Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар
Қуаныш пен қайғы қатар жүреді, өмір бар жерде өлім бар. 2021 жылы халықтың қабырғасын қайыстырған қазалы күндер де болды. Арамыздан кетсе де, жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін жандарды еске алғанды жөн көрдік.
Әлімғазы Райымбеков 01.12.1936 - 19.01.2021
Актер Әлімғазы Райымбеков 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін сомдауға барып, атақты Шәкен Аймановтың көзіне түсіп, «Тақиялы періште» фильмінде қалың көрерменнің есінде қалған Тайлақты сомдады. «Ән қанатында», «Қилы кезең», «Көгілдір такси», «Қан мен тер», «Тайлақтың тақиясы» фильмдерінде жарқын бейнесі мен тамаша ойыны қалды.
Шөмішбай Сариев 15.04.1946 - 15.02.2021
Ақын Шөмішбай Сариев 75 жасында ортамыздан ұзап кетті. Ақын әр жылдары «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеді. «Балдәурен», «Сүйінші» өлең жинақтары мен «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» бейнетаспаларының авторы. Шетелдің атақты ақындарын қазақ тіліне аударды. «Бозжорға», «Ғашықтар жыры» сынды танымал әндердің сөзін жазып, жырсүйер қауымның жүрегін жаулады.
Нұртілеу Иманғалиұлы 01.05.1952 - 17.02.2021
Журналист Нұртілеу Иманғалиұлы 68 жасындағы қайтыс болды. 45 жыл телевизияда жұмыс істеді. «Қазақстан» арнасын басқарды. Президент әкімшілігінде лауазымды қызмет те атқарды.
Шот-Аман Уәлиханов 26.04.1932 - 31.03.2021
Сәулетші Шот-Аман Уәлиханов 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Саналы ғұмырын қазақ хандары мен ғұламаларының мүсіндерін жасауға арнады. Алматыдағы Шоқан ескерткіші, Қарауылдағы Абай ескерткіші, елордадағы Кенесары хан ескерткіші, Қостанайдағы А. Байтұрсынұлы ескерткіші сынды сәулет жобаларын жасады. Сонымен қатар, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі жобасының авторы әрі жетекшісі болды.
Қабдеш Жұмаділов 24.04.1936 - 05.04.2021
85 жасына 20 күн қалғанда жазушы Қабдеш Жұмаділов дүниеден өтті. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген ол 1956 жылы Қазақстанға білім алуға келіп, 1960 жылы Қытайда КСРО-мен байланысты деген қысымға түсіп, тарихи отанына біржола қоныс аударған. Шығыс Түркістан қазақтарының азаттық жолындағы күресі туралы «Тағдыр» романы үшін «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықты алған. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Қылкөпір» және басқа да шығармаларын оқырман жоғары бағалады.
Жазушы елдегі саяси мәселелерге көзқарасын ашық айтып өтті. 2011 жылы Жаңаөзен мен Шетпеде болған жағдайлар туралы, соңғы жылдары Қытайда қысым көрген қазақтар туралы да пікір білдіріп, биліктің әрекетін сынап өтті.
Ғазиза Әбдінәбиева 03.01.1948 - 19.04.2021
Актриса Ғазиза Әбдінабиева 73 жасында қайтыс болды. Ол «Нан», «Қауын», «Қыз жылаған», «Жел адам», «Сіз кімсіз, К мырза?», «Біржан сал», «Айналайын», «Ләйләнің зары», «Кемпір», «Зауал» және басқа да фильмдерде ана-әже образдарын сомдаған. Ғ.Мүсірепов атындағы театрда және М.Әуезов атындағы театрда Шұғаның, Гретруда мен Бөржан рөлін ойнаған.
Ескендір Хасанғалиев 13.02.1940 - 30.04.2021
Әншi, композитор Ескендір Хасанғалиев 81 жасқа толып, бірнеше апта бойы коронавируспен күресіп, індеттен айыға алмай қайтыс болды. Оның «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» сынды әндері қазақ музыкасының төрінде қалады. Қазақ, орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне ән жазған. 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы.
Фархат Әбдірайымов 21.01.1966 - 21.05.2021
Актер Фархат Әбдірайымов 21 мамыр күні Грузияның Тбилиси қаласында түсірілім алаңында инфарктан қайтыс болды. 20-дан аса фильмде ойнаған. Көпшілікке «Фара», «Сказ о розовом зайце», «Рэкетир-2», «Возвращение в А» фильмдері арқылы танылған.
Мерей Ибрагимов 29.05.2021
29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында сел жүріп, салдарынан сол сапарға шыққан оқушы мен мұғалім қайтыс болды. Куәгерлердің айтуынша, қайтыс болған мұғалім Мерей Ибрагимов бірнеше баланы селден алып шыққан. Алайда ажал өзін алып кетті. 26 жастағы мұғалім соңғы үш жылда Алматыдағы №199 гимназияда жұмыс істеген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марқұм «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Әселхан Қалыбекова 20.04.1950 - 05.07.2021
Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова Кеңес Одағы тұсында басталған айтыс додаларында жарқырай көрініп, айтыс сүйер жандардың көңілінде жатталып қалды.
