Ішімдік – жүйке уы

  • 19.02.2020
  • Malim Админ

Ішімдіктің адам ағзасына, өміріне зияны туралы айтып тауысу мүмкін емес шығар. Денсаулығын айтпаған күннің өзінде ішімдікке әуес адам қоғамда да өз орнын жоғалтады. Отбасының жылуынан, қызметінің берекесінен, ел алдындағы абыройынан айырылады. Ал дені ауруға шалдығады.

Ішімдікке құмар адам түрлі ауруларға төтеп бере алмайтын жағдайға жетеді.  Жыныс органдары әлсіреп, келе-келе арақ-шарап еркекті белсіздікке апарып соқтырады. Өкінішке орай, белсіздіктің арақтан болатынын не ері, не әйелі біле бермейді.

Ішімдік – жүйке уы. Организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, орталық жүйке жүйесін улап, қоректену процесін бұзады.
Үнемі ішкілікке салынған адамның спермотозоидтары (ұрық клеткалары) азайып, олардың тұлғасы (формасы) өзгереді. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісікті сырқаттар себепкер болады екен.
Ал көлік жүргізетін адамдар ішімдіктің салдарынан жол апатына ұшырып, өмірлеріне балта шауып жатады. Ажалдары да содан келетіндері аз емес. Биыл мас күйде көлік жүргізетіндерге қолданатын қатал заң бекітілді. Қазақстанда жыл сайын 30 мыңнан аса мас күйде көлік жүргізу деректері анықталып жатады. Мас күйде көлік айдаудың себебінен 2019 жылы 1000-нан аса адам жарақат алып, қаза тапқан.

Енді мас күйде көлік жүргізген қазақстандықтар 10 жылға бас бостандығынан, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов өткен жылдың соңында: «Мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жаңа бап енгіземіз. Бұл татуласу мүмкіндігі болмайтын, ауыр қылмыс түріне жатады. Егер бүгінде мас күйінде көлік жүргізу құқығынан екі жылға дейін айыру және 40 тәулікке дейін қамауға алуды көздесе, енді олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

10 жылға бас бостандығынан айыру – бұл азаматтың көлік апатынан қайтыс болуы кезінде осы бап бойынша ең жоғарғы жаза. Олар жеті жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін» деген болатын.

Алматы облысында биылдың өзінде 128 адам масаң күйде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Оларға нақты қандай жаза қолданғаны белгісіз. Бірақ әбден заңсыздыққа бой үйреткен азаматтар қандай қатаң заң шықса да, тыйылар емес.

Кейбір азаматтар қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде де ішімдік пайдаланып, заң бұзып жатады. Нұр-Сұлтан стансасындағы желілік полиция басқармасына «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызының 26 жастағы жолсерігі шағымданып барған. Оның айтуынша, аталған пойыздың жүру жолында 9 адам алкогольді ішімдік ішіп, айғайлап сөйлесіп, жолаушылардың мазасын алған, сөйтіп қоғамдық тәртіпті бұзған. «Құқық бұзушылар жолсеріктің ескертуіне дөрекі жауап беріп, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтқан. Сөйтіп, қатты қорыққан жолсерік әйел қызметтік купеге тығылып, пойыз бастығы мен полицейлерді шақыруға мәжбүр болған. Тіпті, олар келіп жеткен көлік полицейлерінің де жағасына жармасып, билік өкілдеріне күш көрсеткен» делінген хабарламада. Пойыз елордаға келгеннен кейін құқық бұзушылар пойыздан түсіріліп, Нұр-Сұлтан стансасындағы желілік полицияның кезекші бөліміне жеткізілген. Сол жерде аталған тұлғаларға қатысты хаттама толтырылып, Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, ұсталған азаматтардың алкогольдік ішімдік ішкені анықталған. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында алты мыңға жуық адам маскүнем ретінде наркологиялық орталықта есепте тұр екен. Бұл адам шошырлық жағдай. Солтүстік Қазақстан облысы психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде спирттік ішімдіктерге әуес 5 675 адам тіркеуде тұр. 2018 жылмен салыстырғанда 100 шақты адамға аз екен.

«2019 жылы орталықта 5 675 адам есепте тұрса, 2018 жылы 5 768 адам болатын. Біздің тіркеуден бірқатар талаптар орындалған жағдайда ғана алынады. Ол үшін пациентіміз ай сайын психиатр-наркологқа қаралуы тиіс. Спирттік ішімдіктен бас тартып, емін жалғастыруы керек. Сондай-ақ психологиялық көмек те алуы қажет», - дейді облыстық Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Елена Шарабар.

Қазір орталықта 5 мыңнан астам адам есепте тұрса, соның мыңнан астамы – әйелдер. Араларында бала да бар. 24 жасөспірім наркологтың бақылауына алынған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды екен.

Алкогольдің өсер ұрпақ үшін зор зияны бары ертеден-ақ белгілі болған. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмеген. Өйткені осы жаста дүниеге ұрпақ әкелу құбылысының қарқынды жүретін уақыты. Көне Грекияда да 18 жасқа дейінгілерге «ащы су» ішуге тосқауыл қойған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар екен. Бұл адам баласының ішімдіктің зиянын білетінін, түсінетін көрсетеді. Бірақ нәпсі алдында – адам әлсіз.

Әрбір ішімдікке құмар адамның артында отбасы тұр. Жауапкершілік бар. Тіпті, салынып ішпейтін, анда-санда бір ішем дейтін адамның өзі сол бір ішкенінде ауруға, я басқа пәлеге душар болмасына кім кепіл. Елімізде ішімдіке қарсы күресетін ұйымдар. Дін уағыздаушылары да арақ-шараптың зиянын көп айтады. Саналы түрде осыдан бас тартатын уақыт біртіндеп жақындап келе жатқандай. Қазір бұрынғы тоқсаныншы жылдардағыдай көше кезіп, мас болып жүру жоқ.

Дегенмен статистика шошытарлық. Былтырғы анықтама бойынша 20 00 адам нашақорлыққа тәуелді болса, 100 мың адам ішімдікке тәуелді екені белгілі болған. Осынша адамның артында қанша тағдыр тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Дегенмен мамандар жылдан жылға бұл адам жиіркенер сан азайып келе жатқанын айтады.

«Спирт — ерігіш болғандықтан ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт жүйке клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылып, рухани ауыр халге ұшырайды», – дейді мамандар.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың үштен екісі және балалардағы қатігездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігіне байланысты екен. Қылмыстың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайтын көрінеді.

Өз болашағымызды қолдан шығарып алудан сақтасын.

Байланысты жаналықтар

Жаркент әжетханаға айналды

18.06.2020

Қордайда COVID вакцинасы зауыты салып жатыр

08.01.2021

Марихуана құны – құрдым

27.07.2020

Дархан Қыдырәлі: Ашаршылық құрбандарын еске алатын арнайы «алапат қасірет» күні белгіленсе...

04.06.2020

Киік мүйізін «кәсіпке» айналдырғандар ұсталды

02.03.2020

Цойдың министрлігі қатесін мойындады

19.05.2021