2020 жылы үй бағасы өспейді

Malim Админ

  • 03.02.2020

«Үй болмай күй болмайды» дейтін сөз қашан шықты екен? Сонау Совет одағы кезінде ауылдан келген қазақтар, тіпті, жалдауға пәтер таппай кеткенде шығарған шығар, сірә. Әйтпесе, төрт түліктің соңынан көшіп жүрген байырғы көшпенді қазақ үшін үй мәселесі қиындық туғызыпты дегенді естімеппіз. Әрине, «жыртық үйдің құдайы бар» деп алқам-салқам үйде қысты күні дірдек қағып жатса жатқан-ақ шығар, әйтеуір үйсіз болған емес. Ал, қазір ше? Қазіргі таңда үй мәселесі біршама реттелгендей болғанмен, әлі де мәселе аз емес. Қараңыз, баяғыда  пәтер табу қиын емес, дегенмен, оның төлемі айлығы шайлығына жетпей жүрген көпшілік үшін оңай тимейтіні анық. Әсіресе, қаланың шетіндегі қуықтай «времянкаларда» қысылысып (оның өзін жалдап) тұрып жатқан жұртты көргенде көңілің түсіп-ақ кетеді. Әрине, олар да қарап жатқан жоқ, шамасы келгенше «өз үйі – өлең төсегі» болуын армандап, сығымдап болса да ақша жинап жатыр. Дегенмен, қысқа жіп күрмеуге қашан келіп еді, үйге жететін ақша жинап үлгерем дегенше қаншама жыл сырғып өте шығады...

Міне, осы мәселеге келгенде, әсіресе соңғы жылдары қолға мықтап алына бастаған мемлекеттік бағдарламалар арқылы арзандатылған несиемен берілетін пәтер көп қазаққа үміт сыйлағаны жасырын емес. Алғашында алаяқтарға алданудан аузы күйген жұрт бұл тарапқа қорқа-қорқа көз салатын болса, қазіргі уақытта жинақ банкте үй үшін деп жинап жатқан ақшасы бар «пәтершілерді» жиі ұшыратасыз. Бұрынғыдай жай ғана кезекке тұрып қойып, оның жылжымай жатқанына шағынумен уақыт өткізбей, өз күшімен үй алуға тырысып жүр. Бірақ, мемлекеттік бағдарламалардың бәрі қалтасы таяз жұрт үшін қолжетімді ме? Басты мәселенің бірі осы. Енді үйге деп ақша жинай бастағанда үйдің бағасы қымбаттап, нарық өзгеріп, теңге құнсызданып дегендей, пәтердің ауылы алыстап кетпей ме? Ең негізгі проблема осы. Айталық, сіз бәлен жыл бойы ауыздан жырып жүріп ақша жинадыңыз, ол мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей аздаған пайызбен өсіп те жатыр. Бірақ, сөйтіп жүргенде үй бағасы өсіп кетсе не болады? Жалпы, нарықтағы өзгерістер, құрылыс тауарларының қымбаттауы тұрғын үй бағасына қаншалықты әсер етеді? Осы жайды бір  зерделеп көрсек. Бұрын қалай болды, енді қалай болады?

Алдымен, былтырдан бергі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жасалып жатқан жеңілдіктер мен көрсетіліп жатқан қолдаулар жайына тоқтала кетпей болмайды. «Өзі пәтерде жүрсе үй сатып алуға ақшаны қалай жинайды?» Былтыр көптеген отбасылардың құлағына майдай жаққан сөз осы шығар. Қазақстандағы үш мегаполис – Алматы, Шымкент және Елордада тұратын тұрғындарға берілген осы мүмкіндік бір жыл ішінде біраз «квартиранттарды» уақытша баспанамен қамтамасыз етті де. Оны көрген өзге жұртта да, әрине, үміт оты оянады. Тіпті, құжатын өткізіп қойып, кезегім қашан келеді деп отырғандар да аз емес. Мұндай  үйлердің кһлемі, әрине, шағындау келеді. Десе де, ешкім келіп үйіңнің тазалығын тексеріп, ай сайын қалтаңның түбін қағып кетпейді. Оның үстіне, ешкімді «хозяин» деп атамай, еркін жүрудің өзі бір бақыт қой. Уақытша болса да өз үйің. Және, ары қарай өз атыңа заңдастырып алуыңа болады. Болмаса, бес жыл ішінде басқа үй алатын ақша жинап үлгересің. Осының өзі дәтке қуат. Әйтпесе, тұратын үй ғана емес, тіркелетін жер табудың өзі мұң болғаны күні кеше ғана.