Сатыбалды Нарымбетов 08.03.1946 - 08.07.2021
Режиссер Сатыбалды Нарымбетов. Мәскеудегі мемлекеттік минематография институтын бітіріп, «Қазақфильмге» сценарист болып жұмысқа кіреді. Кейін режиссер қызметіне ауысып, өз фильмдерін түсіре бастайды. «Құрманғазы» деректі фильмі, «Зауал», «Күзгі бұралаң жол», «Ұрын келген күйеу», «Созақтан шыққан Гамлет», «Көзімнің қарасы», «Жас аккордеоншының өмірбаяны», «Омпа» және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.
Әбсаттар Қажы Дербісәлі 15.09.1947 - 15.07.2021
Шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі екі рет Қазақстан мұсылмандар діни қауымдастығының құрылтайында бас мүфти болып сайланды. Одан бөлек, Орта Азия елдері мүфтилер кеңесінің төрағасы және Еуразия Ислам Шурасы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланған. Арабтану ғылымы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылыми доктор, тұңғыш профессор және тұңғыш академик.
Болат Атабаев 15.05.1952 - 29.07.2021
Кино және театр режиссері Болат Атабаев Чеховтың «Шағала», Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Мақатаевтың «Қош, Махаббат», Римованың «Қос мұңлық», Метерлинктің «Соқырлар» шығармаларын сахналап, қазақ көрерменіне ұсынған. Оның қазақ театрына алып келген шығармалары екіұдай ой тудырып, сынға да ұшыраған. Ол өз жұмыстарын «қарсылық мәдениеті» деп бағалаған. Және өз өмірінде де сол «қарсылық мәдениетін басым көретінін айтқан. 2011 жылы Жаңаөзен қырғынын «Көшкін» деген атпен «Ақсарай» театрында сахналады.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін Атабаев «әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталып, қамауға алынды. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып, кейіннен режиссер бостандыққа шығып, кейіннен Германияға көшіп кетті. Кельн театрында жұмыс істеді. 2021 жылы көктемде денсаулығы нашарлаған режиссер Қазақстанға қайта оралған еді.
Аягүл Мантай 29.07.2021
Жас жазушы Аягүл Мантай «Жаңбырлы көктем», «Жүрекке оралу» кітаптарының авторы. Мәскеуде білім алған. Жазушының жақындары оның кибербуллинг құрбаны болғаны туралы айтқан.
Амангелді Сейітхан 11.05.1969 - 16.08.2021
Спорт комментаторы Амангелді Сейітхан коронавирустан қайтыс болды. Ол «Қазақстан» телеарнасындағы «Тұғыр» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болған. Ол футболдан «Франция-98», Азия ойындарынан, Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатынан, Сиднейдегі, Солт-Лейк-Ситидегі Олимпиада ойындарынан хабар таратқан. С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Бақытгүл Мәкімбай 15.10.1962 – 17.09.2021
Тәуелсіз журналист Бақытгүл Мәкімбай ұзақ жыл «Дат» газеттер жобасында (СолДАТ, Жұма Таймс, Тасжарған, Айна-Плюс, Бүгін-Сегодня, Общественная позиция басылымдарында) қызмет етті. Журналистикадағы еңбегі үшін Сорос халықаралық қорының «Батылдық пен табандылық үшін» сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылы СолДат редакциясына жасалған шабуыл кезінде соққыға жығылған. Кәсіби қызметі үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған.
Ақназар Қажымұрат 14.08.2001 - 04.11.2021
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік түлегі, ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары ұпай жинаған вундеркинд, Гарвард университетінің студенті Ақназар Қажымұрат демалыс кезінде елге оралып, белгісіз жағдайда қайтыс болды. 3 қараша күні Ақназардың іс-түссіз кеткені туралы хабар тараған, 5 қарашада оның денесі табылды.
Дәулет Сембаев 10.08.1935 - 15.11.2021
Дәулет Сембаев Қазақстан Ұлттық валютасы - теңге енгізілген жылдары Ұлттық банк төрағасы болған. Теңгені дайындап, оны айналымға енгізген комиссия құрамына кірген. Сонымен қатар, 1998 жылы жасалған зейнетақы реформасының авторы болған. Әр жылдары Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сенат депутаты болып, Қазақстанның құрметті қаржыгері атағын иеленген.
Арон Атабек 31.01.1953 - 24.11.2021
Ақын, дисседент, өзін «қазақтың самурайы» атаған Арон Атабек ауруханада қайтыс болды. Ол 2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Арон Атабекті «саяси тұтқын» деп мойындаған.
Талас Омарбек 29.05.1948 – 06.12.2021
Тарихшы, профессор Талас Омарбек Қазақстандағы станлиндік-тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның елге тигізген зияны туралы зерттеу жасаған алғашқы отандық ғалымдардың бірі. Ол Орта ғасырдағы Қазақстан тарихында зерттеп, Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларын елге танытуға тырысты. Оның ел тарихына қатысты жеті монография мен 200-ден астам ғылыми еңбегі бар.