Министр Аймағамбетов ата-аналарға ескерту жасады

  • 03.02.2020
  • Malim Админ

Министр Аймағамбетов ата-аналарға ескерту жасады

Мектептердегі бөлім үшін жиынтықты бағалау (БЖБ) мен тоқсан үшін жиынтықты бағалауға (ТЖБ) қарсы ата-аналар онлайн петицияға қол қойды. Алайда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оларға ескерту жасап, жаңа білім беру бағдарламасына ден қойып, оқушылардың білім деңгейіне көңіл бөлу керектігін айтты.

БЖБ мен ТЖБ-ға қарсы петицияға change.org порталында қол қойған ата-аналардың саны 25 мыңнан асты. Бірақ білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептер жаңартылған білім беру бағдарламасына көшкендіктен, БЖБ мен ТЖБ енгізілді дейді.

Министр Аймағамбетов білім беру жүйесінің алдында бірқатар мәселе тұр дейді. Оның бірі  – "болжап білу қиын, тұрақсыздық пен белгісіздікке толы қазіргі әлемде табысты болу үшін, жетістікке жету үшін оқушы қандай білім алуы қажет, қандай нәрсеге дайын болғаны жөн?" деген сұрақ. Расында да,  PISA және TІMSS екі халықаралық зерттеуінде Қазақстан нашар көрсеткіш көрсеткен елдердің қатарынан табылды. Бұған оқушылардың білім таяздғы себеп болды ма, әлде оқу бағдарламасы кемшін бе? Бір жағынан білім саласына кезінде жүргізілген зерттеулер білім бағдарламасы өмірдегі тәжірибемен қабыспай жатады деген қорытынды жасаған. Мәелен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы орта білім саласына зерттеу жүргізгенде «Орта мектеп бағдарламасы шектен тыс кең. Өмірде қажетті тәжірибемен қабыспайды: басым көпшілігінде академиялық және теориялық сипатқа ие. Қазақстандағы орта білім беру жоғары деңгейдегі ақыл-ой дағдыларын дамытуға септеспейді» деген қорытындыға келген. Сондықтан жаңа білім бағдарламасына көшкенде осы кемшіліктердің барлығы назарға алынды. Сөйтіп, бес балдық білім жүйесінен БЖБ мен ТЖБ-ға көшкенде министрлік осындай зерттеулерді негізге алды.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары Қазақстан үкіметіне орта білім берудің ағымдағы оқу бағдарламасын толығымен қайта қарау жайлы  ұсыныс жасады. Біз теорияға басы артық екпін түсіруден арылуға және оқушыны алған білімін тәжірибеде, іс жүзінде қолдануға үйретуге тиіспіз. Зерттеу көрсеткендей, біздің оқушылар негізінен күрделі мәтіндерді түсінбейді, одан басты ақпаратты бөліп алуды білмейді, өз көзқарасын негіздеуде және талдауда қиналады», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Білімді тәжірибе жүзінде қолдану егеннен шығады, халықаралық сарапшылардың айтуынша, еліміздің оқушылары эксперименттерді жүргізе алмайды. Сөйтіп, теорияны өмірде қалай пайдаланатынын білмейді. Теориялық біліммен шектеліп қалатын білім бағдарламасын министрліктің өзгерткені содан көрінеді.

"Білім беру бағдарламасын жаңартудамыз. Оқыту әдістерін, бағдарламалар мазмұнын және құрылымын қайта қарап жатырмыз. Дәл осы жаңарған білім беруге көшуімізге байланысты БЖБ мен ТЖБ білім жүйесіне енгізілді. 5 балдық бағалау жүйесі әбден ескірді және білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстарына сәйкес келмейді. Ал жаңа бағалау жүйесі Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық мектептердің тәжірибесіне негізделді», – дейді білім және ғылым министрі.

Министрдің айтуына, БЖБ мен ТЖБ оқушының білімін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Оның үстіне шәкірттің білім деңгейін анық көрсетеді. Тағы бір артықшығы, бағалау оқушы үшін де, ата-ана үшін де, оқушының өзі үшін де ашық, транспарентті.  «БЖБ мен ТЖБ-ны жоюды орынсыз деп санаймын. Себебі, осындай бағалау жаңарған оқу бағдарламасының негізі», – деді Асхат Аймағамбетов.

БЖБ мен ТЖБ енгізілгелі сабаққа қатыспайын балалар сабаққа күнделікті брып жүретін оқушылармен бірдей білім деңгейін көрсетіп жүр деген уәждер айтылды. Расында да, сабаққа қатыспайтын бала ТЖБ мен БЖБ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін. Алайда министрдің айтуынша, бұл мәселе ең алдымен мектептің құзыретінде болуы тиіс. Былайша айтқанда, сабақтан себепсіз қалған ата-аналармен сөйлесу, түсіндіру жұмыстарын өткізу - мектептің тікелей міндеті. Дей тұрғанмен министр Аймағамбетов сабақтан жиі себепсіз алатын оқушылардың ата-аналарын жазалауға болатынын ескертті.  «Қолданыстағы «Білім туралы» заңына сәйкес, ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында айқындалған ережелерді орындауға, сонымен қатар балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан ата-аналар дәлелді себепсіз сабақты өткізе бергені үшін тікелей жауапкершілік арқалайтынын еске саламын», – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қазақстанда сабақтан себепсіз қалған оқушының ата-анасын жазалау  жиі қолданылмайды, солай болған соң ба, ата-ана жазаланыпты дегенді көп ести бермейсің. Бірақ Батыс елдерінде бұл жиі қолданылатын тәжірибе. Әлбетте, жазалау дегенде бұл елдер ата-аналарды әкімшілік жауапқа тартпайды, тек айыппұл салады. Мәселен, Ұлыбритания бала себепсіз мектептен қалса, оның ата-анасының әрқайсысы шамамен 60 фунт стерлинг айыппұл салынады. Егер бала мектепте ауырғандықтан бара алмай қалса, дәрігер анықтамасын өткізген жағдайда, ата-ана айыппұлдан босатылады.

Фото: Білім және ғылым министрлігі

 

Байланысты жаналықтар

Әкімдік облыс тұрғындарының Алматыға қашан кіре алатынын хабарлады

11.05.2020

Коронавирустан он сегіз адам жазылды

28.03.2020

Құлпытас қояр-қоймас басымызға...

13.07.2020

Зеленский Саакашвилиға вице-премьерлікті ұсынды

22.04.2020

«Үздік педагог - 2020» байқауы әділ өткен жоқ

04.10.2020

"Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын ЖОО тізімі бекітілді

30.04.2021