Ал, енді осылай, үмітпен күнелтіп жүрген ел  2020 жылдан не күтеді? Сарапшылардың ортақ пікірі – жалпы нарықтағы өзгерістер үй бағасына соншалық әсер етпейді дегенге саяды. 2019 жылдың көрсеткішіне назар салсақ, отандық құрылыс тауарлары аса бір қымбаттамағанмен, сырттан алатын құрылыс заттарының бағасы әлдеқайда өсіпті. Үй саудасы да әжептеуір қызды. Мысалы, 2019 жылы үй саудасы өткен жылғыдан 21 пайызға артып, жалпы саны 320 мыңнан астам үй саудаланған. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы көш бастап тұр. Халық ең тығыз орналасқан ең үлкен мегаполис пен оның айналасында үйдің жиі сатылатынын айтпайақ түсінуге болады. Қала бойынша 35,2 пайыз, ал,  облыс бойынша 33,2 пайызға өскен. Сауда қызған жерде бағаның өсе түсетіні айтпаса да түсінікті, дегенмен, мемлекеттік бағдардамалар арқылы салынған үйлер алғаш бекітілген бағасынан көп өзгерген жоқ. Бұрғын үй нарығындағы баға тұрақты болды деуге болады. Үй бағасы анау айтқандай өспегенмен, оны салу жұмыстары біраз қымбаттапты. Оған басты себеп болған – импортты тауарлардың бағасының өсуі. Стаистикалық комитеттің дерегі бойынша былтыр сырттан әкелінетін ұрылыстық тауарлардың құны 8 пайызға жуық өскен. Оған басты себеп 2018-2019 жылдар ішіндегі доллар бағасының қымбаттауы. 2019 жылдың соңындағы орташа көрсеткіш 385 теңге шамасында тұрды. Ал, 2018 жылы ғана доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 320 көлемінде болған. Доллардың өсуі, әрине, импортқа әсер етпей болмайды. Ал, былтыр жыл соңына қарай доллар бағасы тұрақталғанын есепке алсақ, және, биыл да осы деңгейден көп өспейді деп шамаласақ, импортты тауарлар құнында көп өзгеріс бола қоймайды. Доллар 370-тен 385-ке өскен 2019 жылдың өзінде отандық құрылыс заттары соншалық өзгермепті. Тіпті, бұрынғыдан арзандай түскен де бауар түрлері жоқ емес. Мәселен, әк пен бетон сияқты өнімдердің өсімі 0,8 пайызды құраса, арматура, сым секілді тауарлар 0,9 пайызға дейін арзандапты.

Үй саудасы қызып тұрған Алматы қаласы мен Алматы облысында үй бағасының қымбат болатыны түсінікті. Бір қызығы, үй саудасы бойынша Қызылорда облысы да көшбасшылар қатарына қосылып отыр. Бұл өңірде алдыңғы жылмен салыстырғанда 34 пайызға ұлғайыпты. Ал, қалған облыстарда өсу деңгейлес деуге болады – 20-25 пайыз шамасында. Баспана саудасы бойынша соңғы орында тұрған үш облыс – Қостанай, Ақтөбе, Ақмола облыстары – 10-20 пайыздық көрсеткішті құраса, Елордада үй саудасы бар болғаны 9 пайызға артқан. Ал, Маңғыстау облысында ешқандай өзгеріс жоқ екен. Демек, биыл жоғарыда аталған екі өңірді айтпағанда, негізінен көптеген өңірлерде былтырғы баға сақталады деген сөз. Бірақ, үй саудасы қызып тұрған өңірлерде пәтер бағасы қаншалықты өспек? 2019 жылы соншалық өсімге қарамастан жалпы баға көрсеткіші орташа есеппен 6 пайыз төңірегінде өскен. Бұл көрсеткіш ең көп үй сатылған Алматы қаласына да тиесілі. Демек, үй саудасы нарығындағы өзгерістер бағаға соншалық әсер ете қоймайды. Дегенмен, құрылыс заттары мен құрылыс жұмыстарының қымбаттауы есебінен аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені, былтыр ескі үйлерден (қайталма нарықтағы үйлер) гөрі жаңа салынған үйлердің бағасы көбірек өскен. Осыдан да болар, ипотека арқылы үй алушылардың көрсеткіші 3 пайызға азайған. Демек, екінші деңгейлі банктер де, мемлекеттік бағдарламалар да пайыздық үстемені былтырғыдан азайтпаса көбейтпейді. Және, қосымша әлеуметтік көмектердің жалғаса беретінін ескерсек, ипотекалық үйлерге сұраныс өсе түседі деп болжауға болады. Өйткені, көптеген отбасылар уақытша пәтерге көшкен соң, төлем қабілеті арта түседі де, салымды көбейтеді деп күтілуде.

Қысқасы, үй бағасы мемлекеттік бағдарламалар әсерінен де, нарықтағы сауда есебінен де соншалық өсе қоймайды. Мемлекеттік бағдарламалар, негізінен, аз қамтылған отбасыларға, жекелеген топтарға арналғандықтан, жалпы нарықтағы үйдің бағасы сақталады деуге болады. Оның үстіне, салымшылардың дені жастар немесе төлем қабілеті төмен отбасылар болғандықтан, үй бағасын қадағалау мемлекеттік бағдарламалар үшін де негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Биыл бірқатар азаматтарға зейнетақы қорының бір бөлігін тұрғын үй үшін пайдалануға мүмкіндік беретіндей болып жатса, үй бағасының аса өзгермейтінін ескерсек, қоныс тойын тойлайтын отбасылардың саны арта түсетін шығар деп үміттенеміз.