Бүгін Ұлытау облысында билік өкілдері, аграрлық сектор мамандары мен сарапшылар бас қосқан «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» облыстық агроөнеркәсіп форумы өтті.
Ашық диалог форматында өткен жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, облыс әкімі Дастан Рыспеков, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат мүшелері, сондай-ақ жергілікті фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қатысты.
Форум жұмысы «AgroQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесінен басталды. Онда ауыл шаруашылығы техникасы, сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық кезеңіне қатысушылар ұсынған өнімдер таныстырылды.
Пленарлық сессияда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Сессияға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Мәжіліс депутаты әрі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, сондай-ақ Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев қатысты.
Талқылау барысында фермерлерді сапалы ресурстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, суару жүйелерін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және өндіріс процесіне цифрлық технологияларды енгізу сияқты негізгі бағыттар қаралды. Сонымен бірге мал шаруашылығына арналған заманауи қолдан ұрықтандыру әдістерінің инновациялық бағдарламасы таныстырылды.
Форум қорытындысы бойынша Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін күшейтуге және саланың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Жиын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, тәжірибе алмасуға және аймақтағы ортақ бастамаларды қалыптастыруға ықпал ететін тиімді диалог алаңына айналды.