып келмейтінін түсінді. Менің маңдайымнан иіскеп: «Балам, мен енді қайтып келмеймін», - деді. Содан бері мен әкемді көргенім жоқ.
-Есейген кезде Шаңыраққа бардыңыз ба? Әкеңіздің саяси тұтқын екенін қашан түсіндіңіз?
-Шамамен 16-18 жасымда әкемнің ар тұтқыны екенін түсіндім. Сонымен қатар бұқараға деген ренішім пайда болды. Бұл реніш менің кеудемді біраз уақыт сыздатты. Қазір жоқ. Көп адам Арон Атабек Шаңырақта тұрған деп ойлайды екен. Біз ол жерде тұрған емеспіз. Көкем қарапайым қазақ өз жерінде баспанасыз қалмасын деп сол жаққа барды. Өйткені үйсіз күн кешудің қандай екенін біздің отбасы ет жүрегімен түсінеді. Біз жақында ғана баспаналы болдық. Әкем шаңыраққа халықты қорғау үшін барды. Халыққа жасаған әделтсіздікке төзбейтін. Өкінішке қарай оны жұрт тез ұмытты. «Арон Атабекті танисыз ба?» десең жоқ дейді. «Шаңырақ оқиғасын білесіз бе?» десең жоқ дейді.
Диссидент-ақын, публицист, қоғам қайраткері Арон АТАБЕКТІҢ қызы Айдана АЙДАРХАННЫҢ сұхбатының жалғасын «Жаңа Алаш» ютуб каналынан көре аласыздар.
Естеріңізге сала кетейік, күрескер ақын 2006 жылы Алматыда болған Шаңырақ оқиғасына қатысқан. Билік Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылының тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленді" деп үйлерін сүрмек болғанда Арон Атабек бастаған шаңырақтықтар қарсылық көрсетті. Үйсіз бұқараны қорғаған ақын 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "полиция қызметкерін өлтіруге қатысты" деген айып тағылған еді. Ақынның қызы тұңғыш рет әкесі жайлы көлемді сұхбатты «Тілеуханұлымен сұхбат» бағдарламасына берді. Диссидент отбасындағы өмір, болмаған балалық шақ және әкеге деген баланың сағынышы осы хабарда. Айдана ақынның қазіргі жағдай мен 14 жылдан бері абақтыдан жатқан әке өмірі жайлы сыр шертеді. Шаңырақ трагедиясы жайлы өз ойын білдірді.
https://www.youtube.com/watch?v=vxV2WWUj9d8