Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды

Malim Админ

  • 06.03.2021

Жазушы Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озыпты. Қаралы хабарды журналист Қарагөз Смәділ фейсбук парақшасында жазды.

«Сафуан Шаймерденовтың жары Бағдат апамыздың уақыты келген екен. Иманы жолдас болсын. «Қазақ әдебиетінде» жүргенде апаларыммен көп әңгімелесетін едім. Бағдат апаның әңгімесін ықшамдап осында ұсынайын...» деген журналист Бағдат Шаймерденованың естеліктерімен бөлісті.

***

Әкемнің өте жақын бір жол­да­сының Нақыжан деген бой­жетіп қалған, мінезі ер-азаматқа бергісіз, ақылды бір қызы біздің үйге қо­наққа кеп жатқан тұсы болса керек. Әкем қасына кіл жақ­сы­ларды ертіп, шаруа жайымен ауылдан ұзаққа кеткен тұсында мен шыр етіп дүниеге келем ғой. Шешем тол­ғата бастағаннан-ақ біздің үйге жиналған ауылдың бар қатын-қалашы нәрестенің қыз екенін көрген бойда: «Ойбай, мына па­қыр ­тағы да қыз туыпты», – деп кіндігімді де кеспей, үй-үйлеріне тарап кетіпті. Жеті қыз тапты, ең болмаса біреуі ұл болсашы деген қырлары ғой. Дүниеге жетінші қыз болып келген менің кіндігімді ақырында үйде қонақ­тап жатқан қыз Нақыжан кескен екен. Біз әкемді көкем деуші едік, көкем үйге келгеннен кейін, дү­ниеге қыз келгенін білген соң, қалың әйелдің бірде-біреуі кінді­гімді де кеспей кетіп қалға­нын анам айтып береді. Көкем, әрине, әйелдермен бет жыртысып жатпайды. Сол кездегі Ақмоланың әйгілі базарына жылқы айдап апа­рып, бір жылқының құнын беріп, алтын жалатылған күміс шолпы сатып алып: «Қызымның кіндігін кескен жолың», – деп, Нақыжан апама әлгі шолпыны сыйлаған екен. «Көлұзақ жетінші қызының сүйіншісіне бір жыл­қының құнын беріп күміс шолпы алып кепті» деген жаңалық ауылға лезде тарайды. Сонда кіндігімді кеспей кетіп қалған ауыл әйелдері «сол кіндікті менің кеспегенім-ай» деп өкініпті дейтін. Көкем мені «Жеті қыздың патшасы» деп атады.

***

Біз жетінші класты бітірген жылы «соғыс басталды» деп таратты.

Біздің бала күнімізде Қара­ған­ды – ілім мен білімнің орталығы. Ақмола – шағын кент. Кішкентай кезімізде әлдекім «Қарағандыға барып кепті» десе, Мәскеу асып кел­гендей құрмет көрсететін. Бі­рін­­шіден, ол кездегі өлшеммен жер шалғай. Қарағандыға біздің Нұрадан жол тартсаңыз, екі күн қонып, үшінші күні әрең ілі­гесің. Екінші, соғыс басталған соң, Қарағандыға Ленинград, Мәс­кеудің зиялы қауымы шоғыр­ланды. Соларға арнап Қараған­ды­ның қақ ортасынан жаңа қала тұрғызды. Үйлері – Мәскеуден арнайы әкелген қызыл кірпіштен соғылған. «Қарағанды көрген ғой» деп, өзгенің құрметтейтіні сон­дық­тан...

***

Ақмолада екі мектеп: Жам­­был атындағы қыздар және Ста­лин атындағы ұлдар мектебі. Мен Сталин атындағы мектепке, кілең ұлға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берем. Бір жыл мектепте сабақ берген соң мені, тырнақтай қызды облыстық оқу бөліміне нұсқаушы қылып жібер­ді. Ол кезде «жоқ, мен бармаймын» деп айта алмайсың. Ақ­мола­ның өзі теміржол ғана өтетін кіші қала болғанымен, айналасында ауыл көп. Бастығым біресе ана ауылға, біресе мына ауылға тексеріске жұмсайды. Мен: «Айнабеков ағай барса, сол кісімен бір жүрсем», – деймін қиылып. Жал­ғыз-жарым жүруге қорқасың. Ол кезде 17-18-дегі кезім. Шы­на­шақтай қызды ауыл менсіне ме? Ал Айнабеков ағайды бәрі таниды, сыйлайды. Ол кісі С.Сей­фулл­ин­нің әйелі Гүлбаһрам апайдың ағасы. Оқыған, көпті көрген жан. Ескінің жырын абайлап айтса да, елітіп әкетеді. Сол кісімен ауыл аралап, елдің жайымен, мұғалімнің жағдайымен танысып, түрлі нұс­қау беріп жүрдік.

