Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Рудныйдағы дау. Көшелердің атауын өзгерту шешімі көпшілік қолдаса да тығырыққа тірелді

Қоғам
Рудныйдағы дау. Көшелердің атауын өзгерту шешімі көпшілік қолдаса да тығырыққа тірелді
© stan.kz

Қостанай облысы, Рудный қаласында екі көшенің атауын қазақшаға өзгерту мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Тұрғындар Иван Франко көшесіне Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, ал «50 лет Октября» көшесіне Достық атауын беруді ұсынған. Тыңдауға қатысқан депутаттардың басым бөлігі бастаманы қолдап, Amanat партиясынан бір депутат қарсы дауыс берген. Кей тұрғындар да өз пікірін эмоцияға беріліп жеткізген. Бұл туралы Stan.kz авторы Жұмаділлә Нұрила жазыпты.

17 қазанда тұрғындар «уақыт талабы мен ұлттық рухты ескеріп», аталған көшелердің атауын өзгерту туралы ұсыныс енгізген. Қараша айындағы тыңдауды өткізу күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында бекітілген.

Қарсы пікір айтқан тұрғынның мәлімдемесі

Қоғамдық тыңдауда жергілікті тұрғын Екатерина Корчагина көшелерді қайта атау денсаулық сақтау мен инфрақұрылым мәселелерін шешпейтінін айтып, Рудный қаласын салған Кеңес үкіметі екенін айтты.

Ол:


— «Бұл қаланы менің анам да тұрғызды. Кеңес дәуірінде түрлі ұлт өкілдері келіп, осы өңірді салды. Қазір сол үйлерде тұрып жатырмыз», —

деп мәлімдеген.

Сондай-ақ, ол көшелерге қазақша атау беруге қарсы екенін ашық айтты және Әлия Молдағұлованың есімінің лайық екеніне күмән келтірді.

Корчагина регламентті бұзғаны үшін залдан шығарылды. Кейін, қала мәслихатының төрағасы, оның тәртіпсіздігіне байланысты полицияға арыз жазғанын хабарлады. Тұрғын жиыннан кейін желіге тағы да видео жариялап,

«Кеңес Одағымен байланыстының бәрін өшіреміз десек, онда қаланы жаңадан салайық»

деген пікір білдірді.

Желіде туған пікірталас

Тұрғынның мәлімдемесі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қолданушылар арасында түрлі пікірді туғызды. Бір бөлігі оның сөзі астарлы антикөзқарас екенін айтты, енді бірі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін күшейтуді қолдады.

Депутаттардың ұстанымы

Көшелерді қайта атау бойынша бастаманы 11 депутат қолдаған. Қарсы шыққан жалғыз депутат — «КРЦ Горняк» компаниясының директоры Валерий Гирфанов. Тыңдаудан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оны сынға алып, әрекетін «кеңестік атауларды қорғау» деп бағалады.

Журналист Жазира Бегалы да Гирфановтың ұстанымын сынға алып, «Әлия Молдағұловаға қарсы дауыс беру — рудныйлықтар арасындағы наразы топты қолдау» деп есептейтінін айтты.

Гирфанов әзірге бұл пікірлерге жауап бермеді, ал оның Instagram аккаунты жабық режимге ауысқан.

Алдағы қадам

Енді көшелер атауын өзгерту туралы шешімді Республикалық ономастикалық комиссия қарастырады.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев «50 лет Октября» атауының маңызын жоғалтқанын айтып, өзгерісті орынды қадам деп бағалады.

Экономист Айбар Олжай бұл жағдай екі құқық қорғау органының назарында екенін жеткізді: алдымен сараптама жасалып, одан кейін шешім қабылданады.

Stan.kz басылымы өзінің тілшісі Қостанай облыстық полиция департаментіне сұраныс жолдағанын, алайда әзірге ресми жауап алынбағанын жазыпты.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу