Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды
Желтоқсан фотосындағы тұмақ киіп тұрған жігіт бұрын-соңды сұхбат бермепті. Malim.kz сайтына себебін айтты.
Алаңда шеп құрып тұрған жастардың сарғайып кеткен фотосын смартфонға сақтап, Байзақ ауданындағы Ақшолаққа келдім. Жол жөнекей кезіккендерден Байдуалиев Ербол Жүнісбайұлын сұраған едім, «дәмханаға барсаң оңай тауып аласың» деп жөн көрсетті. Қара тұмақ киген жігіт ағасы алдымнан шықты. Амандасып, тілші екенімді айтып, «мына фотода тұмақ киіп тұрған сіз дейді ғой» деп Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың суретін алға тарттым. Ербол фотоға көз салып та қарамады.
– Оны кім айтты?
–Елден естідім.
–Мен болсам не істейін деп едің?
–Сұхбат алайын деп едім.
–Сұхбат береді деп кім айтты?
Аптығып келген екпінімізді Ербол Жүнісбайұлы осылай бірден қайтарып тастады. Дегенмен, үлкен ұлымен түйедей құрдастығымды ескерді ме, әлде, Тараздан келген жолыма қарады ма, әйтеуір аз-маз әңгімелесуге пейіл танытты.
–1965 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылында дүниеге келдім. 1982 жылы он жылдық мектепті тәмәмдап, Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түстім. 1983 жылы екінші курста әскерге шақырылдық. Сөйтіп 1985 жылы әскери борышымызды аман-есен өтеп қайттық. 1986 жылы оқуымды үшінші курстан бастап қайтадан жалғастырдым. Біздің кезімізде институт АЗВИ деп аталатын. 1986 жылғы жағдайға байланысты оқудан шығарылғандардың бірімін. Институтқа 1988 жылы қайтадан қабылдандым. Ақыры, 1992 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зоотехникалық факультетін бітіріп шықтым. Жұбайым екеуміздің төрт ұлымыз бар. Бәрі де жоғары оқу орнын бітірді. Кенжеміз қазіргі кезде әскери борышын өтеп жатыр. Тұңғышымыз энергетика саласында жұмыс істейді. Қалғандарымыз осы отбасылық кәсіппен айналысамыз. Мына жол бойындағы шағын маркет пен дәмхана өзіміздікі. Мал шаруашылығым да бар. Енді біреуден ілгері, біреуден кем дегендей өмір сүріп жатырмыз.
–Желтоқсан қақтығысында алаңға барыпсыз. Қалай бардыңыз, не үшін бардыңыз?
–Колбинды тағайындап [Қазақстан басшылығына], Қонаевты алып тастады ғой. Өзіміз тұратын №6 жатақханада саяси әңгімелер қыж-қыж қайнап кетті. Әр тұста «басшымыз неге қазақ болмайды?» деген сұрақ ашық қойылып жатты. «Қазақстанды қазақ басқарсын» деген пікірлер айтылып жатты. Одан кейін «алаңға шығайық» деген бастама көтерілді. Бұл сөздер жастар арасында желдей есіп тұрды. Біреу айтқызды ма, әлде, әркім өзі айтты ма, ол кезде ол жағын айыру қиын еді. Бірімізге біріміз еріп алаңға шықтық. Төбелес шығару, төңкеріс ұйымдастыру ойда болған емес. Алаңда екі күн жүріп, үшінші күні милицияға ұсталдық. Бірінші күні жай ғана барып қайтқанбыз. Бізге 17 желтоқсан күні сағат 18:00 шамаларында өрт сөндіру техникаларымен су шашты. Арандату ғой. О кезде түсінбеппіз. Қазір ойласам біраз нәрселері түсінікті. Қыздарды да аямай ұрды. Одан кейін біз қалай қарап тұрайық? Милиция жасақтарымен төбелесе кеттік. Аязда үстіміз суға малынып, жаурап тұрсақ та орнымыздан кетпедік. Айналып келгенде қазақтың намысын қорғадық деп түсіндік.
–Қарулы қақтығыс қалай басталды? Кім бастады?
–Жаңа айттым ғой, бәрі арандатудан басталды. Әйтпесе, төбелес шығарып, үкімет үйін басып алатын ой болған емес. Алдымен аязды күнде суық су шашты. Артынан қыздарды ұрып тепкілей бастады. Ондай жағдайда кім қарап тұрсын!?. Төбелес басталып кетті.
Шамамыз келгенше оларды ұрып-соғып жатырмыз. Бірақ, қарулы жасаққа жалаң қолмен қалай төтеп бересің? Жігіттер шамалары жеткенше қыздарды құтқарғысы келді. Одан кейін милициялар бізді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қайта қазақ милицияларының жаны ашып, бізді қайтадан шығарды. Жалпы өзімді қазақ милициялары ұрған жоқ. Көздерінен сол кездегі саясат пен әрекеттерге қарсы екендері білініп тұр. Біздей жастарға жандары ашып тұрғанын көрдім. Бірақ, олар ойын ашық айта алмайды ғой. Кейбір достарыма «сендерді біз көрмедік» деп жібере салғандары да болды. Бәрімізді арнайы тіркеуге алды. Бізді КГБ (Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті) шақырып, олар да тергеді. Соның ішінде Серік Бурханов деген қазақ майоры есімде қалды. Орысша мектептен тәрбие алғаны білініп тұрды. Бізге жаны ашып, түсініктемені өз пайдамызға ыңғайлап толтыруға жеке өзі көмектесті. Оның сол жақсылығын ешқашан ұмытпаспын. Қазір қайда екенін білмеймін. Жастарға аяушылық танытқан құзырлы мекеменің қызметкерлерін кейін жұмыстан да шығарып жіберген. Ал алаңда басыма соққы тиіп, мына шүйдем жарылған. Екі-үш айдай басымды алты жерден тіктіріп, төсек тартып қалдым. Ауруханаға да бармай, ауылға да қайта алмай жүрдік қой. Үш ай жасырындым. Басымның арты тыртық. Іштен де жарақат алғанмын. Міне, мынау соның тыртығы. Үшкір бір нәрсені тығып алған. Осындай жағдай басымыздан өтті. Ауруханаға барсақ, бізді қайтадан тергей беретін.
–Билікте әлі де ықпалын сақтап отырған кейбір тұлғаларымыз алаңда болғандарын айтады. Жастарды райынан қайтаруға үгіт-насихат жасағанбыз дейді. Сондай тұлғаларды көрдіңіз бе?
–Өз басым ондайларды кездестірмедім. Бірақ, алаңға шығардың алдында Жазушылар Одағына бір топ жастар болып бардық. Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, т.б. жазушы-журналистердің аттарын атап, айқайлап шақырдық. Алдымызға ешқайсысы да шыққан жоқ. Бәрі қорықты. Енді коммунистік партияның мүшелері ғой. Екі-үш сағат айналшықтап қайтадан алаңға бардық.
Қазір бәрі өздерінше айта береді. «Жау кеткен соң қылышын боққа шаптың» сиқы. Жазушылардың жастарға қолдау көрсетулерін сұрағанбыз. Ол кезде Әбіш Кекілбаев та тірі. Бәрі «жұмысымыздан айырылып қаламыз» деп қорқып отырды. Егемендік алғаннан кейін жазушылар Желтоқсанды бұрқыратып жазды. Арасында кейбіреулері «жастар нашақор» дегенге де қолдарын қойған. Ермек Серкебаев жастар «нашақор» деп қол қойғандардың бірі. Біз маскүнем немесе нашақор болсақ, осы уақытқа дейін өліп қалатын едік. Оқудан шығарып, ешбір жер жұмысқа алмады. Ұлтқа күйе жақты ғой. Керек кезінде жазбаған соң, қазір қажеті бар ма? Ұйымайтын айран ұйымайды. Кімнің кім екенін ішіміз біледі. Бастапқы жылдары Хасен Қожахмет желтоқсаншыларды ақтауға білек-сыбана кіріскендердің бірі. Мен сол кісінің қасында көп жүрдім. Желтоқсан мәселесін негізі көтерген осы ағамыз. Қазір көбісі өтірік ұлтшылдар. Мұхтар Шахановтың өзіне марқұм Арон Атабек әйгілі баяндамасын дайындап берген. Оны Мұхтар Шаханов тек өзі ғана жасағандай болды.
–Ал мына суреттегі жігіттерді танисыз ба?
–Бұл АЗВИ-дің (институттың) жігіттері. Мұрат, Жанболат т.б. студенттер тұр. Біз алаңда қазақтың тілі мен намысын қорғадық. Олар айдаладағы Колбинді әкеліп, қазақтармен мүлдем санаспады. Колбинге қарсы шығарған да сол кездегі саясаттың нәтижесі. Мәселен, Алматыдағы студенттік шағымызда бізді қазақша сөйлегеніміз үшін шеттететін. Қоғамдық орындарда орысша сөйлеуді талап ететін. Қорлық па? Қорлық! Жұмысқа алмайтын, қалада тұруға прописканы ешкім бермейтін. Әсіресе, автобустарда орыстар бізге қатты тиісті. Соған ызамыз қайнап жүрді ғой. Осының барлығы Желтоқсанда жиналып келіп бұрқ етті. Алматыда ол кезде №12 бір ғана қазақ мектебі болған. Орысша оқығандар өздерін айда жүргендей сезінетін. Тура бір Марс пен Юпитерді бағындырған ғарышкерлер секілді. Орыс тіліне қарсылығым жоқ. Бірақ, сол кездің басшылары бір тілді кемсітіп, екіншісін асқақтатпау керек еді.
– «Тәуелсіздігімізге 30 жыл өтсе де, желтоқсан оқиғасы әлі де толық ашылған жоқ» деген пікір бар. Бұның себебі неде?
– Бұл империялық саясат әлі де ықпалды, соның әсері. Қазақстан халқын екі тілді топқа бөліп, біріктірмей отыр. Қазіргі басшылар бәрін қазақ тілді еткісі келсе, орыстардан қорқады. Бәрін орысша қылдырайын десе, өз қазақтарынан қорқады.
–Желтоқсан оқиғасы жақындар сәтте марапат, құттықтау қаптап кетеді. Сізге де бұйырып жатқан шығар?
–Құдайға шүкір, осы күнге дейін бірде бір марапат немесе медаль алған емеспін. Өз тірлігім өзіме жетеді. Соған шүкіршілік етемін.
–16 желтоқсан жақындаған сайын қандай сезімде боласыз?
–Өзім желтоқсанды тәуелсіздік күні деп сезінбеймін. Ол кезде басымызға таяқ тиген. «Жеңілген күреске тоймайды» дейді ғой. Қайтадан қаным қайнап отырады. Бір жағынан таяқ жеген қазақ жастары. Ал, мыналар болса тәуелсіздікті тойлап жатады. Тәуелсіздікке басқа күн жетпей қалғандай, 16 желтоқсанға әкеліп тыққаны несі? Желтоқсан боздақтарын еске алатын күн қылудың орнына, бұлар қазір той-томалаққа айналдырып жіберген. Біздер қайғырып жатсақ, басқалары билеп жатады. 1991 жылдың тамыз айында егемендік алғанбыз. Тарих бәрін де өз орнына келтіреді. Қазіргі негізі жастар ақиқатты біледі. Желтоқсан егемендік пен жаңа жылдың көлеңкесінде жылда қалып қояды. Өзім тәуелсіздік деп қуанбаймын. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген заман. Ұл мен қыздарды аямай итке талатқан. Бізді намыс жібермеді. Көптеген қазақ балалары әбден азабын тартты ғой. Жандарбек Жамалбек, Шәріп Саурықов достарым да әбден қиналды. Бүгінде Жандарбек досым 16 желтоқсан жақындаған сайын хабарласып, сол бір заманды еске түсіреміз. Келешекте 16 желтоқсанды тәуелсіздік күнінен алып тастайды деген ойдамын. Жоқтығымызды жоқтайтын күн болсын. 365 күннің ішінен, басқа бір күніміз тура бір тәуелсіздікке табылмай қалғандай. Бір жағынан басшылар қорқады. Өзіміздің желтоқсандағы суреттерімізді Америкадағы қазақ жастары алып жүр. Олар не үшін алады? «Ағаларымыз империя саясатына қарсы шыққан» деп әрқашан мақтан етеді деген ойдамын.
–Осы уақытқа дейін ешбір жерде сұхбат бермепсіз. Бұның қандай да бір себебі барма?
– Желтоқсанға мен ғана қатысқан жоқпын ғой. Алаңға 10-15 мыңдай қазақ жастары шықты. Жастар біреудің асына барған жоқ. Д. Қонаевты қорғау үшін емес, қазақтың тілі мен намысын қорғауға барды. Ал енді соны міндетсініп, сұхбат беруіміз керек пе?
–Советтік билік пен қазіргі дербес билігіміздің айырмашылығы барма? Жастық шақтарыңыз компартияның уағында өтті ғой.
–Ешқандай да айырмашылығы жоқ. Тек аттары өзгерген. Компартиядан қазір қандай партияға аусықанын бәріміз білеміз. Көбісі жылпос болып кеткен. Қай жерде ақша - билікте сонда. Билік ақшаға құрылған соң, парақорлық өршіп тұр. Дініміздің де оңып тұрғаны шамалы. Әртүрлі ағымдар қаптап кетті. Қазақты жіліктеп жатыр. Брежнев басқарған жүйеден қатты бір айырмашылық жоқ...
(Оң жақтағы Ербол Жүнісбайұлы)
Әңгімеміз дәл осы жерге келгенде үйге бір топ қонақтар кіріп келді. Сонымен, абыр-сабыр басталып кеткен соң, сұхбатымызды аяқтауға тура келді.
Әңгімемізді бөлген қонақтар Түркістан облысы Түлкібас ауданының еркін күрес бөлімінің аға жаттықтырушысы Бақытжан Рашев және еркін күрес жаттықтырушысы Бауыржан Құласбековтер екен.
«Ерекеңнің Желтоқсан оқиғасына қатысқанын жақсы білемін. Өзім суретін тауып «мынау сіз ғой» деп қызық болған. Ағамыздың бізге жасаған жақсылығы өте көп. Үлкен дәрежедегі жарыстарға балаларды апаруға көмектеседі. Бауыржан екеумізге балаларды сборныйға дайындау үшін жеке жалақыны да төлеген. 90-жылдары елде жұмыс болмай, жалақы уақытылы берілмеген тұста көп жәрдем қылды. Әлі де өз көмегін аямайды. Көзінше мақтағандай болмайық! Расымен қолы асыл жігіт. Ауылдағы кәсібі тоқтап, қазір осы Жамбыл облысында ғой.
Бәріміз ауданның құрметті азаматы болуға ұсыныста бердік. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Ербол ағамыз қалып кетпесін» дегенбіз. Қазіргі жүйені білесіз. Бір-екі сылтауын айта салады. Қанша рет Түлкібас ауданының әкімшілігіне жаздық, біреуі де көңіл бөлген емес. Нағыз халыққа еңбегі сіңген азаматтарға атақ берілу керек. Турасын айтар болсақ, басшыларға жақпайтын заман. Ербол мырзаға үлкен рахмет, бұл кісіге артық әңгіме жоқ! Түлкібастағы «Көкірек ата» мешітіне демеушілік жасаған. Қазіргі мүфти еңбек жолын сол мешіттен бастаған ғой»,- деді Бақытжан Рашев.
Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