Бір жылдан кейін мені Алма­тыға оқуға жіберді. Әрине, әкеме жағдайды айттым. Әкем: «Балам, Алматыға барып оқу оқы. Оқысаң – төрге озасың. Оқымасаң – бо­сағада қаласың», – деді. Осылайша Алматыға жол тарттым.

***

Бірінші Алматыдан түстік. Алматының күні күйіп тұр, төбеңді тесіп жібере жаздайды. Бекетте есек арбамен ары-бері қатынайтындар жүк тасып, ақша табады екен. Біздің ауылда түйе, жылқы бар. Есекті бірінші көруім. Қолымыздағы жүгімізді есек ар­баға салып, бірнеше қыз қазіргі бірінші Алматы бекетінен қалаға қарай жаяу аяңдап келеміз. Жолай орыс арбакешке: «Күннің ысты­ғын­да жаяу жүріп шаршадық, әрі шөлдедік. Арбаға кішкене оты­райық­шы», – деп қиыламыз. Алай­да, арбакеш: «Есегім шаршап қалады», – деп отырғызбайды. Осылайша, жаяу-жалпы, бұрынғы Калинин мен Фурманов көшеле­рінің қиылысына келдік. Қазіргі Опера театры ол уақытта да бар, сол театрға қарсы Орталық Ко­ми­тет­тің үйінде немере ағам тұрады екен. Алматыға оқуға кететінім жөнінде шешім қабылданған соң, әкем іздетіп жүріп, ағамның ме­кен-жайын таптырған. «Осы үйге бар да, Көлұзақтың қызы екеніңді айт», – деген. Арбакеш орыс­қа: «Мені осында күте тұрыңыз», – дедім де, үшінші қабатқа шығып кеттім.

***

Бұл үйдің екінші қабатында Мұхтар Әуезов тұрады. Мен баламын ғой. Мұхаң, әрине, мені біл­мей­ді, бірақ ағамды жақсы таниды. Валя жеңгей үйге дүкеннен ананы-мынаны тасып жүргенін көреміз. «Тетя Валя, сізге көмек­тесейін», – деймін қасына жүгіріп барып. «Жарайды, көмектесе ғой», – дейді. Қолындағы жүгін екінші қабатқа дейін көтерісіп барам. Рахметін айтып, қолыма екі-үш кәмпит ұстатады. Қарсы бетте Шара Жиенқұлова тұрады екен. Оқуға келіп жатқан алғашқы уа­қыт қой, жексенбі еді. Асүйдегі жең­гем мені дауыстап шақырды. Барсам: «Ана кісі Шара деген атақ­ты биші, жүрісіне, киіміне қарашы», – деді. Шашын жиырма шақты қылып, ұп-ұсақ етіп өріп алыпты. Үстінде өзбектің шәйі­сінен тігілген көйлек. Үлбіреген жұп-жұқа перделерді кір жайғыш­қа іліп жүр. Қозғалысының өзі – би…

 

Байланысты жаналықтар

«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

10.02.2023

Оразбек Сәрсенбаев: Қалмақан Әбдіқадыровтың әйелі салған әлек

30.10.2022

М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (I)

24.12.2021

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

13.12.2021

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады

07.03.2021

Дидахмет Әшімханұлы. Құдайсыздар

06.03.2021
MalimBlocks
«Мұқанов Қонаевқа қарсы сөйледі». Совет үкіметінде тіл үшін күрес қалай жүрді?

Қазақтың тілі үшін күрестің сонау Патша үкіметі кезінен басталғанын білесіз бе? Оның басында тағы да Алаш арыстары тұр.

Оразбек Сәрсенбаев: Қалмақан Әбдіқадыровтың әйелі салған әлек

Осы шошқаның баласы күйдіріп бітірді... Жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың "Өмірнама" атты күнделігіндегі естеліктер топтамасын жариялауды жалғастырамыз. Бұған дейін қаламгердің Сәбит Мұқанов, Қуандық Шаңғытбаев, Әбіш Кекілбаевпен қарым-қатынасы туралы жазбасын ұсынған едік. Бұл жолы жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың өмірінің соңындағы жағдаяттар қаз қалпында баяндалады.

М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (I)

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

Желтоқсан фотосындағы тұмақ киіп тұрған жігіт бұрын-соңды сұхбат бермепті.  Malim.kz сайтына себебін айтты.

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады

Дидахмет Әшімханұлы. Құдайсыздар